Басты ақпаратМәселе

Жол апатын қалай азайтамыз?

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жүргізушілерді даяр­лау деңгейінің төмендеп кеткенін айтып, жол-көлік оқиғасының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Расында, жыл сайын жолда орын алатын төтенше жағдайлардан 2 мыңнан астам адам көз жұмады екен. Келеңсіз жағдайлардың негізгі себебі неде, қалай алдын алуға болады? Бұл сұрақтың жауабын арнайы мамандардан білдік.

ЖОЛ АПАТЫНА НЕ СЕБЕП?

Шыны керек, жол-көлік оқиғасы қоғамның зор алаңдау­шылығын туғызып отыр. Мәселен, 2022 жылы ел бойынша 14,8 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2425 адам қайтыс болса, 2023 жылы 15,9 мың жол апаты орын алып, одан 2,5 мың адам көз жұмды. Дерекке қарағанда, жыл өткен сайын жол-көлік оқиғасы саны артып, бақилық болатын адамдар көбейіп келеді. Мәселен, 2024 жылдың 8 айында 15,8 мың жол-көлік оқиғасы болып, 1,4 мың адам зардап шекті. Астанада да бір-біріне соғысқан көліктерді жиі көреміз. 2022 жылы елордада жол-көлік оқиғасының салдарынан 750 адам дене жарақатын алса, 28 адам қаза тапты. 2023 жылы жол бойында 35 адам қаза тапты. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр әрі жол апатының 87 пайызға жуығы жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Жол үстінде төтенше жағдайға тап болғандар арасында тұтас отбасылар опат болуда. Мемлекеттің негізгі ресурсы адам десек, мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу маңызды екенін түсінеміз.

Жол апатының негізгі себебі – жылдамдықты арттыру, мас күйінде және ережені сақтамай көлік жүргізу. Яғни көлік рөлін игергендер арасында жауапкершілік төмендеп, жолда жүру ережесін сақтамайтындар бар. Бұған әсер ететін факті көп. Соның бірі – куәлік беретін орындардағы сыбайлас жемқорлық.

Әрине, бақылау жоқ жерде жөнді тәртіп те болмайды. 2009 жылы Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау алынғалы мониторингтік бақылау тоқтады. Қазір автомектептерде оқымай-ақ анықтама алып, Халыққа қыз­мет көрсететін орталықтарда сынақ тапсыра алады. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Осыған ұқсас фактілер Көкшетау, Өскемен қаласында анықталып, жауапты мамандар жазаланғанын жақсы білеміз. Ел аузында жүрген сөздерге сенсек, қазір Астанада жүргізуші куәлігінің бағасы 280 мың теңгенің айна­ласында. Осыдан 4-5 жыл бұрын 60-80 мың теңгенің ара­лығында болған-ды. Бұл кө­лік жүргізушілеріне арналған ма­мандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жағ­дайды реттеуге қабілетінің жетпей жатқанын көрсетеді.

– 2022 жылғы 10 наурыздан бастап жүргізуші куәлігін алатындардан теориялық емтихан қабылдау бәсекелі ортаға берілді. Алайда теориялық емтихан қабылдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алып, 2023 жылдың қазан айында келісім тоқтады. 16 қазаннан Мемлекеттік корпорация сыбайлас жемқорлықты болдырмау және қатаң тәртіпті сақтау мақсатында теориялық емтиханды «ЖЖЕ 3.0» бағдарламасымен тапсырады, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Ростислав Коняшкин.

Бірақ мәселе мұнымен шешілген жоқ. Бағдарламамен емтихан тапсыру басталғалы түрлі айла-шарғы қолданған 222 факті анықталды.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Жыл сайын дүние жүзінде жол-­көлік оқиғасының салдары­нан миллионнан астам адам көлік апатынан қайтыс болады. Бұл – күніне 3,2 мың, минутына 2 адам өледі деген сөз. 10 өлімнің 9-ы табысы төмен және орташа елдерде орын алады. Алайда кедей елдерде әлем­дегі көліктердің небәрі 1 пайызы ғана бар. Жол-көлік оқиғасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде көп тіркеледі. Статистика бойынша мұнда қаза болғандар 28 пайызды құрайды. Батыс Тынық мұхиты аймағында – 25 пайыз, Африкада – 19 пайыз, Латын Америкасында – 12 пайыз деңгейінде. Ең төмен көрсеткіш Еуропада – 5 пайыз. Канадада, Жаңа Зеландияда және Жапонияда жазатайым оқиғадағы өлім-жітім ең төмен. Қауіпсіз көлік қозғалысы бойынша Швеция жетекші саналады. Онда 100 мың адамға шаққанда 3 өлім шамасында. БҰҰ жолдағы өлімді азайтуда жүргізушілерді жауапкершілікке тарту жеткіліксіз екенін, жолдың сапасын және инфрақұрылымды жетілдіру маңызды деп санайды. Сарап­шылар жүргізуші жоқ көліктерді тездетіп іске қоспаса, жолдағы өлім-жітімді азайту қиын екенін мойындайды.

Әлем елдері жол апатын азайтумен әртүрлі күресуде. Жүйелі істі көлік жүргізуші куәлігін беруден де көруге болады. Мәселен, Австралия, Оңтүстік Африка Республикасы, Жапония, Финляндия, Италия, Швеция, сондай-ақ Германияда жүргізуші куәлігін алу өте қиын. Бұл елдердің кез келгенінде автомектептер жүргізушіге жоғары талап қояды. Мәселен, рейтингте бірінші орында тұрған Австралияда жүргізуші куәлігін алу үшін кемінде 4 жыл керек. Осы уақытта көлік жүргізу екі рет теориялық, екі рет практикалық сынақтан өтеді. Ал Финляндияда медициналық тексерістен өткендер үш кезең – тұрақты курс, қысқы және экстремалды (төрт сағат теориялық сабақ және төрт сағат қауіпті жағдайда көлік жүргізу) жағдайда көлік жүргізуі тиіс. Жапонияда жүргізуші куәлігін алатындар алдымен көру және есту қабілетін тексереді. Содан кейін үміткер автомектепте екі айлық курстан өтіп, емтихан тапсырады. Ал Ұлыбритания­да алдымен уақытша куәлік алады. Айтқандай, 1926 жылы Парижде, 1949 жылы Женевада, 1968 жылы Венада өткен халықаралық конвенциямен реттелетін халықаралық жүргізуші куәлігі бар. А6 форматтағы төлқұжатты барлық ел мойындай бермейді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның жүргізуші куәлігі Жол қозғалысы туралы конвенцияға (Вена, 1968 ж.) қол қойған елдерде жарамды. Қазіргі уақытта бұл қатарда 80-нен аса мемлекет бар. Бізге де әлем елдерінің үздік тәжірибесін саралап, жүргізуші куәлігін беруді қатаңдататын заң нормаларын қабылдау керек сынды.

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ БАР МА?

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы – 115 мың, 2021 жылы – 135 мың, 2022 жылы – 105 мың, 2023 жылы – 184 мың, 2024 жылдың 9 айында 102 мың адам жүргізуші куәлігін алды. 2020-2024 жылдары теориялық емтихан тапсыру барысында 1050 рет рұқсат етілмеген заттарды қолдану фактісі анықталды. Ал практикалық емтиханды ә дегеннен тапсыру мүлде қиын екен. Солай бола тұра, жыл сайын жүргізуші куәлігін алатын адамдар саны артып келеді. Бұл сұраққа Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жауап берді.

Біріншіден, Ішкі істер министрлігі автомектептердегі оқыту курсын қайта қарап, мемлекеттік бақылау функция­сын қайта алудың оңтайлы жолын қарастыру керек.

Екіншіден, автомектептерді ашу тәртібін күшейтіп, оқу ұйымдарының материалдық-
техника талаптары ес­керілуі тиіс.

Үшіншіден, жүргізуші куәлігін алуға дайындайтын автомектептерді автоматтандырылған ақпарат жүйесіне қосып, емтихан алу процесін YouTube-те онлайн көрсетуді жолға қойып, ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету маңызды.

Сарапшылар арасында білім беру жүйесі мектептерде жолда жүру тәртібі мен көлікті жүргізу негіздерін үйрететін арнайы факультативті курс ашқан артық емес дейді. Мектеп оқыған кезде біздің буын мұндай игілікті көргенімізді айту керек-ақ.

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков көлік жүргізушілерін даярлайтын автомектептердің жауапкершілігін арттыру маңыз­ды екенін атады.

– Автомектептерді қайта лицензиялап, орталықтардың жауапкершілігін арттырған дұрыс. Мәселен, жыл көлемінде белгілі бір автомектепті бітірген жүргізушілер жолда жүру ережесін көп бұзса, ондай мектептің лицензиясын кері алу керек. Сонда шәкірттер дайындап, қаржы тауып отырған орталықтар лицензиясынан айырылып қалмау үшін сапалы жұмыс істеуге тырысады. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде сәтті қолданып отырғанын айту керек, – деді.

Жол-көлік оқиғасын азайтуда жол инфрақұрылымын жетілдіру керек. Асфальттың сапасын арттырумен бірге жол бойына цифрлы технологиялар – бақылаушы камераларды орнатудың артықшылығы көп. Қысқасы, жол қозғалысы бағытында төтенше жағдайды азайту кешенді жұмысты талап етеді.

– Жол қозғалысы қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жол желілеріне 847 тексеру жүргізіліп, 1596 ұйғарым шы­­ғарылды. Атап айтқанда, нұсқаулық аясында 3 аумаққа оңай жиналатын құрылымнан жасалған жаяу жүргіншіге арналған шлагбаумдар орнатылды. Бұл қоршаулар рұқсат етілмеген жерлерден жолды кесіп өтуді болдырмауға мүмкіндік береді. Басқарылатын 59 жаяу жүргіншілер өткелінде қосымша жарықтандыру орнатылды. 17 учаскеде бағдаршам орнатылды. 8 учаскеде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі реттелетін жолға ауыстырылды. А.Байтұрсынов және Ж.Нәжімеденов көшесінде жолақ саны 6-дан 7-ге ұлғайса, Шарль де Голль көшесінде 4-тен 5-ке, Сығанақ көшесінде 8-ден 10-ға көбейді. 15 жол қиылысында солға және кері бұрылу алынып тасталды (барлығы 54-і жойылды).

2024 жылдың 9 айында Полиция департаментінің қыз­меткерлері 3 миллиард 613 миллион теңгенің 214,8 мың жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін анықтады. Ал жаяу жүргіншілер тарапынан 169,8 миллион теңге құрайтын 22,7 мың құқық бұзушылық тіркелді. «Ekin Patrol G2» мобильді жүйесінің 5 бірлігі «Сергек» камералары жоқ аймақтағы жол қозғалысын бақылайды. Осы жүйенің көмегімен 9 айда 47,5 мың бұзушылық белгілі болды, – деді Астана қаласы Полиция департаменті бас­тығының бірінші орынбасары Эльдар Данияров.

2025 жылдан бастап жылдамдықты асырғандар айыппұлды екі есе артық төлейді. Дұрысы, жылдамдықты 60-тан асырғанда салынатын айыппұл 157 мың теңгеден асады. Бұл елді мекенде немесе қалада жылдамдықты шамадан тыс арттыратын жүргізушілердің екпінін басатын тетік бола ала ма?

P.S: Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 2030 жылға қарай әлем бойынша жол-көлік апатынан қаза болатындар санын екі есе азайтуды мақсат етті. Бұл бағыттағы бастамалар жүйелеуде құқық қорғау мен денсаулық сақтау, білім беру мен қоғам ұйымдар бірлесе жұмыс істеуі маңызды. Тиімді шараларға қауіпсіз инфрақұрылымды жобалау және көлік құралының қауіпсіздік жүйесін, заңнаманы жетілдіру керек. Бастысы, жүргізушілерді даярлайтын орталықтардың жауапкершілігін арттыру маңызды. Біздің ел бұл бағыттағы жұмыстарды қандай деңгейде жүргізеді, нәтиже де соған сай өзгереді.

 Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button