Кардиологтың бір күні
Жүрек қызметі – адам ағзасының ең маңызды бөлігі, ағзамызға жан беріп, бойымызға қан жүгіртетін ең басты орган адам ағзасының моторы. Біз осы ретте жүрегі ауырып шұғыл келген немесе созылмалы аурулары бар науқастарды күндіз-түні қабылдап, еміне шипа, ауырғандарға дәру сыйлаған елордадағы №1 көпбейінді қалалық ауруханасының Кардиология және пульмонология бөлімшелерінен құралған терапия бөліміне соққан едік. Бөлімнің меңгерушісі – жоғары санатты кардиолог-дәрігер Бауыржан Ешмұратов.
Кардиолог – бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының диагностикасы, емі және алдын алумен айналысатын дәрігер екенін білеміз. Бұл ретте ауруханаға келетін науқастардың қарасы қалың екенін көрдік. Бауыржан Құралұлы бөлімшені аралатып, жұмыс процесімен таныстырды. Бөлімшеде жалпы 46 адам ем алуда, оның ішінде ота алдындағы жоспарлы ем қабылдап жатқандар саны – 5 адам, отадан кейін ем алып жатқандар саны – 20.
– Кардиолог артериялық гипертензия, жүрек ақаулары (туа біткен немесе өмірде пайда болған), жүректің ишемиялық зақымдануы мен әртүрлі себептерден туындаған жүрек әлсіздігі мен стенокардияны, жүрек тамырлары мен бұлшық еттерінің зақымдануын (кардиттер), аритмия, оның ішінде: брадикардия, тахикардия мен инфаркт және тромбоздар және тромбофлебиттерді анықтап, емдейді. Күніне ондаған адам бөлімшеде ем қабылдайды, отадан кейін, отаға дейін қаралатындар да аз емес. Біздер, кардиолог-дәрігерлер қолымыздан келгенше пациенттердің жағдайын жасауға тырысамыз, – дейді Б.Ешмұратов.
Бөлімшеде емделіп жатқан науқастармен тілдескен едік, соның бірі – Марат Рүстемов. Кардиолог-дәрігер оны емдеу тарихымен таныстырды. Бұл пациентті емдеу іс-шаралары қиындықтармен басталған екен, бір жылдың ішінде ауру симптомдары күшейіп, кеудедегі үнемі ауырсынуға қарамастан нақты диагнозды анықтау мүмкін болмады. Марат Рүстемұлы екі рет есінен танып қалған кезекті жағдайдың нашарлауы салдарынан жедел жәрдем шақырылып, оны шұғыл түрде қабылдау бөлмесіне жеткізген. №1 аурухананың Кардиология бөлімшесінде оған жүрек тамырлары ішінара бітеледі деген диагноз қойылып, сол күні арнайы тексерулер мен ота алдындағы дайындықтардан соң ертеңіне науқасқа стендтеу операциясы сәтті жасалды, дәрігерлер адам өмірін сақтап қалды. Қысқа уақыттың ішінде науқас айтарлықтай жазылып, ауруынан айыға бастады. Енді, міне, отадан кейін екі жыл өткен соң ол жоспарлы түрде ауруханаға ем алу үшін келген. Дәрігер оның жағдайы айтарлықтай жақсарғанын және ертеңгі күнге деген сенімділік оты қайта оянғанын ерекше атап өтті. Пациент біз арқылы ақ халатты абзал жандарға айрықша алғыс айтты.
– Мен бөлімшедегі медицина қызметкерлеріне кәсібилігі мен қамқорлығы үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Кардиология бөлімінің меңгерушісі – Бауыржан Құралұлына, бөлімшедегі тілектес барлық дәрігерлерге, медициналық қызметкерлерге ерекше алғысымды айтқым келеді. Дәрігерлер менің жағдайыма ерекше көңіл бөліп, сауығып кетуіме жәрдемдесті және отадан соң күтім бойынша керек кеңестерді берді, денсаулығымның нығаюына көмектесті. Бауыржан Ешмұратов басқаратын Кардиология бөлімшесінің барлық қызметкеріне өмірге қайта келген адам ретінде айтар алғысым шексіз екенін жеткізгім келеді және ұжымға жемісті еңбек, зор денсаулық тілеймін, – дейді Марат Рүстемов.
2000 жылы Ақмола мемлекеттік медицина институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген Бауыржан Құралұлы ары қарай білімін терапия мамандығы бойынша интернатурада жалғастырды. Шымкент қаласындағы жоғары оқу орнында денсаулық сақтау магистрі атағын сәтті қорғады.
Алған білімін іс-тәжірибе жүзінде жұмыс барысында жүзеге асырған Бауыржан Құралұлы 2002-2003 жылдарда Астана қалалық жедел медициналық көмек қызметінде кардио-реанимациялық бригадасының дәрігері болып істейді. Одан кейін екі жылдай Президент Іс Басқармасының медициналық орталығы ауруханасында Жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің дәрігері қызметін атқарады. Бірнеше жыл Ұлттық ғылыми-медициналық орталықта жұмыс істеген ол осы саладағы мол тәжірибені жинақтайды. 5 жылдай Астана қаласының №2 қалалық ауруханасында Интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі, аурухана директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір №1 көпбейінді қалалық ауруханасы терапия бөлімінің меңгерушісі.
2017 жылы «Жылдың үздік дәрігері» байқауының жеңімпазы атанған ол «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Ол халықаралық деңгейде өткен үздік кардиолог дәрігерлердің Швейцариядағы, Лондондағы семинарларына, шеберлік сағатына қатысты. Жыл сайын Нидерланды елінде өтетін кардиологтар конгресінде де болды, Мәскеуде ұйымдастырылған кардиологтарға арналған клиникалық-анатомиялық тәжірибесінен де өтті.
– Жүрек ауруларының құлақ сырғалығында диагональді қатпарлар, тістердің түсуі, қызыл иектің қабынуы, ерін түсінің өзгеруі секілді біз аңғара бермейтін белгілері де бар. Егер адамның басы ауырып, артериялық қан қысымы көтерілсе, сондай-ақ жүрек тұсында ауырсынулар пайда болса, кардиолог маманға қаралуды кейінге қалдырмағаны дұрыс. Спортпен айналысатын адамдар да үш айда бір рет кардиологтың қабылдауында болуы керек, – дейді Бауыржан Құралұлы.
– Артериялық гипертония – өлімге душар ететін жүрек-қантамыр ауруларының ішінде кең таралған сырқат. Артериялық гипертония жер бетіндегі әрбір төртінші адамда кездеседі, ал біздің елде әрбір үшінші адамда бар, – дейді ол.
«Сақтансаң, сақтайды» демекші, кардиолог жүрек ауруларының алдын алу және кез келген дәріні маман нұсқауынсыз іше бермеуді ескертеді.
– Жүрек ауруларының алдын алу үшін шылым, алкоголь сияқты зиянды әдеттерден арылыңыз. Күйзеліске бой алдырмаңыз. Ұйқыңыздың режимін қадағалаңыз, тамақтану тәртібіне көңіл бөліңіз және спорттық жаттығулармен айналысуды естен шығармаңыз. Тағы бір айта кетерім, жүрегіңіз ауырған уақытта таныстарыңыз ұсынған немесе интернеттен байқаған дәрілерді ішуге асықпаңыз. Тек дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмек арқылы ғана емделуіңіз қажет, – дейді Бауыржан Құралұлы.
P.S: Жүрек-қан тамырлары дерті – өлімге апаратын қауіпті ауру. Сондықтан, мамандардың кеңестеріне құлақ асқан жөн. Бұл ретте дәрігерлік тексеруді күнделікті күйбең тірлікпен кейінге шегеріп жүре тұрамын деп қателеспеңіз. Жүрек-қан тамырлары дертінің алдын алудың жолдары мен амалдары барын ескере жүрген абзал.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ