Жанкүйерлер трибунадағы қоқыстарды жинады
Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында самбодан әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін жанкүйерлер трибунадағы қоқысты жинап, жұрттың ыстық ықыласына бөлінді, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Жанкүйерлердің белсенділігі ғана емес, олардың тазалықты ұстануы мен бірлігі де қуантады. Чемпионат аяқталғаннан кейін олар бірден кетпей, айналасындағы қоқысты жинай бастады. Тазалық жұмысына белсенділер, «Астана Жастары» еріктілері, сондай-ақ жанкүйерлер қосылды.
Көрермендер арасында елорда тұрғындарының белсенділігіне және олардың өз қаласына деген қамқорлығына таңданған шетелдік қонақтар да болды. Мұндай акциялар тазалыққа үндейтін, тазалық мәдениетін қалыптастыратын игі дәстүрге айналды.
Еске сала кетсек, Жақсылық Үшкемпіров атындағы елордалық жекпе-жек сарайында 9 қарашада ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан әлем чемпионаты басталды. Байрақты бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар мен жанкүйерлер жиналды. Қазақстан аумағында екінші рет ұйымдастырылған іс-шараға 80 елден 470-тен аса спортшы бақ сынады. Ел құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола, барлығы 17 медаль жеңіп алды.