Мәдениет

Қазақ киносындағы Нурикамал бейнесі

«Нурикамал» әнінің тарихын білмейтін адам жан жоқтың қасы. Нурикамал әнінің желісімен Алматы театры, Көкшетау театры  жан тебірентерлік қойылым қойғанынан хабардармыз. Астанада режиссер Ернат Байұзақтың «Нұрикамал» романтикалық драмаға құрылған фильмнің жабық көрсетілімі айрықша леппен, керемет аншлагпен өтті. Киноның көруге келгендердің қарасы қалың болды, арасында зиялы қауым өкілдері, танымал актерлар, журналистер, тележүргізушілер, депутаттар, жастар, бизнес өкілдері көптеп келді.Фильмге демеушілік жасаған кәсіпкер, бас продюсері – кәсіпкер Жандос Божаев.

Жан тебірентер әуезді әннің күллі халықтың көкейіне ұялауында не құдірет бар?! Сыр-сымбатымен композитордың жүрегін дір еткізіп есімі әнге айналған Нурикамал Сейтжанова мәдениет саласында қажырлы еңбек еткен дара тұлға екенін көременнің бірі білсе, бірі білмес. Осынау сазы мен сөзі үндескен табиғаты бөлек әннің шығу тарихын театр сахнасынан басқа стильде, өзгеше сценариймен таныстырған фильм актерларына айрықша респект деуге әбден болады.

Біріншіден, аурасы жаксы фильм болды. Еркіндік, шынайылық сезіледі.

Екіншіден, актерлар рольге жақсы таңдалған, әркім өз рөлінде жақсы ойнап шықты, еркін ойнайды. Үшіншіден, әзіл-қалжыңы да қарапайым, жарасымды.Әр актер өз орнында көрінді. Әрбір сөз, әрбір деталь, мұңды сәттер, толқытқан сәттер орынды қойылған.

– Қазір сатира, юмор бағытындағы кино көп қой, драма жанрындағы жақсы фильм деген ойдамын. Ұлттық менталитетімізді, ұлттық өнерімізді насихаттаған қазақ тіліндегі фильмдердің көбеюі қуантады, отандық ана тіліміздегі картиналарды келіп, қолдайық, отбасындағы тәрбиеге үлгі етіп қосайық,- дейді көрермен болып кинотеатрға келген Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.

Актерлардың сөздері ойлы, адамды сезімге, өнерді бағалауға, жарға құрмет көрсетуге шақырады. «Шабыт кейде қару, кейде ару бейнесінде көрінеді» деген жолдармен басталатын сценарий, Нурикамал бейнесіндегі ару – Фариза Ескерместің көркем образы, композитор Тұрдықылыш Ізтаев рөліндегі Олжас Дәлелханның нанымды, шығармашылық адамына сай образы, Ханбибі ақынды сомдаған Гүлбахрам Байбосынованың ішкі бұлқыныстары, бәріміз де әйелміз ғой, жылап тұрып ақылға келген қадамы, жан дүниесін тырнаған қызғаныш пен қимастық, асыл жарға деген сүйіспеншілік пен құрметі – талай көрерменді жылатты. Әркімнің ішінде көрінбей жүрген, айтылмай жүрген құпия сырларды қозғады… Сөйте тұра ұлт қазынасы – ұлы өнерді бағалауға үйретті. Фильмдегі Фариза ақынның рөліндегі қыздың бейнесі, көрші, лыпылдаған келіншек Венераның кейпі де, жағымсыз адам бейнесіндегі кейіпкерлер де шынайы, нанымды, ұтымды шыққан. Сценарий режиссері Ернат Байұзақ пен сценарий авторы – Қанат Рамазанның еткен еңбегі, төккен тері босқа кетпепті. Астаналық талғампаз көрермен фильмді жақсы бағалады, зал толы көрермен ду қол шапалақпен шығармашылық топ сахнаға көтерілгенде айрықша құрмет көрсетті. Актерлардың ұтымды сәттерін бейнекамераға сәтті түсірген қоюшы оператор – Жанат Өмірәлінің еңбегін де атап өткен дұрыс.

Нурикамалдың өмірдегі құрбысы, досы
Светлана апайдың айтқан естеліктері, шығармашылық топқа алғыс айтуы фильмнен алған әсерді еселей түсті. Нурикамал Сейтжанованың туыс-бауырлары, жақындары да фильмнің тұсаукесеріне қатысып, алғыстарын жаудырды, шығармашылық топқа сый-сыяпаттарын жасацы да жарасымды болды.

– Қуанып та, ойға да кетіп отырмын, айта берсем, жаза берсем ұзақтау болар. Өте қуантарлық жағдай, қойылымға ақ жол тілеймін. Торғайдың ару қызы Нұрикамал апамызға ән де, естеліктер де жазылып жатыр ғой. Бұл фильм де, Нұрекеңе арналған осы аттас әннің жалғасы болар, өзі де жаны да сұлу жанға қойылған тағы да бір алтын діңгек рухани ескерткіш, елдің жүрегінде қалатын өнер туындысына айналады деген сенім бар. Ұзағынан болсын, ағайын! – дейді Нұрғали Мұхит дейтін көрермен.

«Әннің де естісі бар, есері бар…» дегендей, фильмнің де естісі бар, есері бар деп айтар едік соңғы кездері нешетүрлі сатира бағытындағы ойсыз, ыржақай фильмдерді көріп отырып. Ал, «Нурикамал» фильмі, Нурикамал әні – қазақ қызына, қазақ өнеріне қойылған ескерткіш, ғажап туынды дер едік. Сахна төрінде ойлы, ғұмырлы дүниелер көбейе берсін, жалғасты болсын деп тілейміз.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button