Басты ақпаратДенсаулық

Қатерлі ісікке қарсы дәрі бар

Астаналық биолог, ғалым, Назарбаев университетінің оқытушысы Дос Сарбасов онкология­ның төртінші сатысындағы адамдарға қолданатын дәрі ойлап тапты. Бұған дейін осы жобаның бастапқы сынағы жақсы нәтижемен аяқталғанын БАҚ біткен жарыса жазған еді. Назарбаев университетінде өткен баспасөз мәслихатында жоба авторлары екінші клиникалық сынақ қалай өтіп жатқаны туралы мәлімет берді. Жиыннан соң Дос ЖАРМҰХАНБЕТҰЛЫМЕН аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Дос Жармұханбетұлы, бұған дейін MD Anderson Cancer Center онкологиялық орталығында ғылыми зертханаға жетекшілік еттіңіз, 2019 жылы Қазақстанға қайта оралдыңыз, емі жоқ деп дәрігерлер бас қатырған қатерлі ісікке қарсы дәріні ойлап табу оңай болмаған шығар?

– Онкологиялық орталық­тағы стратегиялық сынақ туралы осы жылдың басында арнайы брифинг өткізген болатынбыз, көпшіліктің сауалы көп болғандықтан, тағы да айтуды жөн көрдік. Естеріңізде болса, былтыр алғашқы клиникалық сынақты аяқтағанымыз­ды баяндаған едік. Бастапқы сатыда біз дәріні рак жасушалары мен тышқанға қолданып, тиімділігіне көз жеткіздік. Бұл препаратты мен АҚШ-та, MD Anderson Cancer Center-де жұмыс істеп жүрген кезде ойлап тапқан едім. 2018 жылы сол жақта патент алдық. Қазір Назарбаев университетінде жұмыс істеп жүргендіктен, сол патентті осы оқу орнында лицензияладық. Қысқасы, зият­керлік меншігі өз қолымызда, халықаралық патентіміз бар. Ендігі шаруамыз – дәрінің тиімді екенін клиникалық сынақтарда дәлелдеп шығу. 2022-2023 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінен алғашқы қаражат аударылды. Ол ақшаға «С» дәруменінің «D» типін Алматыдағы «Нұр-май» фармакологиялық зауытында жасау жүйесін құрып, клиникалық зерттеулерді бастадық. Қатерлі ісік жасушалары метастазданғанда, олар глюкозаны белсенді түрде сіңіреді, осы механизм арқылы біз рак клеткасының белсенді процесін индукциялаймыз. Тышқандардағы рак клеткаларына алғашқы зерттеуіміз бұл препараттың тиімді жұмыс істейтінін көрсетті.

– Еліміз ғана емес, бұл клиникалық сынақтарға бүкіл әлем көзін тігіп отыр. Зерттеу жұмысы қалай жүргізіледі?

Маңызды препарат Қазақстанда ғана емес, шетелде де қолжетімді бағада сатылады.
Бірақ қазір басты назарда – дәрінің қатерлі ісіктің қай түрін емдей алатынын түсіну

– Әр клиникалық сынақтың өзі екі фазадан тұрады. Бірінші фазада дәрінің кері әсері, улау көрсеткіші тексеріледі. 2023 жылдың басы, осы кезеңнен өттік. Сол жылы қатерлі ісіктің төртінші сатысындағы нау­қастарға еге бастадық. Ол науқастардың бәрі тік ішектің қатерлі ісігіне шалдыққандар еді. Жалпы онкологияға қарсы дәріні сынаған кезде нақты бір типіне ғана қолданып, тексереді. Бұл дәрінің әсерін, тиімділігін барынша нақты әрі жылдам түсінуге қолайлы. Тік ішектің қатерлі ісігінде мутацияланған KRAS-жасушалар болады. Бұл реттеуші ақуыз­дар ісікті қатерлі ете түседі. Панкреатит ісіктерінің 95 па­йызында, тік ішек ісіктерінің 40 пайызында осы мутацияланған KRAS-жасуша болады. Әрине, бізді Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты мамандары бақылауға алды, ең әуелі DVC дәруменін аса аз дозамен, бір килограмм салмаққа 0,15 миллиграмм мөлшерімен ғана сынауға рұқсат берді. Біз қайтара сынақ жасағанда бұл дозаның тиімділігін көре алмадық, себебі доза мөлшері өте аз еді, докторлар препараттың кері әсерін, улау көрсеткішін байқамағандықтан, өткен жылдың қараша айынан бастап дозаның мөлшерін көбейтуге рұқсат алып, 0,3 миллиграмдық мөлшермен еге бастадық. Бұл кезде дәрі егілген алты адамның бәрінде ісіктің жайылуы (мета­стаз) тоқтады. Тіпті біреуінде ісік 30 пайызға кеміді. Бұл өте жағымды әсер еді. Қатты қуандық. Бірақ бұл біз күткен ақырғы нәтиже емес еді. Құрамында ең мықты мамандар – фармакологтар бар команда мүшелері үшін адам ағзасы бұл дәріні көтере алатын ең жоғарғы дозаны анықтау маңызды болатын. DVC препаратының дозасын 0,65 миллиграмға көтеруге рұқсат алдық. Жуықта сынақтарды өткізуге қажетті қаражат түседі. Содан кейін сынақтың тағы бір сатысын бастаймыз. Негізі, 1 шілдеден бері Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында сондағы дәрігерлер таңдап алған бірнеше науқас осы 0,65 миллиграмдық дозаны қабылдап жүр. Бұл сатыда да алдыңғы тізбекпен жүреміз. Бірінші кезеңде дозаның қаншалықты токсинді екенін анықтаймыз. Келесі жылдың басына де­йін осы дозаның уыты қауіпті емес екеніне көз жеткізуіміз керек. Осыдан кейін екінші фазаға өтеміз, яғни мутацияланған KRAS-жасушаны қаншалықты жоятынын тексереміз. Осылайша адам ағзасы көтере алатын шекті дозаны анықтап, пайда болған метастазды қаншалықты жоятынын көреміз. Бәрі ойдағыдай болса, осының бәріне 2-3 жыл кету керек. Онкологияда зерттеу, сынақ жасау – өте жауапты жұмыс, бұған біраз уақыт, күш кетеді, ең бастысы, сынақтарды нақты, дұрыс бағытта жоспарлап, айқын мақсатқа жету өте маңызды.

– Алғашқы сынақ кезінде нақты қанша қаражат бөлінді?

– Ондай үлкен сома емес, әрине, алғашқы екі жылға 700 млн теңгедей қаражат бөлінді. Оған қажетті препараттарды алып, керекті ғылыми-зерттеу жұмысын, клиникалық сынақтарды жүргіздік. Клиникалық сынақтар өте қымбат тұратынын ескерсек, алдағы 3 жылға қаржыландыруға енді ғана қол жеткіземіз деген ойдамыз. Бұл жерде ақша маңыз­ды емес, ең бастысы, дәрінің тиімділігі, ойдағыны іс жүзіне асыру маңызды.

– Бағасы қандай болады деп ойлайсыз?

– Бұл маңызды препарат Қазақстанда ғана емес, шетелде де қолжетімді бағада сатылады. Бірақ қазір басты назарда – дәрінің қатерлі ісіктің қай түрін емдей алатынын түсіну.

– Клиникалық сынақтар сәтті жүзеге асса, үшінші сатыға қадам қандай болмақ?

– «С» дәруменінің «D» типі тамақ қоспасы ретінде жиі қолданылады. Сондықтан дәрінің бағасын кез келген адамның қалтасы көтере алады деп ойлаймын. Бұл дәрінің адам ағзасы көтеретін дозасы анықталған кезде 60 адамдық 2 топқа сынақ жүргіземіз. Дәрі қатерлі ісіктің қай түріне барынша тиімді екенін анықтағаннан кейін үшінші сатыға өтеміз. Ол кезде мыңдаған адамға егеміз. Ереже бойынша сынақтың бірінші, екінші сатысында бір онкологиялық орталықпен ғана жұмыс істеуіміз керек. Ал үшінші сатысында бірнеше орталықта сынақ жүргізе аламыз. Ол енді 2 жылдан кейін болатын шығар, жұмыстың қаншалықты сәтті жүргеніне байланысты.

– Мутацияланған KRAS-­жасушаны жою дегенді оқыр­манға қарапайым тілмен түсіндіріп берсеңіз.

– Онкологияда мутацияланған KRAS-жасушаны жою – күрделі мәселе. Сондықтан ағзасында мұндай ген пайда болған адамдар ұзақ өмір сүрмейді. Біздің дәрінің тиімді­лігі бүкіл сынақта дәлелденіп шықса, онкологияның ең қиын мәселесіне шешім тап­қан болар едік. Сынақ кезінде адамға 36 рет комбинация­лы екпе салады. 3 апта екпе алады да, бір апта демалады. Кейін тағы 3 апта егіледі. Жексенбі күні демалады. Клиникалық сынақтың үшінші сатысында науқастар екпе алып болғаннан кейін үйіне қайта алады. Ал бірінші, екінші сатыда ауруханада жатып екпе қабылдайды. Осы үш сатыдағы сынақтар сәтті жүзеге асқан кезде, дәрінің қатерлі ісіктің қай түріне оң әсерін байқаған сәтте дәрінің үлкен дозасына ауысып, сол арқылы біз мыңдаған адамға бұл дәріні ұсына аламыз деген ойдамын. Біз қатерлі ісікті тоқтатып қана қоймай, түбірімен жойып жібергіміз келеді.

– Брифингке келген журналистерге дәріні әзірлеген зертхананы да көрсеттіңіз. Осы мақсатқа қалай келдіңіз?

– Ғалым ретінде қатерлі ісік пен қант диабетінің зат алмасуын зерттеген биолог Льюис Кэнтлидің еңбегін оқығаннан кейін ойланып, осы мақсатты таңдадым. АҚШ-тың онкологиялық орталығында жүргенде рак жасушалары қандай затпен қоректенбесе, өлетінін зерттедім. Амин қышқылдарын бөлмей, ашықтырып көріп едік, шыдап шықты. Глюкозадан ашықтырып едік, екі күннің ішінде рак жасушалары өліп қалды. Осы механизмді зерттедік. Ол жасушалар өлген кезде оксиданттар бөледі екен. Сол кезде қатерлі ісік жасушаларын тікелей оксиданттың күшімен өлтіруге болатынын түсіндім. Сынап оксидін пайдалану идеясы осылай келді. Бірақ күшән деген – удың бір түрі. Оның өзін жалғыз пайдалану мүмкін емес еді. 2015 жылы Льюис Кэнтли дейтін америкалық ғалым мутацияланған KRAS-жасушаның күйзелісін күшейтуге «С» дәруменін пайдалануға болатынын жазды. Сол кезде күшән (мышьяк) мен «С» дәруменін комбинациялап ексе, тиімділігі әлдеқайда жоғары болатынын түсіндім. Бірақ біз «С» дәруменінің «D» типін қолданамыз, өйткені бұл типтің уыты барынша аз. Сондықтан оның дозасын күшейткен са­йын тиімділігі арта түседі.

– Қатерлі ісіктің қандай түрлеріне сынақ жүргізілуде?

– Аурудың әртүрлі емес, тек қана бір түріне ғана ғылыми-­зерттеу жұмысы жүргізіледі. Әрқилы болса, зерттеу мамандарға қиынға түсетіні дау­сыз. Әзірге бұл дәрі тік ішектің қатерлі ісігіне шалдық­қан, төртінші сатыдағы нау­қастарға ғана егіліп жатқанын айттық. 36 инъекцияны 6 апта ішінде алды. Ал онкологияның басқа типтеріне әсері қандай болатынын геномдық зертхана ғалымдары зерт­теуі керек. Алты аптаға созылатын емнен кейін адамдардың қайсысына дәрі қалай әсер еткенін білу өте маңызды.

– Науқастар қалай ірік­теледі? Қажетті шикізат қайдан жеткізіледі?

– Оны Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары шешеді, ешбір науқаспен жеке таныстығым жоқ, дәрігерлер өздері таңдайды. Жоба авторлары бұл дәруменнен кейін егілетін күшән оксидін қазір Үндістаннан сатып алып отыр. Бүкіл сынақтар сәтті өтсе, оны да Қазақстанда шығармақ. Өйт­кені Үндістаннан әр дозасын 4 доллардан сатып алса, Қазақстандағы құны жарты доллар ғана болуы мүмкін.

– Науқастардың сенімі қандай болды, қанша уақытта препарат халыққа қызмет ете бастайды?

– Қатерлі ісіктің төртінші кезеңіндегі науқастар үміт оты оянған кез келген ұсыныс­ты қабылдайды. Шегінерге жол жоқ. Олар докторлардың үміт сыйлайтын ұсынысын құп алатыны да сондықтан, тағы да айтамын, әр науқасты дәрігерлердің өздері таңдап, ұсынады. Сынақтардың бәрі сәтті өтсе, дәрінің барынша тиімділігі толығымен дәлелденсе, көп ұзамай ол дәрі халыққа қолжетімді бағамен қызмет ете бастайды деген сенімдемін.

Сұхбаттасқан Гүлшат САПАРҚЫЗЫ, журналист

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button