Білім

Алаяқтыққа қарсы оқушы жобасы

Қоғам арасында киберқауіпсіздікті нығайту мақсатында елорданың Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Жәнібек Дулатұлы арнайы жоба жасады. Оқушының «ChatGPT» нейрожелісіне ұқсас платформасы ақпараттың дұрыс не бұрыстығын анықтауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект технологиясының дамуы адамдарды алдаудың жаңа тәсілдеріне жол ашты. Алаяқтар нейрондық желілерді пайдаланып, адамдардың дауысын, бейнесін, мәтіндерін көшіріп, көпшілікті оп-оңай алдап жүр. Сондай-ақ алаяқтардың банктер, тауар жеткізушілер немесе басқа да сенімді дереккөздердің атын жамылып, хаттар немесе хабарламалар жіберуі тіптен өрши түсті. Фишинг деп аталатын бұл интернет-алаяқтықтың түріне алданып, көпшіліктің қалтасындағы ақшасынан қағылып қалып жатқаны тыйылар емес.

Бұл мәселені алдын алу мақсатында елордалық оқушы Жәнібек Дулатұлының жобасы септігін тигізбек. 16 жасар білім алушы жастайынан жаңа технология­лардың кең мүмкіндіктерін игерген. Ал жобаны жасауға информатика пәні мұғалімі, жетекшісі Жанар Елубайқызы ұсыныс тастаған.

– Жоба идеясы қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – алаяқтықтың алдын қалай алсақ деген ниеттен туды. Менің жақын құрбым алаяқтықтың құрбаны болып, біраз қиындықты көрген еді. Яғни бүгінде кибербуллинг, алаяқтық, фишинг ұғымдарының өзектілігі артуда. Педагог ретінде бұл тақырыпты жоба ретінде кеңінен насихаттағым келді. Шәкіртім Жәнібекке ұсынып, ол да «жобамыз көпшілікке ұнап жатса, нұр үстіне нұр болар еді» деген пікір білдіріп, қызығушылық танытты, – деп бөлісті мұғалім.

Жаңа технологияларға жақын оқушы өзінің зейіні, дарыны және ізденістігімен бағдарлама жасауды былтырдан бастады. Жәнібектің сөзінше, жасанды интеллект жобасы киберқауіпсіздік жүйелерін дамыту үшін қолданылады.

– Жобада жасанды интеллектінің машиналық оқыту түрі пайдаланылады. Ол кибершабуылдардың түрлерін талдай отырып, жаңа қауіптерді болжай алады. Кез келген ұялы телефонға келген хаттардың фишинг болуы не болмауын анықтап береді. Осы арқылы жасанды интеллект алаяқтықтың алдын алады.

Мұндағы негізгі ақпаратты өзім түрлі сайттардан көріп, зерделедім. Хаттың фишинг екенін анықтауда «OpenAL» сайтына тіркеліп, GPT-3 API кілтін алу арқылы Python тілі (жоғары дәрежедегі бағдарламалау тілі) қолданылды, – деді жас зерттеуші.

Жобаның «Cyber News» атты қосымшасы да бар. Мұнда киберқауіпсіздікке қатысты танымдық видеолар, негізгі анықтамалар, сұрақ-жауап бөлімдері жинақталған. Мәселен, қосымшада «Фишинг ақпаратты қалай анықтаймыз?» деген сұрақ қою арқылы алаяқтықтың алдын алудағы кеңестерді білуге болады. Осылайша пайдаланушы маңызды ақпарат, қызықтырған сұраққа жауапты арнайы бот арқылы алады.

«Әзірше бұл жобаның бастамасы ғана, шәкіртіммен бірге әлі де толықтырып, жетілдіруді мақсат етпекпіз. Бүгінде бұл жоба плагиаттыққа тексеріліп, одан сәтті өтті. Енді жоба сараптама кезеңінде, одан кейін қорғау кезеңі болады. Аталған кезеңдерден өтсек, ғылыми жобалар байқауына қатысу ниетіміз бар. Алдағы уақытта жобамыз толықтай жетілсе, көпшілікке жариялаймыз деген сенімдеміз» деді жоба жетекшісі Жанар Елубайқызы.

Педагогтың айтуынша, оқушы 5-сыныптан-ақ информатикаға жақын болғандықтан, қажетті мәліметтерді бірден тауып алып жатты. Оның үстіне Жәнібекке ағасының берген тәрбиесі мен ұстазымен үнемі байланыста болуы көп әсер еткен. Жауапкершілік ала білетін және есте сақтау қабілеті дамыған дарынды оқушы бір айтылған тапсырманы мұқият орындап шығатынын жетекшісі мақтанышпен айтты.

– Жасанды интеллект қоғамның маңыз­ды бір бөлігіне айналып бара жатыр. Түрлі салаларда кеңінен қолданысқа еніп, көпшілік оның пайдасын көруде. Өзім алдағы уақытта инженер мамандығына түсуді жоспарлап отырмын. Себебі ол – болашағы зор мамандық. Біздің әулетімізде ғылым-білімге жақын жандар бар. Оның ішінде, негізінен, білім жолына түсуіме ағамның үлесі көп дер едім. Ол – химия пәнінің мұғалімі, бәлкім, мен де ағама қарап, жаратылыстану бағытын өзіме жақын тарттым. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқу бір жағынан қызық болса, енді бірде бұл бағыттың қоғамға қосар үлесі ерекше дер едім. Мен де ең өзекті мәселе, алаяқтықтың алдын алуда өз үлесімді қосып, жасанды интеллект арқылы пайдамды тигізсем деп армандаймын, – деді оқушы.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button