Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл күшеймек
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Агенттік Басқармасы қаулысының жобасын әзірледі, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Қаулы жобасы қаржылық қызметтерде тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін алаяқтық тәуекелдерін басқару бөлігінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында әзірленді.
Банктер арасында алаяқтық тәуекелдерін басқарудың ортақ тәжірибесін белгілеу мақсатында антифрод-бөлімшесінің функциясы көзделіп отыр, ол алаяқтыққа қарсы іс-қимыл процестерінің жұмысын және үздіксіз жақсаруын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Антифрод-орталығына деректер беру үшін банктің антифрод-жүйесіндегі күдікті операцияларды қоса алғанда, алаяқтық операциялар бойынша дерекқорды жүргізуді қамтамасыз ететін болады.
Қаулы жобасында банктен онлайн несие алу кезінде биометриядан басқа клиенттің мобильді құрылғысына бір реттік код жіберу бойынша қосымша фактор енгізу арқылы клиенттерді сәйкестендіру талаптарын күшейту ұсынылады. Бұған қоса мобильді қосымшада шағым түсіру, оның ішінде алаяқтыққа қатысты шығым жолдау мүмкіндігі қарастырылған.
Қаулы жобасында сондай-ақ «дроппер» ұғымы енгізіледі және банктің дропперлерге қашықтан қызмет көрсетуін тоқтата тұру және қайта бастау тәртібі реттеледі.
Құжаттың толық мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында «Нормативтік құқықтық база» бөлімінде танысуға болады.