Басты ақпаратМәселе

Жұмыссыздың қабағы ашылмайды

Климаттың өзгеруін болдырмай, азық-түлік және ауыз сумен қауіпсіздігін сақтау, әлеуметтік теңсіздік пен жұмыссыздықты азайту адамзаттың ең өзекті проблемасына айналды. Соның ішінде соңғысының салмағын қатты сезіне бастадық. 2024 жылғы статис­тика бойынша әлемде 211 миллион жұмыссыз адам бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, біздің елде 315 мың адам жұмыссыз. Бұл елдегі жұмыс күшінің 3 пайызын құрайды. Ал 2024 жылғы II тоқсанында Астанада жұмыссыздар саны 32 мың адамды құрады. Біз құзырлы мекемелерге хабарласып, жұмыссыздық мәселесі қалай шешіліп жатқанын білдік.

Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) бағалауынша, жұмыспен қамту мәселесі әлем елдерінің ең басты мәселесіне айналды. Әсіресе, 2008 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс еңбек нарығына қатты соққы болып, 61 миллионнан астам жұмыс орны жабылды. Одан кейінгі пандемия жұмыс орындарын сақтап қалуға теріс әсерін тигізді. Жасанды интеллект те жұмыссыздар санын көбейтуге үлесін қосуда. Қазір дүние жүзінде 210 миллионнан астам адам жұмыссыз жүр.

Жұмыссыздықтың көбеюіне әсер ететін факторлар бар. Біріншісі, маусымдық жұмыс. Мәселен, қыс мезгілінде ауылшаруашылығы мамандарына сұраныс төмендеп, уақытша жұмыссыздар қатарына қосылады. Екіншісі, экономиканың циклдік сипаты. Яғни дағдарыс кезінде көптеген кәсіпорындар жабылып, соның салдарынан жұмыссыздар саны күрт өседі. Үшіншісі, демографиялық фактор. Еңбекке жарамды халықтың қарқынды өсуі жұмыс орнының тапшылығы қалыптастырады. Оған себеп – халық саны артқанымен, жұмыс орындарының саны бұрынғы деңгейде қалады.

2023 жылдың статистикасы бойынша жұмыссыздық деңгейі ең жоғары ел – Ангола. Ондағы жұмыссыздық – 31,8 пайыз. Косова халқының 25,9 пайызы жұмыссыз болса, Иорданияда – 19, Ливияда – 17,3, Грекияда 16,4 пайыз құрайды.

Катар – әлемдегі жұмыссыз­дық деңгейі ең төмен ел. Бұл елдегі пайыздық көрсеткіш – 0,10. Мұндай деңгейге мұнай мен газды сатудан түскен кірісті халықтың игілігіне әділ бөлудің нәтижесінде жетті. Тайландта 1,0, Кувейтте – 2,2, Сингапурда – 2,3 пайыз, Германияда – 3,2, Норвегияда жұмыссыздық – 3,5 пайыз шамасында. Ал Еуропаның озық елдері – Францияда 8,1, Финляндияда – 7,3 пайыз. Қазақстандағы көрсеткіш – 4,7 пайыз деңгейінде. 15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,1 пайыз.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі 2024 жылдың сәуір айында жұмыспен қамту органдарында 315,6 мың жұмыссыз тіркелгенін растады. Статистика бойынша Астана қаласы бойынша жұмыс күшінің саны 717,5 мың адамды, оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны 685,4 мың адам және жұмыссыздар 32,1 мың адамды құрайды

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ел экономикасының түрлі салаларында 9,1 миллион адам жұмыс істейді. Оның ішінде 6,9 миллионы – жалдамалы жұмысшылар, 2,1 миллионы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі 2024 жылдың сәуір айында жұмыспен қамту органдарында 315,6 мың жұмыссыз тіркелгенін растады. Тіркелген жұмыссыз­дардың үлесі жұмыс күшінің 3,3 пайызын құрады. Бүгінде HeadHunter жұмыс іздеу платформасы адамдардың қалаған жұмысын табуды қолдайды.

ЕЛОРДАДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ҚАЛАЙ?

Жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласованың сөзінше, елордада еңбек нарығы тұрақты бақылауда.

– Жұмыссыздық – еңбекке қабілетті адамдарды жұмыспен қамтудың әлеуметтік-экономикалық факторын сипаттайды. Яғни елдің экономикалық дамуының маңызды көрсеткішінің бірі саналады. Осы көрсеткішке сүйеніп, озық елдердің рейтингінде қандай орын алатынын бағалауға болады. Барлық деңгейдегі әкімдіктердің жұмыс істеу сапасын жұмыссыздық деңгейіне қарай саралайды. Астана қаласында жұмыссыз­дық деңгейі – 4,5 пайыз. Бұл республикалық деңгейде төмен көрсеткіш, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Қаланың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шараларын қамтамасыз ету болып табылады. Статистика бойынша Астана қаласы бойынша жұмыс күшінің саны 717,5 мың адамды, оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны 685,4 мың адам және жұмыссыздар 32,1 мың адамды құрайды.

– Жыл басынан бері 20,8 мың адам жұмыспен қамтылды. Оның 12,4 мыңы – жастар. 230 жұмыссыз кәсіптік оқытумен қамтылды. 3 825 адам «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізіне және 1 147 адам Электрондық еңбек биржасы порталы арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларға оқытылды. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 126 адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 айлық есеп көрсеткішке дейінгі көлемде (1 миллион 476 мың теңге) грант берілді, – деді Айгүл Таласова.

Бас қалада жұмыспен қамту шаралары тұрақты өткізіледі. Әсіресе, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қызығушылық білдіретін тұрғындар саны артып келеді. Жыл басынан бері жастар мен жеке санаттағы азаматтарды жұмысқа тұрғызу мақсатында 30 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру шеңберінде 48,6 мың жұмыс орны құрылды.

Әлемнің озық елдері өзінің әлеуметтік саясатының бір бөлігі ретінде жұмыссыз жүрген азаматтарға қаржылық қолдау көрсетеді. Ақшалай ынталандыру жұмыссыздық бойынша жәрдемақы деп аталады, оның мөлшері мен төлеу мерзімі көптеген факторларға тікелей байланысты. Мәселен, жұмыссыз итальяндық 50 жастан асқан болса, оның 1 жыл бойы жәрдемақы алуға құқығы бар. Данияда жұмыссыз қалғандар мемлекеттен 2 жылға дейін жәрдемақы алса, Австрияда 9 жылға дейін созылады. Нидерландыда 3 айдан 36 айға дейін, Швейцария 200-ден 520 күнге дейін құрайды. Қазақстанда жұмыстан босатылған немесе жұмыссыз ретінде тіркелгендер соңғы 24 айдағы табысына байланысты жұмысынан айырылу бойынша 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алады.

– Жұмыссыз қалғанда төленетін жәрдемақы – табысынан айырылған жағдайда мемлекеттің беретін кепілі. Ол бірнеше ай бойы төленеді. Сол уақыт аралығында азамат басқа жұмыс тапқанша берілетін көмек іспеттес. Оның көлемі жұмыстан шығып қалғанша тапқан табысының белгілі бір бөлігіне тең болады. Жәрдем­ақы жалақыңыздың шамамен 45 пайызындай болады. Мұны арнайы формулаға салып есептейді, – деді салаға жауапты Айгүл Таласова.

P.S: Әлем елдері жұмыссыздық мәселесін түрлі жолмен шешуге мән береді. Озық елдердің тәжірибесінен жеке кәсіпкерлікті ынталандырып, жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық беретінін көреміз. Біздің Үкімет отбасылық бизнесті ілгерілету арқылы жұмыссыздық мәселесін шешуге мүдделі. Яғни жеке бизнес бастап, оны дамытуға ынталы азаматтарға қайтарымсыз гранттар беріп, төмен пайызды кредит беруде. Әрине, Қатар мен Кувейттің деңгейіне жету үшін барлық салада әділеттік принциптері салтанат құруы тиіс.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button