«Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес»
Астанада мемлекеттік органдардың, бизнес-қауымдастық өкілдерін және Қазақстанның барлық өңірінің табысты кәсіпкерлерін біріктірген «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» шағын және орта бизнес форумы өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Күн тәртібінде – форумның басты тақырыбына айналған шағын және орта бизнесті (ШОБ) тұрақты дамыту үшін инновациялық тәсілдер мен тиімді шешімдер болды.
Форум «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың өнімдерін және экономикалық кластерлердің дамуын көрсететін көрмемен бастау алды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асырып жатқан бұл бастама жергілікті өндірушілерді қолдаудың тиімді құралы ретінде көрсетті. Шара қатысушылары түрлі салалардың өнімдерімен танысып, мемлекеттің қолдауының арқасында өңірлік деңгейде өнімдер мен қызметтердің сапасы артып жатқанына көз жеткізді.
Форумға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектенов те қатысты.
Премьер-Министрдің айтуынша, бизнес өзін нық сезініп, өндірістерін кеңейту және болашаққа инвестиция салу мүмкіндігіне ие болуы керек.
«Президент отандық бизнеске және инвесторларға жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың міндеті екенін нақты айтты. Біздің мақсатымыз – бизнес өзін нық сезінетін, сондай-ақ өз идеяларын жүзеге асыруға, өндірістерін кеңейтуге және болашаққа инвестиция салуға мүмкіндік беретін экономика құру. Бұл ретте әрбір кәсіпкердің мемлекеттік органдармен арадағы өзара іс-қимылдың ашықтығына және жеделдігіне сенім артуы маңызды. Біз жаһандық сын-қатерлер мен жедел технологиялық прогресс жағдайында кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін дамытып қана қоймай, экономикамызды белсенді түрде әртараптандыруымыз қажет екенін түсінеміз. Бұл орайда бизнестің рөлі өлшеусіз», – деді Премьер-Министр.
Өз сөзінде «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов «bottom up» моделіне тоқталып, Палатаны трансформациялаудың негізгі бастамашысы екенін атап өтті.
«Біз, ең алдымен бизнес-қауымдастыққа не қажет екеніне тоқталдық. Біріншіден, қызмет көрсету моделі. Бизнеске мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық жобалар, жалпы қолайлы бизнес-климат құру қажет. Жұмыс тәсіліне түбегейлі өзгеріс енгізіп, «bottom up» моделіне көштік. Яғни өңірлерден келетін ұсыныстарға құлақ асамыз, – деді Р. Баталов.
Төралқа Төрағасының айтуынша, 10 мыңнан астам адамнан тұратын 158 өңірлік салалық кеңестің құрылуы жергілікті жерлерде бизнес-қауымдастықтың пікірін шоғырландыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бизнес-қауымдастықтың белсенді қатысуының арқасында Палата Үкіметке шешімдердің тұтас кешенін – экожүйені ұсына алды.
Аталған тәсіл әр ауданның өзіндік мамандануы бар деген идеяға негізделген. Белгілі бір бағыттар негізгі жұмыс орындары мен салық түсімдерін қамтамасыз ете отырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Мәселен, аудан әкімдері үшін шағын бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын, салықтық түсімдерді және «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингінің нәтижелерін қамтитын басымдықтар бойынша нысаналы индикаторлар енгізілетін болады. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі кәсіпкерлерге өздерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейіне және өнімдегі қазақстандық қамту үлесіне қарай көмек түрін таңдауға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шараларын таңдау құралына айналады.
«Бір ауыл-бір өнім» жобасы да осы экожүйеге кіреді.
Нақты салалар мен бағыттарға бағдарланған дұрыс құрылған қолдау өңірлердің дамуына орасан зор әсер етіп, экономиканың қозғаушы күшіне айналады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметке балдық жүйе бойынша бағалауды енгізуді ұсынды. Ол жергілікті өндірістің үлесі, технологиялық даму және экспорт сияқты көрсеткіштерге негізделуі тиіс. Ұпайлар неғұрлым жоғары болса, кәсіпорын мемлекеттен соғұрлым көп артықшылыққа ие болады. Сонымен қатар, бизнестің өңірлік кластерлерге шикізаттан бастап дайын өнімге дейін қатысуын ынталандыру үшін елішілік құндылық үлесі (ЕҚҮ) және экспортқа бағдарлану сияқты ашық өлшемдерді белгілеу ұсынылды.
Төралқа Төрағасы айтқан үшінші сегмент – жеке платформалар мен құралдарды біріктіру болды.
Қазірдің өзінде Үкіметпен бірлесе отырып, B2G және B2B-сервистерімен, ал болашақта қызметтердің маркетплейсімен жұмыс істеу үшін egovbusiness ыңғайлы платформасы әзірленуде.
Спикер айтып өткен экожүйенің соңғы құралы – Үкіметтің дэшборд тақтасы. Модуль экономиканың әрбір өңірі мен секторы туралы деректерге ашық қолжеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырады әрі нысаналы көрсеткіштерді бақылауды жеңілдетеді.
Сондай-ақ, Райымбек Баталов TikTok әлеуметтік желісінің әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып жатқан байқаудың басталғанын жариялады.
Байқаудың мақсаты – микро және шағын бизнес субъектілерін ынталандыру, әлеуметтік және экологиялық бастамасы бар кәсіпкерлердің, жас стартаперлер мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың аудиториясын ілгерілету және кеңейту.
TikTok әлеуметтік желісі шағын және орта бизнеске (ШОБ) кеңірек аудиторияны ілгерілету және тарту үшін өз платформасын ұсына отырып, бүкіл әлем бойынша бизнестің өсуін айтарлықтай арттыруда. Ондаған миллион ШОБ қазірдің өзінде TikTok-пен тығыз жұмыс істеуде. Oxford Economics зерттеуіне сәйкес, TikTok-тағы шағын және орта бизнес қызметі 2023 жылы Еуропаның бес елінің (Германия, Франция, Италия, Нидерланды және Бельгия) жалпы ішкі өніміне 4,8 миллиард еуро үлес қосып, 51 100 жұмыс орнын ашуына септігін тигізді.
Әрі қарай микро, шағын және орта бизнес өкілдері сөз сөйледі.
Маңғыстау облысы, Құрық елдімекенінен келген «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушысы Жаңагүл Жапарова өз сөзінде жергілікті өндірісті қолдау тәжірибесімен бөлісіп, бизнесті кеңейту үшін грантқа қалай қол жеткізгеніне тоқталды. Ж.Жапарова жұмыссыз әйелдерге арналған жүн өңдейтін шағын кәсіпорынды толыққанды цехқа айналдырып, екі жылда пайданы 18 есеге арттырған.
«Қазэлектромаш» ЖШС директоры Виталий Распопин өнеркәсіпте жоғары қайта бөлуді игеруді ынталандыру туралы баяндама жасады. Оның сөзінше, кластерлік тәсіл және мемлекеттік қолдау кәсіпорынға қазақстандық катодтардан бәсекелестік бағамен мыс катанкасын шығаруды жолға қоюға мүмкіндік берді.
Келесі спикер Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласынан келген «Кублей» ЖШС директоры Зәуре Берекешева болды. Кәсіпорынның бизнес-моделі консервіленген ет пен жартылай фабрикаттарды шығаруға ғана емес, қайталама өндіріс үшін жанама өнімдерді пайдалануға мүмкіндік беретін кластерлік өңдеу циклін қамтиды.
Зәуре Берекешева инвестициялық жобалар портфелі туралы объективті көрініс жасау бойынша Палатаның әзірленіп жатқан бастамалары олардың тартымдылығын арттырып, өңірлердегі кластерлік құрылымдардың дамуына түрткі болатынына сенім білдірді.
Іс-шара соңында экологияны қорғау, ESG-тәжірибелерін енгізуге елеулі үлес қосқан және осы жылдың көктемінде орын алған су тасқыны кезінде әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер атап өтіліп, «Адал азамат» сыйлығымен марапатталды.
Айта кетейік, осындай шаралар Қазақстан экономикасын дамытудың негізгі факторы ретінде шағын және орта бизнесті тұрақты қолдаудың маңыздылығын көрсетеді.