Мәдениет

Камералық хор концерті

Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хоры Алматыда өз өнерін паш етті.  Алматыда Қазақстанның хор өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан КСРО Халық әртісі Анатолий Молодовтың 95 жылдығына орай Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының үлкен залында концерт-фестиваль өтті.

Анатолий Васильевич Молодов 1929 жылы 23 қазанда Ресейде дүниеге келген, бірақ 1958 жылдан бастап 2017 жылы қайтыс болғанға дейін Алматыда тұрып, еңбек еткен. Шебер Л. Собинов атындағы Саратов консерваториясының дирижерлік-хор факультетінде, Мәскеу консерваториясының аспирантурасында А.В. Свешников пен К.Б. Птицада тамаша білім алды. 1955 жылдан бастап КСРО Мемлекеттік академиялық орыс хорының, А.В. Свешниковтың жетекшілігімен Мәскеу хор училищесінің ұлдар хорының (қазіргі В.С. Попов атындағы хор өнері академиясы) хормейстері болып қызмет етті. Сонымен бірге Мәскеу хор мектебінде сабақ берді. 1958 жылы Алматыға көшіп, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас хормейстері болды. Бір жылдан кейін Қазақ КСР Мемлекеттік хор капелласын басқарды. Хормейстердің әртістермен атқарған орасан зор жұмыстарының нәтижесінде 1967 жылы капеллаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымы» атағы берілді.

Сонымен қатар, Анатолий Молодов Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясында оқытушылық қызмет атқарды. Әр жылдары консерваторияның хор дирижерлік кафедрасын басқарды, 1980 жылы профессор атағын алды.

Анатолий Молодов Қазақстанда да, басқа елдерде де бірнеше рет концерттер мен фестивальдарда табысты өнер көрсеткен бірнеше хор ұжымдарын құрды. Анатолий Васильевичтің жұбайы Гүлжазира Ахметова – Қазақстандағы алғашқы әйел дирижер, консерватория профессоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі.

Анатолий Молодов қазақ хор өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үшін КСРО Халық әртісі атағын алды, Еңбек Қызыл Ту Орденінің, құрмет грамоталары мен сыйлықтардың иегері болды. Қазақ КСР Мемлекеттік хор капелласының репертуарында Анатолий Молодовтың жетекшілігімен Қазақстан композиторларының көптеген кантаталары мен ораториялары пайда болды: Мұқан Төлебаев, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Сыдық Мұхамеджанов, Базарбай Жұманиязов, Мансұр Сағатов, Құддус Қожамияров, Жоламан Тұрсынбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Тілес Қажығалиев және т.б. Классикалық музыка В.А. Моцарт, Дж. Верди, Г. Форе реквиемдері; Л. Бетховеннің «9-шы симфониясы»; Н. Иомеллидің «Мизерере»; С.В. Рахманиновтің «Весна», «Литургия», «Всенощное бдение»; С.С. Прокофьевтің «Здравица»; Г.В. Свиридовтің «Пушкинский венок», «Патетическая оратория» сияқты шығармалармен толықты. Молодов қазақ және орыс халық әндерін, аралас хор мен балалар хор ұжымдарына арналған ұлттық композиторлардың шығармаларын өңдеді. «Хорға арналған шығармалар» (а капелла хорына арналған қазақ халық әндері мен күйлері), «Хорға арналған шығармалар» (Қазақстан композиторларының сүйемелдеуінсіз хорға арналған түпнұсқа шығармалар), «Родина радости» (Қазақстан композиторларының ораториялары мен кантаталарынан үзінділер), «Хрестоматия по дирижированию» хор шығармаларының, репертуарлық жинақтардың, сондай-ақ түпнұсқа шығармалар, қазақ халық әндері мен күйлерінің өңдеулері, Қазақстан композиторларының әндер а капелласының аралас хорға арналған өңдеулері енген авторлық жинақтың авторы.

Анатолий Молодовтың көптеген шәкірттері мен ізбасарлары ұстаздарын еске алып, оған өз шығармаларын арнайды. Осылайша, ұлы хормейстерді еске алу концерт-фестивалі Алматы филармониясының сахнасында Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, Е. Рахмадиев атындағы Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аралас хоры және Алматы қаласындағы № 79 мектеп-гимназиясының «Бәйтерек» балалар хоры сияқты ұжымдарды жинады.

Концерт барысында осы хор ұжымдарының көркемдік жетекшілері және бас дирижерлары болып табылатын Анатолий Молодовтың шәкірттері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Құттыбадамова мен Бейімбет Демеуов, Елена Байысбаева және Ян Рудковский хор өнерін дамыту жолындағы еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова: «Анатолий Васильевич қазақ хор өнерін жаңа сапалы деңгейге көтерген алғашқы хор дирижері болды. Оның шәкірт тәрбиелеудегі әдістері әрқайсымыздың есімізде. Сольфеджионың вокалдық және хор мәдениеті бойынша сабақтары күнделікті капеллада өткізілді. Осының арқасында капелла үлкен ұжым ретінде қалыптасты. Ол қазақстандық композиторлардың шығармашылық зертханасы, республикада ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында танылған кантаталар, ораториялар, хор сюиталары мен миниатюралардың алғашқы орындаушысы болды. Молодов есімі қазақ өнеріндегі барлық тарихи оқиғалармен байланысты, ол Қазақстанның хор өнерінің табысты дамуын көрсетеді.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының басшылығына атаулы күнге орай концерт-фестивальді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Әсерлі. Анатолий Васильевич туралы шексіз айтуға болады, бірақ ең бастысы, ол өзінің хор өнері мектебін құрды, бізді әрдайым шынайылықпен және көрерменге деген үлкен сүйіспеншілікпен тәрбиеледі. Біз бүгін осында болғанымызға өте қуаныштымыз және бүгін хор өнері мен музыка мерекесі болды. Анатолий Васильевич арамызда жоқ болса да, біздің мәңгі жадымызда және жүрегімізде».

2013 жылдан бастап Гүлмира Құттыбадамова жетекшілік ететін Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры Астанадан концерт-фестивальге қатысты. Атақты елордалық ұжым А.Молодовтың хорға өңдеген «Арыс жағасында» (әні Ш. Қалдаяқов, сөзі М. Шаханов), «Прощание» (әні Ғ.Жұбанова, сөзі М. Цветаева) «Қарлығаш» (әні А.Жұбанов, сөзі И. Матақов), «Бывайце здоровы» (әні М. Любана, сөзі А. Русак) шығармаларын шебер орындады.

Кеш соңында фестиваль қатысушыларына Жамбыл атындағы филармония әкімшілігі алғыс білдіріп, алғыс хаттар табыс етті. Жиналған қауым хор ұжымдарын маэстроның 95 жылдығымен құттықтап, қошеметпен жылы лебіздерін білдірді.

Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының көркемдік жетекшісі және бас дирижері Бейімбет Демеуов: «Ұлы музыкант Анатолий Васильевич Молодовты еске алуға арналған керемет концерт өтті. Ол 23 қазанда 95 жасқа толар еді. Ол біздің, музыканттар мен хор әншілерінің есінде. Біз осындай фестивальдің өткеніне, бірнеше ұжымның қатысқанына өте қуаныштымыз.

Әрине, ниет білдірушілер көп болды, бірақ концерт форматы мен шектеулі уақыты қатысушылар санын шектеді. Молодов өз мектебін қалдырды, ал біз, оның шәкірттері, оның дәстүрлерін жалғастырудамыз және қазақстандық хор өнерін дамытып келеміз. Бұл фестиваль – тек концерт емес, біздің ұстазымызға деген үлкен құрметіміз бен алғысымыздың көрінісі», – деп атап өтті.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button