Мектептер телефоннан бас тарта ма?
Қазірде гаджетті балалардан ажырату мүмкін болмай келеді. Ал ұзақ уақыт ұялы телефон ұстайтын әрі ғаламтор желісіне тәуелді баланың зейіні нашарлап кететінін ешқандай ғылыми зерттеусіз-ақ аңғаруға болады. Осыған орай, оқушының сабаққа ден қоюы мақсатында Астананың бірқатар мектептерінде «Смартфонсыз мектеп» жобасы қолға алынды. Демек, енді мектептер телефонмен қоштаса ма? Аталған жоба білім сапасын арттыруға қаншалықты ықпал ете алады?
Сабақта смартфон қолданбайды
Елордалық Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, қала мектептерінде 2020 жылдан бастап «Смартфонсыз мектеп» жобасы мемлекеттік білім ордаларына тәжірибе ретінде енгізілді. Жоба білім сапасын арттырып, оқушылардың ойлау қабілеті мен психологиялық денсаулығына оң әсер етуге бағытталады.
– Соңғы төрт жылда «Смартфонсыз мектеп» жобасы өз нәтижесін көрсетіп, бүгінде қаладағы мемлекеттік мектептерде енген жобаға ата-аналардың 70%-ы қолдау білдірді. Қолдаушылар саны әлі де артып келеді. 2024 жылдың екінші тоқсанынан жоба жаңартылып, оған қолдау білдіретін мектептер саны 10%-ға артты. Бүгінде қаладағы 110 мемлекеттік мектептің 80%-ы осы жобаны қолдап отыр, – деп бөлісті Астана қаласының Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.
«Смартфонсыз мектеп» жобасы бойынша оқушылардың ұялы телефондары арнайы жеке сөрелер мен ағаштан жасалған қораптарда тұрады. Бұл қораптарды оқушылар технология пәнінде өздері қолдаған жасаған.
Оқушы тәртібі жақсарды
Биылғы оқу жылының басында телефоннан біржола бас тартқан мектептердің қатарында қалалық Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы бар. Бұл бастаманы мектеп әкімшілігі көтеріп, ата-аналар мен оқушылар бір ауыздан қолдаған. Мектеп директоры Айгүл Қашаева жобаның негізгі мақсаты – буллингке қарсы тұру деп бөлісті.
«Оқу процесі кезінде телефоннан бас тарту идеясы мектебімізде екі жыл бұрын қолға алынған еді. Оқушылардың телефондарын сабақ басталған уақытта арнайы сөрелерге салғанын түсірген мұғалімнің 30 секундтық бейнеролигі «TikTok» әлеуметтік желісіне жарияланғаны сол, қоғам тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Орталық Азия елдері мен алыс-жақын шетелдерден реакция күшті әсер етті.
Әлбетте, телефоннан бас тарту ең алдымен, оқушылардың өздері үшін қажет. Бұл жағдай олардың сабаққа деген ынтасын жоғалтпауына, барлық ойының басқа жаққа ауып тұрмауына ықпал етеді» деді А.Оңдағанқызы.
Мектеп директорының сөзінше, екі жылдан бері осы тәртіпке үйренген білім ошағында балалар арасында құқықбұзушылық орын алмаған.
– Қазір қоғамда кибербуллинг пен психологиялық денсаулық мәселесі ұшынып тұр. Әлеуметтік желіде, соның ішінде тез тарайтын вирустық желілердегі күмәнді ойындар мен қосымшалар болашаққа қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес. Ұялы телефонға ұзақ уақыт тәуелділік оқушылардың біліміне ғана емес, денсаулығына, ойлау жүйесіне, психологиясына қатты әсер етіп келеді. Әрине, басында оқушылар мен ата-аналар арасынан қарсылық білдіргендер болды. Десе де, ата-аналардың басым бөлігі қолдап, бүгінгі күні оқушыларымыз оған үйреніп кетті.
Телефоннан бас тарту саясатының нақты нәтижелілігі уақыт өте келе көрінді. Негізінен, бастама оң нәтижелер бергенін байқап жүрміз: телефоннан алшақтап, кітаппен достасқан оқушылардың тұрақты мінез-құлқы қалыптасты, білім сапасы жоғарылап, жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Дегенмен, біз толықтай шектемедік, үзіліс кезінде ата-анасына хабарласуға, асхана қызметін пайдалануға рұқсат етіледі, – деді директор.
Телефоннан алған білім азық болмайды
Ал Астана қаласы әкімдігінің «Психологиялық қолдау орталығы» мекемесі басшысының орынбасары, психолог Марал Ибрагим оқушының сабақ уақытында телефон қолдануының, жалпы телефонға тәуелді болуының салдарынан мінез-құлқы өзгеретінін айтады.
– Сабақ кезінде бала смартфонды керекті ақпарат іздеуге пайдаланады. Алайда керек нәрсесін іздеп отырып, қажетсіз сайттарға кірмейтініне кім кепіл. Үнемі смартфонның кішкентай экранына қарап отырған бала айналасында болып жатқан құбылыстарды аңғармайды. Балада болмашы затқа тез ренжу, ашулану сынды мінез-құлық пайда болады, – деді маман.
Психолог сөзінше, «Смартфонсыз мектеп» жобасының білім беру процесінде артықшылығы – балалардың өз біліміне жүгінуіне, еске сақтау қабілетін арттыруға, сондай-ақ балалар арасындағы коммуникацияны жақсартуға алып келеді.
«Бүгінгі күнгі балалардың өзара тіл табыса алмайтыны қынжылтады. Смартфонның экранына қарап, оларда біреумен сөйлесу қажеттілігі туындамайды. Ал смартфонсыз уақыт өткізетін болса, олар бір-бірімен тілдесіп, жаңа дос табады. Қосалқы құралсыз есіне сақтау қабілетіне жүгінуге мәжбүрлік есте сақтау қабілетін арттырады. Смартфондағы әлдекімнің дайын ойын қайталай салмай, өз ойларын қалыптастыруға да септігін тигізуі әбден ықтимал» деді психолог.
Білімді кітаптан емес, телефоннан алған баланың жеңіл-желпі оқығаны ертеңгі өмірлік азығы болмайтыны анық. Мұны растаған психолог Марал Ибрагим интернеттен алынған, біреулердің бұрмаланған ақпаратқа жасөспірімдердің сенуі де өте оңай дейді. Нәтижесінде бүгінде балалар алған ақпаратын тексеруді, саралауды білмейді.
Сонымен бірге, көптеген кітап оқу сайттарында жас шектеулері болмағандықтан, жасөспірімдер өз жасына сай емес әңгімелерді оқып, өзін сол әңгіменің кейіпкері ретінде елестетіп, біршама қателіктерге бой алдырып жатады. Ал бұл – депрессияға, жақындарынан оқшаулануына алып келетін алғашқы қадам.
P.S: Иә, смартфонға көп үңілетін буынның түрлі ойындар мен қажетсіз ақпараттың жетегіне кетіп, арты қайғылы жағдайда ұласып жатқаны азамай тұр. Осындайда мектептен бастап смартфонды шектеу, телефонға телінгеннен, оқитын ұрпақ қалыптастырудың жолы болмақ.
Индира БЕРЖАНОВА