Астанада ауа райы қолайсыз боп тұр
Астанада кешеден бері ауа райы қолайсыз боп тұр, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
6 қарашадан бері елордада қатты жел соғып, жаңбыр жауып қала тұрғындарын әбігерге салды. Түнде қар жауып, жел күшейе түсті.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 7 қарашада Астанада қар, көктайғақ және боран болды. Синоптиктердің оңтүстік-батыстан 23-28 м/с, кейде 30 м/с дейін жел соғады деп болжағаны дәл келді.
Әлеуметтік желілерде түс мезетінде тараған видеолардан қарасақ, кейбір ғимараттардың шатыры, қабырғалары мен қоршаулары құлаған. Төтенше қызмет өкілдері келіп түскен хабарларға жедел ден қойып, тұрақты рейдтер жүргізуде.
«Оқиға орныдарына аудандық төтенше жағдайлар инспекторлары шықты. Олар ауа райының қолайсыздығынан болған жағдайды растап жатыр. Құлаған бөлшектерді “Астана-Тазалық” жұмысшылары жинастыруда», – деп хабарлады қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.
Әкімдіктің мәліметінше, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
«Таңертең қала көшелерін қардан тазартуға 2000-нан астам жол жұмысшысы мен 750-ге жуық арнайы техника шықты. Бірінші кезекте орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қалада бірнеше жабдықталған қар полигондары бар. Онда самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған», – дейді елорда әкімдігінен.
Білім беру мекемелері онлайн форматқа көшті
Күн райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-7 сыныпқа дейінгі, екінші ауысымның 0-9 сыныпқа дейінгі оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл туралы Астана қаласының Білім басқармасы хабарлады.
Түстен кейін жел екіпіні қатты үдей түсті.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ауа райына байланысты (желдің екпіні 26 м/с дейін) табиғи сипаттағы бір төтенше жағдай кезінде абай болуға шақырды.
«ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығына болған оқиғалар бойынша 19 хабарлама келіп түсті. Оның ішінде: мұнара кранының құлауы-1, шатыр конструкцияларының қирауы – 8, әкімшілік ғимараттардың шатырының қирауы – 2, балкон конструкциясының бұзылуы-1, ғимараттар мен ағаштардың қаптамасының фрагменттерімен автомобильдердің зақымдануы – 6, басқа да зақымдар – 1», – делінген хабарламада.
Төтенше жағдай инспекторлары қатты желден қираған орындарға барып, ахуалды бағалау жұмыстарын жүргізді.
«6-7 қарашада Астана қаласында қатты жел, көктайғақ, боран күтілетіні туралы дауылды ескерту жарияланды. Оңтүстік-батыс жел 15-20 м/с, екпіні 23-28, кейде 30 м/с және одан да қатты болуы ықтимал. 6 қарашада сағат 21-00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты (қатты қар, боран, көрінудің шектелуінен) «Астана – Петропавл», сағат 23-00 «Екатеринбург-Алматы» және 7 қарашада 01-03 «Астана – Павлодар облысының шекарасы республикалық маңызы бар автожолдар барлық қозғалыс жабылды. Бүгін таңғы сағат 8-30-дан бастап ауа райы тұрақталып, Астана қаласынан республикалық маңызы бар барлық автожол бойынша қозғалыс қайта ашылды.», – делінген ТЖД мәліметінде.
Қатты желден елорданың бірнеше ауданы жарықсыз қалды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты елорда тұрғындарынан жарықпен қамтуға қатысты өтінімдер келіп түсіп жатыр. Бұл туралы «Астана-АЭК» АҚ-ның хабарламасында айтылған:
«Қазір апаттық қызмет мамандары Сарыарқа және Алматы ауданында 10 кВ жарық желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. (Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының оң жағы). Қолайсыз ауа райының салдарын жедел жою үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қазір 12 жедел және 12 жөндеу бригадасы жұмыс істейді, 2 арнайы техника жұмылдырылды».
Ауа райының қолайсыздығы рейстердің кешігуіне себеп болды.
Air Astana әуекомпаниясы бүгін кешкі рейстердің кешігетінін мәлімдеді.
«Air Astana әуекомпаниясы 6 қараша күні кешке Астанадан ұшатын рейстердің ауа райына байланысты кешіктірілетінін хабарлайды. Нақты себебіне келсек, қатты жел ұшақты мұзға қарсы өңдеу жұмысына кедергі келтіреді. Әуежайға шығар алдында рейс туралы ақпаратты әуекомпания сайтынан алдын ала тексеруіңізді сұраймыз», – делінген хабарламада.
7 қараша күні Астана халықаралық әуежайында ұшып шығуға жоспарланған 80 рейстің 6-ы, ұшып келуге жоспарланған 82 рейстің 6-ы кешіктірілді.
Осы орайда қала басшылығы елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.
Мәліметтер “ҚазАқпарат” агенттігінің сайтынан, сурет Аstanovka98 телеграм каналынан алынды.