Астаналықтар – айтыс жеңімпазы
Елорданың төрінде қала әкімдігінің және «Аманат» партиясының қолдауымен, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы және Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның ұйымдастыруымен «Бағаналы орда – Астана» атты Астана мен Алматы қаласының арасында командалық айтыс өтті.
Қазылар алқасының төрағасы болып, ақындарын жетелеп «Отан» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның өзі келді. Ал ақтаңгер ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай жүргізді.
Осылайша көшпенділердің көшпе алтыны сияқты, қарашада қайтқан құспен бірлікте Арқаның төсіне келген ақындар «Әділетті қоғам», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» ұлттық жобаларының маңызын тілге тиек етіп, ұлттық бірегейлігімізді жырға қосты.
Жылаған баласын жырмен жұбатқан Астана халқы да ақындарын сағынып-ақ қалған екен. Жұмыс күні болғанына қарамастан Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның залы лық толды. «Алатаудан арқадан, ақындарым келіпсің» деп кезінде жарықтық, Жамбыл атамыз жырлағандай, Алматы мен Астананың ақындары түскен сөз сайысының басын екі команданың ішіндегі құлдыраңдаған құлындай жеті жасар Ерсұлтан Берікболұлы мен он бір жасар Нұрахмет Азат бастап, өз командаларын жырмен таныстырғанда қалың көпшілік олардың тақылдаған таңдайына сүйсініп, жүректері исініп ақ батасын жаудырып жатты. Одан кейін бірінші болып сахнаға Алатаудың төрінен келген Нұрзат Қару мен астаналық Мұхтар Қонарбаев шығып, қыз-жігіт айтысын жасады.
Жолдармен жүріп келем баба салған,
Кезім жоқ биігімнен аласарған.
Армысың, азаттықтың астанасы,
Етпеп пе еді бұл қаланы Алаш арман.
Қазақтар, қалайсыңдар Сарыарқадан,
Сұп-сұлу астанасын сала салған.
Батпағы шыққан бетпақ атыраптан,
Бұлтқа дейін жететін қала салған, – деп айтысты бастаған Мұхтар көрерменнің бірден көзайымына айналып, әріптесіне қарап, оның аты-жөнін әдемі әзілге қосып:
Күйеуіңнің жағдайы жақсы шығар,
Хордың қызын басқандай қойынына.
Қару-жарақ асынбай күндіз-түні,
Қару Нұрзат асылса мойнына, – деп амандасуының өзін әдемі әзілмен түйіндесе, оны жұлып алғандай әріптесі Нұрзат Қару да:
… Есі кеткен түседі екі жасқа,
Әркімнің кіре берме қойынына.
Үлкейгенде барлығын түсінесің,
Үлкендердің араласпа ойынына, – деп бірден қарымта қайтарып, елдің ішек-сілесін қатырып жастар деген аттарына жарасымды жақсы айтыс жасады.
Ал одан кейін жыр айтушылар сахнаға көтеріліп, көмейіне бұлбұл ұя салған Елмұра Жаңаберген мен Аманқос Садықов жыр айтудан өзара сайысқа түсті. Аталған айтыстың артықшылығы да сол, әр айтыстың арасында қазақтың жыр айту дәстүрі, терме орындау, күй тарту сияқты өнерлері көрсетіліп отырды. Ал ақындар түр айтыс, сүр айтыс, қайым айтыс сияқты айтыстың әртүрлі жанрын жаңғыртып, тыңдаған елдің құлақ құрышын қандырды. Мысалы, бір шумақпен қарсы жақтың өлең жолын сақтай отырып жауап беретін ерекшелікке ие қайым айтысқа шыққан Астана командасының ақыны Нартай Тілеуқұл мен Алматы командасының ақыны Ақниет Жұбанышов осы айтыс үлгісінің озық түрін көрсете алды деуге болады.
Өйткені Нартайдың әріптесіне қарата айтқан:
Сезсек де Алатаудың кешкі лебін,
Бірақ бір кемшілігін естіп едім.
Алматыда кеткенде жер сілкініп,
Келе ме Астанаға көшкілерің, – деген сөзіне ұйқасын бұзбай, өз етін өз майына қуырғандай Ақниеттің:
Жер сілкінсе үзілмес еш күдерім,
Көшем деген жанды да естімедім.
Көктемде Астананы су басқанда,
Келе ме Алматыға көшкілерің, – деп адам кірпік қаққанша, ат сүрінгенше сөз тауып айтқанына халық іштей риза болып, ду қол шапалақтап жатты. Бұдан кейін Астана командасының күйшісі Бақытжан Дүйсенғазиев пен Алматының күйшісі Дастан Қазкен қара домбыраның қасиетін айқындап, бірінің күйін бірі жалғап, өзара бақ сынасып, күй тартудағы шеберліктерін танытты. Күй өнерінен кейін астаналық Иранғайып Күзембаев пен алматылық Шұғайып Сезімхан екі жүйрік жарысқандай Түре айтыс жасаса, қазақтың күміс көмей әншілері Клара Төленбаева мен Нұржан Жанпейісов екі бұлбұл сайрағандай әсер қалдырып тыңдарманын әнімен әлдиледі. Соңғы айтысты алматылық «Асыл домбыра» иегері Қазірет Бердіхан мен астаналық «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров түйіндеді. Міне, осылайша кіл жүйріктермен шын жүйріктер бас қосқан өнер майталмандарының додасы халықтың зор ықыласына бөленіп аяқталды. Ал астаналықтар командалық айтыстың жеңімпазы атанып, келесі айналымға жолдама алды. Айтыс соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Астана қаласы әкімдігінің ықылас гүлі тарту етілді. Сондай-ақ қатысушыларға ақшалай сыйлықтар үлестірілді.
Шапағат ӘБДІР