Uncategorized
Пікірсайыс алаңында – мектеп басшылары
Астанадағы №104 орта мектепте жас мектеп басшылары арасында «Білімді ұлт – жарқын болашаққа бағдар» атты дебат турнирі өтті. Қалалық Білім басқармасы мен Әдістемелік орталық ұйымдастырған тартысты пікірталаста 10 мектеп директоры бақ сынасты.
Дебат турнирі елордада осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Жас мектеп басшыларының басын қосқан турнирдің мақсаты – білім саласындағы мәселерді шешу жолдарын қарастыру, мектеп басшысының жаңа үлгісін қалыптастыру, педагогтар арасында дебат турнирлерін дамыту.
Іс-шараға Астана қаласы бойынша Білім құқықтары жөніндегі уәкіл Асима Бимендина, «Amanat» партиясы Астана қалалық филалы атқарушы хатшысының орынбасары Мария Өтебаева, елордалық Білім басқармасы орта білім беру бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы қатысып, сапалы білім беруде мектеп басшыларының атқарар рөліне тоқталып, маңыздылығын атап өтті.
– Дебат турнирі мектепті басқаруға деген көзқарасымыз бен санамызды өзгертуге ықпал етеді. Бүгінгі мектеп басшысы бірінші кезекте көшбасшы болуы қажет. Ал көшбасшы – мектептегі кез келген мәселе бойынша ұжымды жинап, кішігірім ашық тренинг өткізе отырып, ұжымның әр мүшесінің ойлау, жұмыс істеу әлеуетін зерттеу арқылы оларды бір командаға айналдырып, сол тақырыптарды өз беттерінше ізденіп орындай алатынына сенім білдіреді, ынталандырады. Бүгінгі күні «Біртұтас тәрбие» бағдарламасында оқушыларға да «Ұшқыр ой алаңы» атты алаңда өзара пікір алмасады, – деді пікірсайысты ұйымдастырушыладың бірі, №104 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назира Ымыранова.
«Мектеп басшылары пікірсайыс алаңында орта білім берудің өзекті тақырыптарын талқылау арқылы азаматтық көзқарасты, басқарушылық идея мен ұстанымды жеткізуге машықтанады. Турнирде жастар саясаты, жасанды интеллектіні оқу процесінде тиімді қолдану, блогингтің артықшылығы мен зиянды тұстарын анықтап, оны дамыту, оқушыларға баға қою тақырыптары қызу талқыланды. Мәселен, Финляндия мектептерінде білім алушыға баға қоймау моделі қалыптасқан. Мұндай жүйе енгізілсе, бұл елдегі білім сапасына арттыра ала ма деген сынды мәселелер қозғалды» деді турнирге қатысушы, №62 мектеп-лицейінің директоры Қайрат Мұқашев.
Өзара бес топқа бөлініп, сөз сайысына түскен мектеп басшыларына ойын қорытындысы бойынша арнайы сыйлықтар табысталды. Тартысты дебат турнирінің нәтижесінде №105 орта мектебінің директоры Ашу Мейрим мен І.Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртазақызы жеңімпаз атанып, дебат турнирінің республикалық кезеңіне жолдама алды.
Индира Бержанова