Қоғам

Балалар омбудсмендерінің жаңа құрамы жасақталды

Оған жоғары сынып оқушылары, мектеп парламентінің көшбасшылары, белсенділер және еріктілер қатарынан жастардың 40 өкілі енді. Астана қаласынан Балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі омбудсмендер болып 9-шы сынып оқушысы Айым Мүбәрак және 11-ші сынып оқушысы Руслан Захаренко сайланды.

Мақсат – балалардың құқықтарын қорғаудың және олардың ел өміріне қатысуын қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін енгізу. Бұл бастама баланың құқықтарын іске асыруға және өзін-өзі басқару қызметі арқылы балалардың қоғамдық өзгерістерге белсенді қатысуына бағытталған.

«Балалардың дауысы ересектерге жетуі тиіс және олар өздерінің әл-ауқатына әсер ететін барлық мәселе бойынша шешім қабылдауға қатысуға құқылы. Балалардың өз құқықтарын білуі және түсінуі, оларды жүзеге асыруы, қорғауы үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Балалар өкілдіктері балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды құралының біріне айналады», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.

Балалар өкiлдiктерi өз қатарластарының құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтiк бастамаларын қолдау жөнiндегi өзектi проблемаларды шешуге жәрдемдесіп, балалар мүддесі үшін мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға, балалық шақ мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге балалардың интеллектуалдық әлеуетiн тартуға, балалар ортасында құқықтық мәдениеттi, азаматтық көзқарасты және әлеуметтiк жауапкершiлiктi қалыптастыруға қатыса алады.

Сондай-ақ балалар омбудсмендері балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдермен ынтымақтастықта жұмыс жасау арқылы барлық балалардың мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауға атсалысады. Айта кетейік, балалар омбудсменіне сайлау жыл сайын өткізіледі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button