Жас химиктер жүлдесі
Астаналық оқушылар химия пәнінен өткен академик Қаныш Сәтбаев республикалық олимпиаданың жүлдегері атанды.
9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиада Жезқазған қаласында ұйымдастырылды. Олимпиада ең қабілетті оқушыларды анықтау, олардың химия ғылымына деген қызығушылығын арттыру және пәнді тереңдетіп оқытуға бағытталды.
Жас химиктер арасындағы бұл олимпиадаға Астана қаласы білім беру мекемелерінен өткен оқу жылындағы пәндік олимпиадасының республикалық кезеңінің жүлдегерлері қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша елордалық жас химиктер командасы жоғары білім деңгейін дәлелдеп, жүлделі 3-орынға ие болды. Оның ішінде №27 мектеп-лицейінің оқушысы Елизавета Гранковская алтын медаль, «Nurorda» мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Абдижан Ибраимов пен Canadian халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Равиль Тарих күміс медаль иегері атанды. Сонымен қатар жүлдегер Равиль Тарих Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің білім грант иегері атанды.
Химия ғылымына аса қызығушылық танытып жүрген жасөспірімдердің қазба байлығы жетіп жығылар елдің болашағына үлес қосуды мақсат етеді. Оқушылардың жеңісі – мұғалім мен оқушылардың бірлескен еңбегінің жемісі.
Педагогтардың жоғары кәсібилігі мен шығармашылық еңбегінің арқасында астаналық оқушылар жыл сайын түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Индира БЕРЖАНОВА