Тұтынушыларға объективті ақпарат ұсынатын жоба
Астана қаласы коммуникациялар қызметінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы онлайн баспасөз-конференциясы өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары
Сауда және интеграция министрлігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша жұмыс істейтін “Маңғыстау облысының тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы” қоғамдық бірлестігі Қазақстан нарығындағы тауарлардың сапасы және тұтынушылардың құқықтары туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған жобаның зерттеу кезеңін аяқтады.
Жобаның негізгі мақсаты мен міндеттері
Жоба тұтынушыларға Қазақстан нарығында қолжетімді тауарлардың сапасы туралы объективті ақпарат беруді мақсат етеді. Мекеме әрбір тұтынушының өз құқықтарын біліп, сатып алынған тауарлардың қауіпсіздігіне сенімді болуын және қажет болған жағдайда көмекке жүгіне алуын қамтамасыз етуді көздейді. Жоба аясында өнімдерді зерттеуге ерекше көңіл бөлініп, стандарттарға сәйкестігі анықталып, тауарлардың қауіпсіздігін бақылау жүзеге асырылды.
Жанна Ұрметханқызы жоба азаматтардың сапалы тауарлар мен қызметтерге құқықтары туралы хабардар етуге бағытталғанын атап өтті. Жоба аясында Астана қаласын қоса алғанда, Қазақстанның 20 өңірі қамтылып, әлеуметтік маңызы бар өнімдер, тұрмыстық техника және балаларға арналған тауарлар, азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар сатып алынып, тестілеуден өткізілді.
Нұрғали Қуандықұлының айтуынша, нарықтағы тауарлардың едәуір бөлігі таңбалау және стандарттар талаптарына сәйкес келмейді. Зерттеу барысында тауарлардың шамамен 37%-ында таңбалау нормалары бұзылғаны анықталды. Мысалы, құрамы, өндіруші және сақтау мерзімі туралы толық мәліметтер жоқ. Бұл еліміздің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының талаптарын бұзады. Сауда және тұтынугылардың құқықтарын қорғау департаменті өндірушілер мен дистрибьюторларды стандарттарды қатаң сақтауға шақырды.
Нәтижелер мен анықталған бұзушылықтар
«Құпия сатып алушы» әдісімен жүргізілген зерттеулер нарықта қолдан жасалған өнімдерді, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарларды және құрамында белгіленбеген ингредиенттер бар жағдайларды анықтады. Атап айтқанда, кейбір азық-түлік өнімдерінде шошқа мен тауықтың ДНҚ-сы табылып, азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылаудың маңыздылығын көрсетті. Жанна Ұрметханқызы өнімнің барлық ингредиенттерін орамда міндетті түрде көрсету және тұтынушыларды өнімнің ерекшеліктері туралы ақпараттандыру қажеттілігін атап өтті.
Таңбалау және ақпараттық ашықтық
Жоба деректері бойынша зерттелген тауарлардың шамамен 37%-ы таңбалау талаптарына сәйкес келмеген. Олардың кейбірінде өндіруші, құрамы және сақтау мерзімдері туралы мәліметтер болмаған. Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Кеден одағының техникалық регламенттерін бұзады. Кейбір жағдайларда тауардың шыққан жері туралы ақпарат та жоқ болған. Бұл стандарттардың сақталуын бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді.
Тұтынушыларды ақпараттандыру және БАҚ-пен байланыс
Жобаның маңызды бөлігі – тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қоғам мен БАҚ-тың назарын аудару. Zakon.kz және Nur.kz порталдарында тауарларды таңдау бойынша кеңестер мен өндірушілердің міндеттері туралы түсіндірмелерді қамтитын материалдар жарияланды. Қоғамдық бірлестіктің сайтында қазақ және орыс тілдерінде 400-ден астам мақала орналастырылып, кең ауқымды аудиторияны қамтыды.
Құқықтық мәселелер және болашақ қадамдар
Жоба аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғаудағы кедергілер анықталды: шағым беру үшін фискалды чек талап етіледі, ал онлайн төлемдердің фотосуреттері немесе скриншоттары секілді басқа сатып алу дәлелдері әрдайым қабылдана бермейді. Бұл шағым беру процесін қиындатып, заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді. Қазақстандағы тұтынушылық нарықтың қауіпсіздігі мен ашықтығын арттыру мақсатында мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс жалғасын таппақ.
Брифинг спикерлер:
- Нұрғали Қуандықұлы Егембердиев – Астана қаласы бойынша сауда және тұтынугылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы
Жанна Ұрметханқызы Биятан – «Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау бірлестігі» ҚБ өкілі.