Көрермен жігіт театрда сүйіктісіне ерекше ұсыныс жасады
Елордада “Сылаң қыз” атты музыкалық комедия жанрындағы қойылымның премьерасында елордалық жас жігіт театр сахнасына шығып, сүйіктісіне сөз салды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры 9-10 қараша күндері Жүсіпбек Аймауытовтың “Сылаң қыз” атты музыкалық комедия жанрындағы қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынды.
ХХ ғасыр басындағы қазақ ауылының өмір шындығы мен ел тарихындағы әрқилы оқиғалар суреттелген сатиралық шығарма – “Сылаң қыз”.
Автор шығармасында рухани мешеулікті шенейді, оқу-білімді дәріптейді. Қазақтың азаттығын, теңдігін аңсайды.
Пьесадағы тартыс – өткір, характерлер – әрқилы, әлеуметтік қайшылық – айқын, образдар – дара.
Комедиялық қойылымда нәпсі тұтқынындағы адамдардың мінін, мінезін әзілмен әжуалау арқылы адам бойындағы кемшіліктерден (оның сөзі, ісі, нәпсісі) арылу көзделген.
Жүсіпбек Аймауытовтың шығармасында өз заманының ғана емес, бүгінгі адамзат қоғамының да картинасы бар.
Қойылымның қоюшы режиссері және сценографы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров Музыкалық жас көрермен театрының ашылғанына 14 желтоқсанда 4 жыл толатынын айтты.
Театр 4 жылдың ішінде 24 премьераны көрермен назарына ұсынды. Міне бүгін 25-ші қойылымның премьерасы. Биыл – қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы, драматург, қазақтың тұңғыш режиссурасының негізін қалаушы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы. Сондықтан ұлы тұлғаның рухына тағзым ете отырып, Ж. Аймауытұлының “Сылаң қыз” деген шығармасын сахналадық. “Сылаң қыз” өзінің жанры жағынан қазақи эрония, комедияға жақын шығарма. Сол себепті біздің жігіттеріміз бен қыздарымыз осыдан 100 жылдан аса уақыт бұрынғы ұлы төңкеріс деп аталған революция кезеңіндегі қазақ қоғамының көрінісін, революцияның адам, әсіресе өскелең ұрпақ санасына қалай әсер ететінін, революция арқылы ұлттың мінезі қалай бұзылатынын сахналады, – деді Асхат Маемиров.
Қойылым арқылы театр актерлері бала тәрбиесіне де көңіл бөлу керегін меңзейді.
Қойылым аяқталған соң режиссер сөз сұраған елордалық Нұртілек есімді жігітті сахнаға шақырды.
Ол алдымен театр ұжымын жаңа премьерасының сәтті қойылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Нұртілек – Музыкалық жас көрермен театрының тұрақты көрермендірінің бірі.
Алғаш рет “Ғашық жүрек” қойылымына келгенім есімде. Өздеріңіз сияқты қойылымды залда тамашалап отырған кезде сахнаға бір ару шығып, Мұқағали Мақатаевтың өлең шумақтарын менің көзіме қарап тұрып айтқан еді. Сол өлең шумақтарын естігеннен кейін жүрегімнен тыныштық кетті. Сосын не болса, о болсын, жігітпіз ғой көреміз деп, қыздың алдынан өтуге шешім қабылдадым. Сөйтіп осыдан тура екі жыл бұрын дәл осы сахнада “Абай-Тоғжан” қойылымының жабылуында гүл шоқтарын қолына табыстадым. Содан кейін екеуіміз сөйлесіп, танысып, бір-бірімізге деген сезіміміздің шынайы екенін түсіндік, – деді театр көрермені.
Нұртілек сүйіктісі Дианаға “Маған тұрмысқа шығасың ба?” деп сөз салды. Ал қыз “иә” деп келісімін берді.
Осылайша 1 сағат 30 минутқа созылған қойылымның нүктесі әдемі сәтпен қойылды.