Басты ақпаратҚала мен сала

Сарыарқада салиқалы жұмыс көп

Сарыарқа ауданы елорданың жүрегі іспеттес. Қаланың ескі орталығының күнделікті өмірі, аулаларды абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытудағы маңызды өзгерістер туралы аудан әкімі Бауыржан ЕРАЛЫМЕН әңгімелескен едік.

– Біздің ауданда 354 мың адам тұрады және олардың талаптары жыл өткен сайын артып келеді. Осы себепті биыл қоғамдық және аула кеңістіктерін абаттандыруға баса назар аударылды.

Аудан аумағындағы ойын алаңдары жаңартылып, демалыс аймақтары жайластырылуда. 8 қоғамдық кеңістік қазіргі заман талабына сай қайта жөнделіп, көгалдандырылды.

Жұмыс барысында қаланың тарихи көшелері саналатын Біржан сал және Гете көшелері жаңартылды. Бұл ретте біз тротуарлар мен инфрақұрылымды жабдықтап қана қоймай, сонымен қатар табиғи әртүрлілікті сақтап, ірі ағаштар мен бұталарды отырғызып, классикалық шойын шамдарын орнаттық, орындықтар мен урналарды жабдықтадық, суды үнемдеу үшін автоматты суару жүйе­сін енгіздік. Сондай-ақ биыл «Жастар» театрының алдында жаңадан субұрқақ пайда болды.

Айта кету керек, ауданды қайта құру жоспарларын жүзеге асыруға тұрғындардың өздері бірлесіп атсалысады. 2019 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аудан аумағында 143 аула мен 34 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Жалпы біздің жұмысымыз барлық жастағы адамдар үшін ыңғайлы және заманауи қалалық ортаны құруға бағытталған.

– Әкімшіліктің жұмысында тұрғындармен кездесулердің маңызы зор екені белгілі. Бұл ретте астаналықтарды қандай мәселелер мен ұсыныстар жиі мазалайды?

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде тұрғындармен кездесу– біз үшін қарапайым формальдылық емес, өзара іс-қимылдың және өзекті мәселелерді шешудің маңызды құралы. Біз аптасына екі рет өтетін жеке қабылдауға ерекше назар аударамыз және осы жылы мұндай 60 кездесу өтті. Бұл тұрғындардың тарапынан туындаған 489 мәселені тың­дауға мүмкіндік берді, оның 409-ы шешілді, ал қалғаны жұмыс үстінде.

Біз әсіресе мәселені шешу әкімдіктің құзыретінде болған кезде өтініштерге жедел жауап беруге тырысамыз. Қосымша қолдау қажет болған жағдайларда мәселені жан-жақты шешуді қамтамасыз ету үшін қалалық басқармаларға шығамыз. Жеке қабылдаулардан басқа, біз ­аппарат қызметкерлерімен бірге көшпелі кездесулер мен жаяу серуендер ұйымдастырамыз, бұл ауданның қажеттіліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері тұрғындардың қатысуымен осындай 35-тен астам кездесу өтті.

Толық ашықтық үшін «Сарыарқа ауданы» жеделхат-­чаты тоқтаусыз жұмыс істейді, ол тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарды жауапты мамандарға тікелей қоюға және түрлі мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің мамандарынан жедел жауап алуға мүмкіндік береді. Жұмысты осылайша ұйымдастыру сұраныстарға жедел жауап беруге және туындаған мәселелерді тиімді шешуге, қызмет көрсету мен байланыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Біз тұрғындармен қай уақытта да тілдесуге дайынбыз, өйткені тек бірлес­кен күш-жігермен ғана ауданымызды жайлы әрі қолайлы етуге болады.

Аудан тұрғындарын мазалайтын ең өзекті мәселенің бірі – жолдарды жөндеу және жаяу жүргіншілер тротуарларын салу. Бұл бағытта биыл 15 көшеде асфальт жабыны жаңартылып, орташа жөндеу жұмысын жүргіздік. 12 мекенжай бойынша жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар жабдықталды. Мысалы, Н.Тілен­диев даңғылы бойындағы ұзындығы 12 шақырым тротуар аймағы толығымен жаңартылды. Көптеген өтініш бойынша 9 мекенжайда автотұрақтарды абаттандыру жұмысы жүргізілді. Бұл жұмыс көппәтерлі үйлердің жанында тұрақ мәселесін шешуге және тұрғындардың қозғалысын жақсартуға бағытталды.

Сондай-ақ 45 көшеде инертті материалмен толтыру жұмысы жүргізілді. Асфальт жабыны жоқ учаскелерде жолға уақытша құм төгіледі, бұл тұрғындарға аса ұнай бермейді. Дегенмен ол – қажетті шара. Себебі бұл әдіс жолдан өту мен қауіпсіздікті жақсартуға, шұңқырлардың тереңдеп кетпеуіне, сондай-ақ жол төсемінде судың жиналуын азайтуға мүмкіндік береді.

– Сіз Сарыарқа елордадағы халық көп шоғырланған ауданның бірі екенін атап өттіңіз. Қарбалас уақытта көлік кептелісі және басқа да мәселелер туындайтыны анық, олар қалай шешіледі?

– Иә, елордамыз күн сайын өсіп, қарқынды дамып келеді және жыл сайын халық саны артуда. Бұл бізге жаңа міндет жүктейді. Ауданымызда халықтың жыл сайынғы өсімі 5-8 мың адамға ұлғаюда.

Біз қалалық басқармалармен бірлесіп шешетін негізгі бағыттың бірі – көлік инфрақұрылымын жақсарту. Бұл ретте биыл тұрғындардың өтініші бойынша біз 4 жаңа бағытты қостық. Сондай-ақ қолданыстағы 7 автобус маршрутының схемасы қайта қаралды, олар ұзарды, оларды қамту аймағы кеңейді. Бұл қозғалысты одан да ыңғайлы және жылдам етті.

Коммуналдық көлікті ілгерілету мақсатында жаңа автобус желілері анықталды, бұл әр жолы жол жүру уақытын оңтайландыруға және қысқартуға көмектеседі.

Біз тұрғындар үшін көлік қызметінің сапалы және қолжетімді болуы қаншалықты маңызды екенін түсінеміз және қала ішінде қоғамдық көлікпен қатынауды одан да ыңғайлы ету бағытындағы жұмысты жал­ғастырамыз. Жолдар туралы айт­сақ, жылы аялдамалар мәселесі өте маңызды.

2024 жылы жабық типтегі 9 аялдама салынды, аудан бо­йынша барлығы 71 аялдама бар. Аялдамаларды абаттандыру барысында әлеуметтік нысандардың, көпқабатты тұрғын үй кешендерінің жағдайын, сондай-ақ қала тұрғындарының сұранысын ескереміз.

– Келесі өте маңызды тақырып – білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешу. Ауданда жаңа мектептер салынып жатыр ма, мектепке дейінгі мекемелер, демалыс орталықтары мен аула клубтары жеткілікті ме?

– Жаңа оқу жылы қарсаңында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында біздің ауданда жобалық қуаты 2000 оқушыға шақталған 2 заманауи мектеп ашылды. Олар Бейбарыс Сұлтан көшесі, 15 және Ұлытау көшесі, 58 мекенжайында орналасқан. Бұл мектептер қолданыстағы оқу орындарының шамадан тыс жүктемесін шешіп қана қоймай, үздіксіз және сапалы білім берумен айналысады. Заманауи стандарттарға сәйкес салынған бұл мектептерде химия, биология, физика зертханалары жабдықталған, барлық сынып пен кітапхана жаңа технология­мен жабдықталған. Сонымен қатар шахмат, домбыра, хо­реография, волейбол, баскетбол, театр және т. б. үйірмелер жұмыс істейді.

– Сарыарқа ауданының тұрғын алаптары туралы толығырақ айтып беріңізші. Олардың саны, шекаралары, негізгі проблемалары қандай?

– Біздің ауданда 3 ірі тұрғын алап бар: Көктал-1, Көктал-2 және Агроқалашық. Оларға ерекше назар аударудың маңыз­ды екенін түсінеміз, сондықтан біз қаланың шет аймақтары орталық аудандар сияқты өмір сүруге қолайлы болуы үшін күш жұмылдырудамыз. Мысалы, бұрын Киров атындағы совхоз деп аталған Көктал тұрғын алабын алсақ, мұнда қазір шамамен 37 мың адам тұрады. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан аумақ және біз оның тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту жолында еңбек етіп келеміз. Бүгінгі таңда жолдардың 90 пайыздан астамы асфальтталған, биыл тағы 6 көшеге орташа жөндеу жүргізілді, бұл көлікпен жүрушілер қатарын едәуір арттырды. Сонымен қатар бұрын абаттандырылған 10 аулада заманауи жайлы аула кеңістігі пайда болды.

1000-нан астам адам тұратын Нұрбесік шағын ауданына (Көктал-1 тұрғын алабы) ерекше тоқталғым келеді. Мұнда 2007 жылдан бері тұрып жатқан халық 16 жылдан бері үйіне меншік иесі екенін растайтын құжат ала алмаған еді. Бұл оларды тұрғылықты жерінде тіркелуіне, өз кезегінде медицина мекемелеріне тіркеуге тұруына, балаларды балабақшалар мен мектептерге орналастыруға кедергі келтірсе, биыл барлық техникалық мәселе сәтті шешіліп, қазір құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу процесі жүріп жатыр. Олар енді ресми түрде Астананың тұрғындары атанды және 16 жылдан кейін өз үйіне тіркелу құқығына ие болды.

Агроқалашық тұрғын алабында тұрғындардың бастамасымен Юбилейная көшесі, 22 мекенжайында жаңа қоғамдық кеңістік салуды қолға алдық. Ол балаларға арналған ойын алаңдарын да, ересектерге арналған тыныш аймақтарды да қамтиды. Бұл жерде тұрғындар отбасымен демалып, бос уақытын балаларымен және немерелерімен тиімді өткізе алады. Сондай-ақ бірнеше аулада күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

– Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қалалық инфрақұрылымның қолже­тімділігін қамтамасыз етуде қандай жұмыс атқарылуда?

– 2023 жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз етуде елеулі қадам жасалды. Тарихи көшелерді қайта құру бо­йынша ауқымды жоба аясында 27 мың шаршы метр аумақты алып жатқан тротуар жөнделді, бұл инклюзивті қалалық ортаны құру жөніндегі жұмысымыз­дың маңызды бөлігі деуге болады. Біз тротуарларды кеңейтіп, жол жабынын ауыстырып қана қоймай, ыңғайлы пандустар мен тіректерді орнаттық, жаяу жүргіншілер өткелін жөндедік, бұл тұрғындардың қала ішінде жүруін айтарлықтай жақсартты. Биыл тұрғын алаптардағы 12 көшеде тротуар абаттандырылды, бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда. «Қорғалжын» және «Ақжайық» саябақтарында инклюзивті шағын сәулет нысандары орнатылғанын атап өткім келеді.

Тарихи көшелерді қайта жаңарту жұмысы да жалғасып жатыр. 15 мың шаршы метрден астам тротуарды жөндедік. Бұл ретте кедергісіз орта құруға баса назар аударылуда.

 

Екатерина ТЫЩЕНКО,

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button