Шетелдіктер «Бестемше» ойынымен танысты
Қазақтың «бестемше» ұлттық ойыны халықаралық жиында таныстырылды. Айтулы іс-шарада елордалық №5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Жолбарысова ойын ерекшелігін көрсетті.
Түркияның Анкара қаласында Мангала Федерациясы мен Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының ұйымдастыруымен «Зияткерлік ойындарды үйретудің заманауи технологиялары және әдістемелік ерекшеліктері» атты II халықаралық семинар өтті.
Іс-шараға он беске жуық елдердің педагогтары қатысып, зияткерлік ойындардың әр түрлерімен тәжірибе алмасты. Әр елден келген педагогтар балаларға арналған заманауи ұлттық мангала, тоғызқұмалақ, бестемше, отелло, шоги, дойбы және дәстүрлі асық ойындарын таныстырды.
Соның ішінде қазақтың ұлттық ойыны бестемшені еліміздің елордасынан барған №5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Жолбарысова «Алаңдағы бестемше» авторлық ойынын таныстырды. Бұл ойын халықаралық семинарға қатысушылардың қызығушылығын тудырып, аукционға түсіп, ұлттық руханиятымызды жаңғырта түсті.
Индира Бержанова