Басты ақпаратҰлт ұпайы

Діңгегіміз – дәстүр мен демография

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат АЛПЫСБЕС өткен тарихымызға талдау жасап, кеңес өкіметі әрекеттері нені көздеді, не нәрсеге қол жеткізді, большевиктер жүргізген саясаттың салдарынан нені жоғалттық, неден ұтылдық деген сұрақтардың жауабын беретін кез келді дейді. Бірақ ақ патшадан бастап бірнеше ғасырға созылған қазақ мүддесіне кереғар жүргізілген идеологияның шеңгелі бүгінгі ұрпақтың кең ойлап, уақыт белесінде үзілген арқауды жалғауына мүмкіндік бере ме?! Осы күнге дейін қалыптасқан пікірлердің құрсауынан арылуға бір сұхбаттың шамасы келе ме деген күмәнді сейілткен профессор тарихты әріден қозғады.

Ең үлкен мәселе – әлемдегі геосая­си тартыстың күшейіп келе жатқаны. Жер бетіндегі әртүрлі табиғат ресурсы үшін талас жүріп жатыр. Ресурстардың ең зоры – Жер. Жерді қорғауда Қазақ хандығы, оның алдындағы Шыңғыс қағаны, Алтын орда тұсында өз тәжірибесі болды. Ол – «әскер-халық» ұғымы. Яғни бір тудың, бір ұранның астында біріккен халықтың демография саны, әскери қуаты, сапасы үнемі әскери жағдайда болды. Мұндай өрлік кеңес өкіметі орнаған кезге дейін өршіп тұрды. Кеңес заманы «әйел теңдігін орнату» деген сылтаумен біздің халықтың дәстүрлі мәдениеті ретінде ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан қазақ отбасы құрылымын түбірімен жойды. Қазақ қоғамы кезінде көп әйел алу дәстүрі негізінде саны артып, ұлт болып қалыптасқан. Әлемнің көптеген елінде, әлем халықтарында, этностарында полигамиялық отбасы қарым-қатынасы, көп әйел алу дәстүрі сақталған еді. Бұл – мәдениетінің бөлінбес бір саласы, өмірінің ажырамас бөлшегі ретінде мызғымайтын дәстүрі мен ғұрпы. Бізде советтік кезеңдегі тәрбиемен полигамиялық отбасы құрып, көп әйел алу дәстүріне алакөздік қалыптастырды, еуропалық құндылықтарға кіріптар етіп, әйелдердің құқығын тең қарамай, тіпті жоғары қойып, ер адамның әке мен отағасы дәрежесін төмен түсірді.

– Соның нәтижесінде орта ғасырларда мықты болған Еуропаның ағылшын, неміс, француз сияқты белді-белді халықтары қазіргі уақытта депопуляция құбылысын бастан кешіруде ғой.

Шежірелік тарихи дерек көздері арқылы қазақ генеологиясын ғана емес, ұлттық демография мәселелерін, қазақтың отбасы дәстүріне, неке қатынасына, бұрынғы қазақ әлеуметінің жағдайын сараптауға мүмкіндік алып отыр­мыз. Сол тұрғыдан келгенде, қазіргі қазақ қоғамы санасының үлкен өзгеріске түскенін байқаймыз. Қазақтың тілі орыс­танып кеткенінен де қатерлі, ұлттық сананың бүлінген, өзгерген қаупін ашық айта алмай жатырмыз

– Аталған халықтардың өзіндік үлес саны өз мемлекеттерінде төмендеп барады. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін мойындап отыр. Өйткені демография, ең алдымен, экономикалық мәселе. Бұл – еңбек күші. Қоғамның материалдық игілігін өндіретін еңбек жасындағы азаматтардың саны жетіспесе, онда ол еңбек қолын сырттан әкелуге мәжбүр болады. Еуропаның бағына қарай деп айту керек болар, Азия, Африканың көптеген еліндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмен болу салдарынан жұртшылық осы елдерге ағылуда. Олардың нәсілі, ұлты, тілі басқа, мәдениеті мен діни ұстаным да жергілікті өркениеттен айырмашылығы жер мен көктей. Бірақ мәжбүрлік оларды осыған жеткізіп, еңбек нарығындағы тапшылықты эмигранттар арқылы шешуде. Эмигранттардың бірнеше буыны өсіп-жетіліп, тұрақтағаннан олардың қалың легі елдегі жағдайларға өзгеріс енгізіп, ықпал етпей қоймады.

– Біздің жағдайымызда ертеңгі күні не күтіп тұр?

– Егер біз еуропалық тұрмыс-салт стандартын алсақ, онда олардың қазіргі күнде басынан кешіп отырған депопуляция мәселесіне тірелеміз. Ал бұл мәселеден айналып өтудің амалын қарастырсақ, онда ата-бабамыздың өткен тарихына, ұстанған өмір салтына жүгінген жөн.

Дәстүршілдік – кез келген мәдениеттің, өркениеттің жалғасуының кепілі. Егер оны қажет етпей, сақтамайтын болса, ол қоғам өзгеріске түседі. Бұл қоғам дамымайды деген сөз емес. Мысалы, Еуропа дамып жатыр, барлық озық технология, инновация сол жақта, бірақ адамдары мәдени-рухани тоқырауға ұшырап, осы игіліктердің иесі кім дегенде тілі күрмеледі. Егер демографиялық өсу тоқтаған кезде халықтарының саны азайып, жойылудың алдында тұрған кезде оның пайдасы қаншалықты маңызды?! Біздің де алдымызда таңдау тұр. Әлемнің жақсы дәстүрінен қол үзбей, өз болашағымыздың іргесін қалауымызша тұрғызуымыз керек.

– Қазақ ұлттық демографиясының бір ұштығы қазақ шежіресінде тарқатылады емес пе?

– Иә, ұлттың төл тарихын, тарихи санасы мен жадысын, одан басқа қазақ тарихының ажырамас бөлшегі ретінде қазақ шежірелерін зерттеуге де тыйым салып келді. Кеңестік кезеңде қазақ шежірелерін зерттеуді диссертация тақырыбы ретінде бекітеміз дегенде, аға буын өкілдерінің белді өкілі Болат Көмеков сияқты ғалымдардың айтуынша, «белгісіз күштердің араласуымен зерттеуге жол берілмеген еді» дегенін естідік. Бұл кезінде партия мен кгб жүйесі ғылым тақырыптарын да бақылауда ұстағанын көрсетеді. Тәуелсіздік алған жылдарда ғана қазақ шежіресі тақырыбында тарихнамалық-деректану тұрғысынан алғашқы болып тарих ғылымының кандидаты дәрежесін қорғауға диссертациялық еңбек жаздым. Ең алдымен, ол Мәшһүр Жүсіп жинаған қазақтың шежірелік деректерін жан-жақты зерттеулерге алумен байланысты болды және докторлық диссертацияны осы тақырыпта қорғадым.

Дәстүршілдік – кез келген мәдениеттің, өркениеттің жалғасуының кепілі. Егер оны қажет етпей, сақтамайтын болса, ол қоғам өзгеріске түседі. Бұл қоғам дамымайды деген сөз емес. Мысалы, Еуропа дамып жатыр, барлық озық технология, инновация сол жақта, бірақ адамдары мәдени-рухани тоқырауға ұшырап, осы игіліктердің иесі кім дегенде тілі күрмеледі

– Қазақ шежірелері қазір көптеп жариялануда. Біздің ұлттық тарихтың маңызды дереккөзі ретінде олар қаншалықты құнды?

– Шежірелік тарихи дерек көздері арқылы қазақ ге­не­ологиясын ғана емес, ұлттық демография мәселелерін, қазақтың отбасы дәстүріне, неке қатынасына, бұрынғы қазақ әлеуметінің жағдайын сараптауға мүмкіндік алып отыр­мыз. Сол тұрғыдан келгенде, қазіргі қазақ қоғамы санасының үлкен өзгеріске түскенін байқаймыз. Қазақтың тілі орыстанып кеткенінен де қатерлі, ұлттық сананың бүлінген, өзгерген қаупін ашық айта алмай жатырмыз. Мысалы, кейбіреулердің қазақша сөйлеу әсерімен ойлау жүйесі, ұлттық құндылықтар, өмірлік ұстанымдары қазақы пайымдау, түркілік ақыл түю, түркілік мәдениет аясынан алшақтап кеткен. Бұл – қазақ қоғамының «сәбеттеніп», «сәбеттендіру» саясаты артындағы орыстандыру, одан қалды орыс мектептері арқылы орыс ой-санасын қазаққа күштеп таңуы шарықтау шегіне жеткені. ХVІІІ ғасырда Бұқар жырау­дың: «Өлтірмей алар жаныңды, бауыздамай ішер қаныңды» дегені дәл осы. Яғни түр-тұрпаты қазақ болғанмен, жаны жат, болмысы бөтендер қазір жеткілікті. Қазақ қоғамының бүгінгі шешуші таң­дауын жасайтындардың басым көпшілігі солардың қатарынан болып тұр.

Халқымыз шыққан тегіне қатты мән берген. Шежіресін қастерлемейтін адам жоқ. Ал сол қазақ шежіресінде айтылатын нәрсе: мынау бірінші әйел­ден тарайтын, мынау екінші анамыздан тараған, мына аталар үшінші әйелдердің балалары… Мысалы, Олжабай батыр Толыбайұлы деген батырдың тегін таратайын. Бұл – Әлкей Марғұланның атақты бабалары. Қалмақ соғысында атағы жер жарып, «Олжабай есен болса, ел аман» деген сөз қалған. Сол Олжабай батырдың қазақ, қырғыз, қалмақ, қарақалпақ әйелінің ұрпақтары деп көп тараған. Бұл әулеттің біразы кешегі ашаршылықта қырылып қалды, кезінде бірнеше әйел алып, олардан ұрпақтары көбейіп, тарамағанда, бір әулеттің ғана емес, қазақтың мақтанышы Әлкейдей ғалым дүниеге келмес еді. Қазақтың отбасы салтындағы үлкен ана, кіші ана балалары дегендей ұғымды алып қарасақ, бұл этнографиядағы «өскен әулет» («расширенная ­семья») деген отбасы дәстүріне сай түсінік.

Өскен әулет, кең отбасы дәстүрлері әлем халықтарында дамыған, біздің елде де советтік модернизацияға де­йін жойылмаған. Өткен ғасырдың басында билікті қолына алғаннан кейін коммунистер отбасы құрылымына тиісті. «Екі отауы болса біреуін қызыл отауға алыңдар, үш әйелі болса біреуін қалдырып, екеуін босатыңдар» деп қазақ отбасы институтына қарсы соғысты бастады. Әрине, мұның барлығы неке туралы заңмен моногамиялық қарым-қатынас орнатты. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көп әйел алуға заңмен тыйым салынбады. Қазақстанда жұптық, бір әйел бір еркекпен жұптасатын ресми отбасы институты бар. Бірақ жасыратыны жоқ, біздің қоғамда бірнеше әйел алып, одан ұрпақ көріп отырғандар бар ғой. Бұл жайт заңмен реттелмеген. Бұл дұрыс емес. Егер әйел теңдігін, әйел құқығын қолға алсақ, екінші, үшінші болып өмір сүріп жатқан әйел­дердің статусы заң шеңберінде анықталуы тиіс. Олардың құқығын қорғап, некесіз туды деген жаман аттан сақтап, заңдастырып, әйел мен одан туған балалардың мирасқорлық, мұрагерлік, тектік дәрежесін бекіту керек. Әсіресе соңғы кезде қалыптасып келе жатқан көп әйел алу үрдісін со­циологиялық тұрғыдан жан-жақты зерттеу керек, тәжірибелік жағынан қаншалықты тиімді-тиімсіз деп салмақтап қарастыру керек. Жаңғырып келе жатқан жақсы дәстүр болса, даурығып бас тартудың қажеті жоқ. Оның артықшылығы мен кемшілігін қатар бағалап, оның жаңа қоғамдағы өміршеңдігіне назар аударған жөн.

– Екінші мәселе мемлекет қорғанысын қамтамасыз ету керек болған жағдайда бүгінгі отбасылық дәстүрдегі бір бала, екі бала, әрі кеткенде үш баламен шектелгендердің жайы не болмақ? Оның біреуі ғана ер бала болуы мүмкін. Ондай жағдайда жалғыз бала әскерге алынып, оққа ұшса, сол жерде бір атаның шежіресі тоқтап қалмай ма?

– Бұл мәселені әлі де тиянақты, кең қарауды қолдаймын. Құдайға шүкір, табиғи өсім жаман емес, біршама уақытқа дейін көңіліміз тоқ болуы мүмкін, бірақ жағдай осылайша болып тұра бермейді. Өйткені Қазақстанда болып жатқан урбанизациялану, кенттену үрдісінің қарқыны күшті. Оның да өзіндік ықпалы бар. Ал медициналық тұрғыдан алғанда, әйел мен ер-азаматтың физиологиялық жасы болады. Ер адамның әлеу­меттік-физиологиялық қуаты әйелдерге қарағанда ұзағырақ сақталады. Ер адамдар бір әйел­ге байланып қалса, ол физиологиялық жағынан ер-азаматтың талабына жауап бере алмаса, табиғи жаратылыс дегенін алады. Мінеки, осы да ер адамдардың жасынан бұрын өліп кетуіне, олардың ғұмырының қысқаруына алып келеді. Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіш бойынша ерлердің жасы үлкен адамдар қатарындағы үлес көрсеткіші төмендеп кеткен. Біз қарты жоқ қоғамға айналып барамыз. Бұдан соң ақсақалдар институты мәселесі шығады. Ақсақал – өскен шаңырақтың иесі, ұл-қыз, немере-шөбере сүйген үлкен әулеттің басшысы. Ақсақалдықтың жақсы мағынадағы ұғымын егер біз ұмытсақ, онда рухани әлеміміздің басты элементінен айырылғанымыз деп білген дұрыс. Ақсақал өз дәрежесінде болмаса, шал-шау­қан қалады. Олар жасы келіп, кәрілікке жеткен әлеуметтік топтар, олардың қоғамда беделі де, жас буынға айтар мәнді ақылы да, беретін өнегесі де жоқ. Осылайша қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы жұтаң тартады, құлдырауға түседі. Бұл да біздің жоғалт­қанымыз.

Ауыл экономикасы тұрғысынан шаруашылық жүйесі бұзылды. Қазір бұрынғы совхоз, колхоз жоқ. Жеке шаруа қожалықтары пайда болды. Одан бөлек, сырттан жұмыс қолын жалдап үй салдыратын адамды, тағы басқа тірлікті жүргізетінді бөтен жақтан іздейді. Қазақ заманында бұл шаруа­шылық бір әулеттің, бір рудың тірлігі аясында болған. Дәстүрлі қазақ неке-отбасы жүйесінде үлкен әулеттің барлық мүшесі бір игілікке жұмыс істейтін. Сол арқылы байып, дәулетін жинайтын. Үлкен отбасы болса, шаруасы да, жұмыс қолы да түгел болатын еді. Енді бір әйел алып, одан бір ұл көріп, шаруа қожалығын жүргіземін деу қиын болар. Қалада еңбек нарығы бар, жарнама беріп жалданатын, оларға жұмыс беретін адамдар жеткілікті. Ауылда ондай жағдай жоқ, бұл бізге ұнауы да, ұнамауы да мүмкін, бірақ осы мәселеге қайта оралып, қазақы тәжірибеміз арқылы шешіп, бір нәтижеге жетуі керек. Ұлт мүддесі, мемлекеттің болашағы геосаяси тартыс жағдайындағы төніп тұрған қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін демография­лық мүдделеріміз кең көзқарас тұрғысынан ойлауды талап етеді.

– Қалай ойлайсыз, біздің бұрынғы өмір сүру тәжірибемізде ұлт игілігіне пайдаланатын салт-дәстүрлерімізді әлі де қайта жаң­ғыртуға бола ма? Өткеніміз нені дәлелдеді?

– «Елу жылда – ел жаңа» деген. Өткен ғасырдың жиыр­масыншы жылдары туғандар қырқыншы жылғы соғыс майданына түсті-дағы, бұлар жас шағында сарбаз болды. От пен оқтың ортасында Сталиннің уралаған коммунис­тік ұранымен жетілді. Совет өкіметінің сойылын соққан адамдар қатарынан болды. Олардың балалары қызыл комсомол, партия жолымен кетті. Отызыншы жылдары туған қазақ балалары әкелері соғысқа кеткенде, олар ата-­әжелерінің тәрбиесінде болып, сол арқылы ұлттық санасы сақталып қалды. Сол отызыншы жылғы буындардың балалары – 86-жылғы жастар ұлт көтерілісіне қатысқандардың әке-шешелері. Қырқыншы жылдары туған буынның жағдайы мүлдем басқа, олар әкесіз, анасының тәрбиесінде өсті. Одан кейінгі нәубеттерді қосыңыз, соғыстан кейінгі тың игеру кезіндегі араққа салыну майданы. Осының барлығы қазақ қоғамында әлеуметтік-психологиялық өзгеріс тудырды. Қазақ халқының дәстүрлі отбасы мен неке институтының шаңырағын шайқалтқан нәрсе – отағаларының араққа салынуы да нәубет болды. 1970-1980 жылдарға дейінгі деградацияның жаңғырығы бүгінге дейін жалғасуда. Бұл жерде үлкен психологиялық-педагогикалық байланыс бар. Қазақ баласының қазақ қоғамына тән дәстүрлі, рухани кемелдендіретін әлеуметтік институты болуы керек. Олай болмаған жағдайда, біздің мемлекет анық болашақта, демография тұрғысында көптеген әлем елдеріндегі өздерінің өркениеттік дамуына тән қазіргі аурулары мен кеселдеріне тап болады. Ұлттық құндылықтар біржолата жойылып, институты өз жұмысын тоқтатады. Өткенімізді таразылай отырып, болашағымызды да болжай білейік!

Сұхбаттасқан

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button