Бедеулік неге белең ала бастады?
Қазіргі уақытта бала сүйе алмай жүрген жандар көп. Тек Астана қаласының өзінде 1300-ден астам әйел бедеулік диагнозы бойынша тіркеуде тұр деген ақпарат бар. Бедеулік бойынша ресми түрде тіркеуге тұру үшін ерлі-зайыптылар ЭКО немесе квоталық медициналық көмек алу керек. Арамызда әлі тіркеуге тұрмаған, яғни өз бетінше емделіп жүрген әйелдер де аз емес. Сондықтан қанша адамның бедеу немесе белсіз екенін нақты айту қиын. Бірақ әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмай отырғаны ақиқат.
Репродуктолог-дәрігер, «Экомед» клиникасының медициналық директоры Алмаз Ибрагимов ең алдымен бедеулік пен белсіздік ұғымын түсіну керек дейді. Оның айтуынша, отбасының бір жыл ішінде бала көтермеуін шартты түрде бедеулік деп айтуға болады. Бірақ ол келесі айда немесе 3-4 айдан кейін көтеруі мүмкін.
«Белсіздік – ер-азаматтардың жыныстық қатынасқа мүмкіндігінің болмауы. Бұл – бұрыннан бар мәселе. Бірақ емдік шаралар болмағандықтан, адамдар ашық жариялауға қымсынған. Жалпы дүниежүзілік мамандардың зерттеуі бойынша бедеулік көрсеткіші жоғарылап
барады. Әрбір бесінші және алтыншы отбасы осы мәселемен бетпе-бет кездеседі. Ер адамның шәуетінің зерттеу қорытындысының өзі
осыдан 10 жыл бұрынғы статистикамен салыстырғанда қазіргі нормативі төмендеген. Бізге келіп анықталып, емделіп жатқан отбасылардың 15 пайызында бедеуліктің алғашқы немесе екінші сатысы кездеседі» дейді ол.
Себебі көп
№7 қалалық емхананың акушер-гинекология бөлімінің меңгерушісі Алтынай Берікова бедеуліктің көбеюі физикалық, әлеуметтік және экологиялық факторларға тікелей қатысты екенін айтады. Экология, яғни ауаның, судың ластануы, химиялық заттарды тұтыну ағзамызға теріс әсер етеді. Әсіресе жыныстық гормондар өзгеріп, бедеулікке әкелуі мүмкін. Одан кейін екінің бірінде кездесетін стресс, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, темекі шегу, алкогольді ішімдіктерді қолдану денсаулықтың нашарлауына және жыныстық жүйенің бұзылуына әкеледі.
«Қоғамда жастар үйленуге асықпайды. Алдымен білім алу, карьера алдыңғы қатарға шықты. Ал әйелдің жасы ұлғайған сайын жүкті болу ықтималдығы азаяды. Себебі уақыт өте келе әйелдің жұмыртқа жасушаларының саны мен сапасы төмендейді. Келесі бір себеп – жұқпалы аурулар. Жыныстық жолмен таралатын инфекциялар, атап айтқанда, хламидиоз, гонорея, сифилис және басқа да инфекциялар бедеулікке алып келеді. Сондай-ақ тұқым қуалайтын мәселелер де бар. Ата-анадан балаларға ауысып кететін кейбір генетикалық бұзылыстар жыныстық функцияның бұзылуына әкеледі» дейді маман.
Бедеулікке әсер ететін себеп өте көп. Сондықтан уақытында медициналық көмекке жүгіну өте маңызды. Диагностика мен емдеуді ертерек бастау арқылы бұл мәселені шешуге болады. Егер бедеулік себептері белгілі болса, тиісті емдеу мен шаралар арқылы жүктілікке қол жеткізу мүмкіндігі артады.
Диагностика – тегін
«Бала көтере алмай жүрген әйел емханаға барғанда қандай тексеруден өтеді?» деген сауалды Астана қаласы Сity емханасының акушер-гинекологы, 25 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігер Жанат Жалғасбайқызына қойған едік.
«Әйелдерге арналған диагностикаға гинекологиялық тексеру, гормоналды зерттеулер, овуляцияны бақылау, фаллопиев түтіктерін тексеру (гистеросальпингография), лапароскопия, жатырдың құрылымдық тексеруі және генетикалық тестілеу жатады. Ер-азаматтар да тиісті диагностикадан өтеді. Мәселен, ерлердің бедеулігін анықтау үшін бірінші кезекте спермограмма жүргізіледі. Бұл тест сперматозоидтардың сапасын анықтайды. Егер сперматозоидтар саны аз немесе олардың қозғалысы нашар болса, бұл бедеулікке әкелуі мүмкін. Сонымен қатар гормоналды зерттеулер, семинификация, ультрадыбыстық зерттеу тағайындалады. Мұның бәрі МӘМС аясында «сақтандырылған» статусы бар азаматтарға тегін көрсетіледі» дейді Жанат Жалғасбайқызы. Егер «бедеулік» деген диагноз қойылса, одан әрі репродуктологтың кеңесіне жіберіледі екен.
Бедеуліктің шешімі бар
Жалпы жұптарға көмек көрсететін әртүрлі емдеу әдісі бар. Оның ішінде экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) сияқты инновациялық тәсілді ерекше атаған жөн. Яғни медицина саласындағы жетістік бедеулік мәселесін қолдан ұрықтандыру арқылы шешуге мүмкіндік беруде. Осы ретте Ана мен бала ұлттық орталығының жоғары санатты репродуктолог дәрігері, «Репродуктивті денсаулық» бағдарламасының меңгерушісі Владимир Ким – сәби сүйгісі келген ата-анаға қуаныш сыйлап жүрген жанның бірі. Ол құтыдағы баланы құрсаққа салып беру процесінің қалай жүретіні туралы қысқаша айтып берген еді.
«Эко процедура, негізінен, 6 кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезеңде аналық безді гормоналды стимуляторлармен бірнеше жұмыртқаның жетілуін ынталандырамыз. Яғни 6-дан 15-ке дейін жұмыртқаның жетілуі жеткілікті. Екінші кезең – аналық безден жұмыртқа алу, бұл аналық бездердің трансвагиналды пункциясына операция жасау арқылы жасалады. Ал үшінші кезеңде жұмыртқаны ұрықтандырамыз. Ол классикалық немесе ICSI әдісімен жасалады. Төртінші кезеңде белгілі бір температуралық режимде арнайы инкубаторлар жағдайында эмбриондарды өсіреміз. Сонымен қатар эмбриондарды іріктеу жүргізіледі. Оның сапасы жағынан ең жақсысы алынады. Соңғы бесінші кезең – эмбриондарды тасымалдау. Арнайы катетердің көмегімен таңдалған ең жақсы эмбриондар жатыр қуысына енгізіледі» дейді дәрігер. Айтуынша, соңғы 4 жыл бойы ЭКО бағдарламалар тек Қазақстан азаматтарына ғана жүргізіліп келеді.
Түсінгеніміз, қолдан ұрықтандыру үшін әйелдің жасына шектеу жоқ. Бірақ егде жастағы әйел денесінің функционалдық мүмкіндіктерінің төмендеуіне байланысты жүктілік ана мен баланың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Осы жағдайда ғана ЭКО процедурадан бас тартылады. Ал еркек белсіз болса, ұрық доноры көмекке келеді. Қазіргі таңда ұрық донорын жасырын немесе жасырын емес таңдауға болады екен. Оларға қойылатын талап Денсаулық сақтау туралы кодекстің 148-бабында айқындалған. Яғни Қазақстан Республикасының 18 жастан 35 жасқа дейінгі, физикалық және психикалық тұрғыдан сау, медициналық-генетикалық тексеруден өткен азаматтардың донор болуға құқығы бар. Негізінен, жақын туыстары жыныс жасушаларының донорлығына ең жақсы үміткерлер дейді дәрігер.
«Қазір ЭКО әдісінің өзі бедеулікті емдеуде жоғары сұранысқа ие технология болып отыр. Технологиялардың ішінде жыныс жасушалары мен эмбриондарға қатысты криотехнологияны қолдану кеңейді. Сондай-ақ эмбриондарды генетикалық тестілеу арқылы тұқым қуалайтын аурулары бар балалардың тууын болдырмауға болады» дейді Владимир Ким.
Айтуынша, Қазақстанда қолдан ұрықтандырудың құны басқа елдермен салыстырғанда қолжетімді. Ерлі-зайыптыларды тексеруге және дайындауға стандартты түрде 1-2 ай уақыт кетеді екен. Аталмыш орталық консультациялық-диагностикалық шаралардан бастап босануға дейін қызмет көрсетеді.
P.S: Бедеулікті емдеу өте көп уақытты, шыдамдылықты және қаржыны талап етеді. Емдеу әдістері әрбір жұпқа арнайы тағайындалады. Бедеуліктің себебі ерлі-зайыптылардың жасына және денсаулық жағдайына байланысты. Егер бедеулік туралы күдік туындаса, тез арада дәрігерге уақытылы жүгіну керек. Өйткені ерте диагноз қойылған жағдайда, емдеу әлдеқайда тиімді болады.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ