Ақжан әл-Машаниге арналды
Қазақ ғылымындағы фарабитанудың негізі қаланып, оның дамып өркендеуі көрнекті ғалым Ақжан әл-Машани есімімен тығыз байланысты. Осыған орай Астанада Білім басқармасының қолдауымен Әдістемелік орталық, Ақжан әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейі, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен “Рухани мұра және қазіргі ғылым” тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шара барысында қазақтың тұңғыш фарабитанушы Ақжан әл-Машаниге арналған мұражай салтанатты түрде ашылды. Оған Парламент депутаттары, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істері жөніндегі кеңесшісі Әли Әкбар Талеби Матин арнайы шақырылып, ғұлама ғалымның өмір арнасынан сыр шертетін тағылымға толы ғұмырын насихаттап, құнды естеліктермен бөлісті.
– Ақжан әл-Машанидің еңбектерін әлі де насихаттауымыз қажет. Алдағы жылы ғалымның 120 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Оны кең ауқымда ұйымдастырып, жас ғалымдарды тәрбиелеуге ықпал етуіміз қажет, – деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Бекділдаұлы.
Ғалым Ақжан Жақсыбекұлының ұрпақтары қатысқан іс-шарада құнды ақпарат берілді. Екі бөлімнен тұратын жиында «Машанитану» оқуларын жыл сайын өткізуді рәсімге айналдыру, Ақжан әл-Машанидің қаламынан туындаған 23 қолжазбаны жаңа теориялық-методологиялық тұрғыда зерттеп, ғылыми еңбектер дайындау, Ақжан әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің үздік оқушыларына «Тұңғыш фарабитанушы-ғалым Ақжан әл-Машани» атындағы шәкіртақыны тағайындау, мектеп бағдарламасына 5-11 сыныптарға арналған «Машанитану» таңдау пәнін енгізу сияқты ұсыныстар айтылды. Алғаш рет ғалымның аты берілген елордалық №92 мектеп-лицейінде жас ғалымдар көбейіп келе жатқаны көпшілікті тәнтті етті.
Индира Бержанова