Есімі ел есіндегі азамат
«Өмір көшкен керуен дегендей», ортамызда шат-көңілмен жүретін, зейнет жасына жетіп, ақсақалдықтың ақ жолына түсуге талпынған асыл азаматымыз, Астана қаласының Құрметті азаматы, өмір жолы бүгінгі ұрпаққа өнеге, тағдыры еліміздің жүріп өткен жолымен сабақтас болған Қуаныш Махмұтұлы Алпысбековтің дүниеден өткеніне үш жылдай уақыт болыпты.
Атпал азамат дүрбелеңге толы жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында дүниеге келіп, осы ғасырдың алғашқы ширегінде мәңгілік мекеніне аттанды, артында қалған өзі өмір сүрген қоғамына, еліне қалтқысыз қызмет жасады.
Алпысбековтің еліне, қоғамына, отбасына, ортасына, ағайын-туыс, жора-жолдастарына жасаған азаматтық, адамгершілік жақсылықтары мен еңбектерін жинастырса, бір емес бірнеше дастан болатынына еш күмән жоқ. Мен Қуаныш Махмұтұлының азаматтық, адамгершілік бейнесін сипаттайтын бірнеше деректерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
…Қуаныш Алпысбековтің балалық шағы соғыстан кейінгі қазақ ауылында өтті және ол өмір сүрген ортаның сол кездегі Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдардан еш айырмашылығы жоқ. Қазір бұл елді мекен қазақтың атын бүкіл әлемге танытқан, кіндік қаны осы жерде тамған балуан Қажымұқан ауылы деп аталады. Қуаныштың әкесі Махмұт «Новоишимка» дейтін колхоздың төрағасы болған. Соғыстан кейінгі ауыр жағдайға қарамастан, сол жылдардағы колхоз-совхоздардың жұмысын тік тұрғызып, ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік тұрмыстарын көтерген Махмұт ағаның есімі осы уақытқа дейін халық жадында. Қолы босаған сәттерде Махмұт ағай ағынан жарылып, балаларына «ерінбей еткен еңбектің түбі – зейнет, жұмыстың жақсысы немесе жаманы болмайды, атқарған жұмысыңа шын беріліп істегенде ғана өзіңе де, қоғамға да пайда еселеп келеді, еңбек еткен ұжымдағы беделің де арта түседі» деп отыратын. Осы қағидаларға Қуаныш биліктің сан салалы қызметтерін атқарғанда талай рет көз жеткізді.
Тынымсыз колхоз жұмысы қашанда бастан асып жатса да әкесі Махмұт пен анасы Хафиза балалар тәрбиесіне, олардың білім алуларына ерекше мән беріп отырды. Әкесі қолы бос кезінде балаларын жанына отырғызып алып, балапандарым, қолдарыңда біреуге көмектесу мүмкіндігі болса, міндетті түрде қол үшін беріңдер және одан жақсылығыңның қайтарымын күтпеңдер. Халықта: «Жақсылығыңды міндет етпе» деген даналық сөз бар. Жасаған қайырымың өзіңе қайтпаса да, сендердің туған-туыстарыңа, әулетіңе жақсылық нұры болып ерте ме, кеш пе, әйтеуір оралары анық. Әкесінің бұл айтқан өсиеті Қуаныштың бүкіл болмысында жатталып қалды. Қайда болса да, қандай лауазымды қызметтер атқарса да ол әкесінің айтқан ақылын ешқашан естен шығарған емес.
Колхоз орталығы Ақмола қаласына жақын болғандықтан, Қуаныш мектепті қалада бітірді. Онжылдықты тәмамдаған соң ол өзінің қалауымен Новосібірдің теміржол транспорты инженерлік институтына түсіп, диплом алысымен осы саладағы жұмысты Есіл станциясынан бастады. Жас маманның іскерлігін байқаған Тың теміржол басқарма басшылығы біраз уақыт істеген Қуанышты Ерейментауға станция бастығы етіп тағайындады. Осы бір құтты мекен Қуаныштың лауазымдық қызметінің өсуінің бастамасына айналды. Екі мыңнан астам адамы бар ұжымда жас маман нағыз еңбектің қадірін біліп, әр кезде де жинақы және жауапты болудың негізін қалай білді, адамдармен қоян-қолтық араласып, шыңдалу мектебінен сүрінбей өтті.
Сол жылдардағы партияның кадр саясатында бүгінгі күнге үлгі етіп аларлық жақсы ерекшеліктер бар болатын. Өз ісіне қабілетті жастарды батыл жоғарылатып, қолдап отыратын. Соның мысалы ретінде көп ұзамай Ерейментау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зикен Рамазанов Қуанышты аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынды. Ол болса, қанша қасарысып, көнгісі келмегенмен сол кездегі тәртіп – партия айтты ма, оны сөзсіз орындау қажет болатын. Аудандық комсомол комитетіндегі Қуаныштың жұмысы ұзаққа созылған жоқ, бір жылға жетер-жетпес мезгілде облыс басшылығы Қ.Алпысбековті Целиноград облыстық комсомол ұйымына жетекшілік етуге шақырды.
Шынын айтсақ, Қуаныш мұндай күрт өзгерісті күтпеп еді. Неліктен таңдау маған түсті? Жауапкершілігі мол мұндай жұмысты алып жүре алам ба деген сан қилы сұрақтарды өзі-өзіне қойып, абдырап қалды…
Шаруашылықтағы қоғамдық-саяси, мәдени жұмыстардың барлығын өз қолына алған жаңа комсомол жетекшісі зор жауапкершілікпен құлшына іске кірісті. Облыс орталығында еңселі ғимараттар – Кеңестер үйінің, сол заманғы Тың игерушілер сарайының, Жастар сарайының, ауруханалар мен балалар бақшаларының құрылыстары қарқынмен жүріп жатты. Құрылысшылардың басым бөлігі – жастар мен комсомолдар болатын. Ауыл шаруашылығында да жағымды өзгерістер болып жатты. Егін ору, шөп шабу, отар-отар қойлар мен ірі қара малды бағып жүрген де жастар еді. Соның нәтижесінде көп ұзамай-ақ, оның ұйымдастырушылық қабілеті көріне бастады. Мұндай іскер, ізденімпаз қызметкер партия органдарына да қажет еді.
Жас маманның қарымын байқаған Целиноград қалалық партия комитеті Қ.Алпысбековке Совет аудандық партия комитетінің тізгінін сеніп тапсырды. Осылайша қызмет бабы өскен сайын Қуаныш Алпысбеков түрлі ортада болып, адамдармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтады, жаңалыққа жаны құмар маман ретінде еңбек ұжымдарында болып, жұмысшылардың талап, шағымдарына ерекше көңіл бөлуді жағымды әдетке айналдырды.
1985 жылы Целиноград қалалық атқару комитетінің төраға қызметін жемісті атқарып жүрген Қуаныш Алпысбеков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру бөліміне ауысты. Бұл қызметтің ең басты талабы – адамдармен тіл табыса білу, әсіресе партия кадрларының мүмкіншілігін аша білуде Қуаныштың білімі мен түрлі салаларда жинақтаған тәжірибесі осындайда көмекке келді, ұжымдағы әріптестермен қоян-қолтық араласып, өздеріне қатысты мәселелерді талқылауда оның ой-өрісі дараланып, нақты ұсыныстары көптің көңілінен шығып жататын.
Орталық партия комитетіндегі Қ.Алпысбековтің аппараттағы нәтижелі жұмысы туралы жағымды пікір Димаш Ахметұлы Қонаевтың да назарына іліккен болуы керек.
1986 жылдың қыркүйек айы болатын. Жұмыс уақыты аяқталып, үйге кетуге жиналып жатқан Қ.Алпысбековті телефон шырылы тоқтатты. Телефонды көтергені сол еді, ар жағынан ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтановтың ентіккен дауысы естілді: – Тездетіп Димаш Ахметұлының қабылдауына барыңыз, – деді ол.
Қабылдау бөлмесіне кірген Қуанышты бірінші хатшының көмекшісі Дүйсетай Бекежанов есікті ашып, ішке итермелегендей болды. Одан арғы әңгімені Қуаныш Алпысбеков маған былайша жеткізген еді:
– Димекең ұзын үстелдің басында отыр екен. Мені көріп, баяу тұра бастады. Үстелінің үстінде жатқан өз құжаттарымды байқадым. Қол алысып, амандасқан соң, отырыңыз дегендей ишара білдірді. Содан соң сәл тыныс жасап:
– Қуаныш, сені өсетін жерге жіберіп отырмын. Қостанай обкомының хатшылығына ұсынылдың. Жолың болсын! – деді ықыласпен.
Сосын орыс тілінде: «Қазір Мәскеуге, КОКП Орталық Комитетіне әңгімелесуге барасың. Ол жерде мен туралы «қыртыл-мыртыл» секілді бейәдеп сөздер айтылуы мүмкін. Жауабын қалай беруді өзің білесің» деді. Димекең қоштасарда қолымды қысып, бірдеңе айтқысы келгендей ұзақ ұстады. Өзімнің пайымдауымша, мен оның ақ жол тілеген соңғы кадрларының бірі болуым керек.
Осылайша арман қуалаған қиялмен Мәскеуге жеттім. Келісімен Орталық партия комитетінің инспекторы Мищенко, одан соң ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Разумовскийлердің қабылдауында болып, олардың аузынан шыққан Қонаев атамыз айтқан «қыртыл-мыртылды» естіген Қ.Алпысбековтің Алматыдан келген көтеріңкі көңілі су сепкендей басылды. Қуаныш өмірінің сол кезіне дейін бірде-бір адамнан осындай бейпіл сөзді естіп көрмеп еді. Кремльден шыққан Қуаныш Алпысбеков үшін Орталық Комитеттегі мәскеулік партократтар мәдениеттен жұрдай, білімдері таяз, саналары улы шовинистік зәрмен уланған, осындай жоғары лауазымға кездейсоқтықпен келген, жеке бастарының жағдайын ғана ойлаушы, басқа ұлттар өкілдеріне немқұрайды қарап, шовинизм мен шизофренизм дертіне шалдыққан науқастарды елестеткендей болды. Әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін СОКП Орталық партия комитеті қабылдаған «Қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулыны дайындағандар да сонда ұзақ жылдар бойы тамыр жайған осындай шовинистер тобы болуы әбден мүмкін.
Сол кездегі байыпты кадр саясатының және алған білімі мен біліктілігінің арқасында ауылдың қарапайым баласы Қазақстанның ірі аймағы басшыларының қатарына дейін көтерілді. Осының бәрі Қуаныштың табиғат берген қабілеті мен адал жұмысының арқасында мүмкін болды. Ал мұндай қасиет ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен даритыны белгілі.
Қостанай облыстық партия комитетінде хатшы қызметін жемісті атқарып жүрген Қуаныш Алпысбеков тағдырдың жазуы ма, жоқ әлде сол кезде қалыптасқан партия тәртібі сондай болды ма, СОКП Орталық партия комитеті орталық аппаратта қызмет істейтін білікті қызметкерлерді Одақтас республикалар арасынан іріктей бастағанда таңдаулары Қуаныш Махмұтұлына түсті. Олар Қ.Алпысбековті Орталық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің инспекторлығына тағайындап, әрі оған Ресейдің Вологда, Псков облыстарының кураторлығын қосып берді.
Жат жерде жүрген Қуаныш Алпысбековтің жанында сүйенері де, сенім артар ешкімі болмады. Сондықтан қандай бір жауапкершілікті өз мойнына артып, қазаққа тән иманшылдық пен нартәуекелдік арқасында өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқара білді.
Әсіресе, Вологда облысы мен сол аймаққа қарайтын Череповец және Великий Устюг қалаларында өткізілген облыстық және қалалық партия конференцияларында Қуаныш Алпысбековтің білімі мен біліктілігі, дәйекті дәлелдері сол аймақтағы коммунистер мен жұмысшыларды, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін таң қалдырмай қоймады.
Бұл кезде Орталық партия комитетінде де өзгерістер болып жатты, атап айтқанда, аппарат қысқартыла бастады. Бұрын Қуаныш істеген Солтүстік Батыс экономикалық ауданы секторындағы 7 қызметкерден өзі ғана қалды. Енді Қуанышқа қарасты облыстар сапына Ленинград қаласы мен Ленинград, Архангельск, Новгород, Мурманск, Калининград облыстары, Карелия мен Коми автономиялы республикалары қосылды. Жұмыс бұрынғыдан да күрделене түсті.
КСРО тарағаннан кейін Қуаныш Алпысбеков елге оралды. Көлік министрі Н.Есенғариннің ұсынысымен оны осы министрліктің орынбасарлығына тағайындады.
Бірде Қуаныш Алпысбековті өзі бұрыннан бері жақсы білетін Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Ежиков-Бабаханов шақырады. Кездесу кезінде Премьер-министрдің орынбасары үш мұхит лайнерін сатып алу жайлы әңгіме қозғайды. Алайда Қ.Алпысбеков бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шықты. Қуаныш Махметұлы осы тұста, егер осындай қымбат кемелер алуға бел бусақ, онда жаңадан құрылып жатқан Ақтау теңіз-кеме қатынасы айлағы үшін «өзен-теңіз» үлгісіндегі танкерлер алуымыз қажет екенін дәлелдейді. Сондай-ақ үш лайнердің жұмыстарын бақылаудың қымбатқа түсетінін, халықаралық кеме қатынастар тәжірибесінде қымбат лайнерлерді көбінесе қару-жарақтар, есірткілер тасымалында жиі пайдаланатынын ескертті.
Алпысбеков бұл әрекетке қарсы қанша дәлелдер келтіргенімен, Ежиков- Бабаханов әңгіме барысында енді бұл мәселені сөзбұйдаға салудың қажет еместігін, лайнерлер сатып алу мәселесінің шешіліп қойғанын білдірді. Алпысбеков болса, бұл жұмыстың ақылға симайтындығына көз жеткізгеннен кейін, қарсылық белгісі ретінде қызметінен отставкаға кететіні жайлы өтініш берді.
Жоғарыда сөз болған үш теңіз лайнерлерін қазақстандықтардың көргені немесе сол лайнермен саяхат жасағандары бар ма екен? Лайнерлерді сатып алуға жұмсалған есепсіз қаржы қай жақтан келді, кімнің қойны-қонышына түсті екен? Бұл мәселе осы күнге дейін жабық күйінде жатыр.
Тәуелсіздік жылдары Қуаныш Махмұтұлы екі рет Парламент депутаты болып сайланды. Бірінші рет 1994 жылы 13 шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Депутаттық мандаты мерзімінен бұрын аяқталғанмен, Қ.Алпысбековті жаңа қызмет – Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымы күтіп тұрды. Қайда еңбек етсе де, қызметтік міндеттерді ойдағыдай орындауға күш-қабілетін аямай жұмсап, осы лауазымға қойылған басшылардың үлкен сенімінен шығуға және қарапайым жұрттың үміттерін ақтауға тырысты. Елдің сенімін арқалаған кезде жауапкершіліктің нағыз салмағын айрықша түсіне білді.
1999 жылғы Мәжіліске депутаттар сайлау науқаны өте қиын жағдайда өтті. Бұл кезде Қазақстанның тұрғындары үлкен қиындықтарды басынан кешіріп жатты. Республиканың экономикасы жамбастап жатып қалған еді. Ел жалақыларын, шамалы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерін айлап ала алмаған уақыт еді. Дәл сол кезде Қуаныш облыс басшыларының бірі болатын. Жұрт өздерінің өміріндегі қиындықтарға кінәлі билік өкілдері деп білетін. Қ.Алпысбеков жоғарғы қызметтің тұтқасын ұстағаннан кейін елде болып жатқан оқиғалар үшін жауапты екенін жақсы түсінді. Сондықтан сайлаушылардың қойған сауалдарына орай, елдегі қиындықтар үшін өзінің жауапты екенін ашық мойындап, мүмкіндігінше адал, дәлелді жауаптар беруге тырысты. Ақырында облыстың алты ауданы Қуаныш Алпысбековтің кандидатурасын қолдап, ол депутат болып сайланды.
Депутаттық мандатты пайдаланып, Қуаныш Ақмола облысы бойынша бірнеше мектеп салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлдірді, көптеген ауылдарында ауызсу мәселесінің шешілуіне ықпал жасады, автокөлік жолдарын жаңадан салуға, күрделі жөндеуден өткізуге қомақты инвестициялар салдырды. Қуаныш өзіне тән жігермен қайнаған оқиғаның ортасында болып, көкейкесті жайлардан жалтармай, сайлаушылардың үміттерін ақтау үшін азаматтық белсенділік таныта білді.
Осы кезде, Астана қалалық әкімдігі мен Республикалық Ардагерлер кеңесінің басшылығы Қ.Алпысбековтің адамдармен жақсы қарым-қатынас орната алатын тәжірибесін және елорда ардагерлерінің басым көпшілігін білетінін ескеріп, оған Астана қалалық Ардагерлер кеңесін басқаруды ұсынды.
Мен журналистік өмірімде халқына адал қызмет етіп, маңдай терін төккен, Тәуелсіздік жылдары еліне жан жүрегімен қызмет еткен талай тарландарды білемін. Солардың бірі, ерекше сыйлайтын тетелес інім – Қуаныш Махмұтұлы Алпысбеков. Бұрын сырттай біліп жүрсем де кейіннен бірнеше рет кездесіп жүздескеннен кейін, маған алғашқы беттен-ақ еліне деген адалдығы, қызметіне деген әділеттігі ұнады. Әйтеуір, оны қай кезде көрсем де, іштей разы болып, үнемі құрмет тұтып жүрдім.
Қырық жылдан аса халқына қызмет жасап, мәртебелі биігінен, азаматтық тұлғасымен, қадір-қасиетімен көрінген Қуаныш Алпысбековтің қайраткер тұлғасы осындай. Түрлі қызметте жүріп, Қуаныш ұзақ жылдарғы өмірінде әділдік пен шындықты өзіне серік еткенін пайымдайсың.
Бүгінде Қуаныш өкінішке қарай, қатарымызда жоқ. Ол тым ұзап кетті, мәңгілік мекеніне жайғасты. Асыл азаматтың жарқын бейнесі оны білетіндер мен ел көңілінде сақталатынына еш күмән жоқ.
Мейрам БАЙҒАЗИН,
Қазақстанның құрметті
журналисі, Астана қалалық
Ардагерлер кеңесінің
мүшесі