Басты ақпаратҰлт ұпайы

Құнанбайға кесене салынса…

Құнанбай Өскенбайұлы (1804-1886) өңі ақсұр, бота көз, жүзі нұрлы, кең маңдай, қыр мұрынды, ұзын бойлы, сұлу адам болған. Жасынан ержүрек, найзагер, ақылды, мінезі қатал, өте әділ және адал қасиеттерді бойы­на сіңірген қазақтың танымал тұлғасы.

Құнанбайдың 15 жасында көрші ауылға жау шапты деген хабар келеді, суыт хабарды естіген әкесі Өскенбай бес қаруын астына салып, жасағымен атқа қонып, соғысқа аттанбақшы болады. Сол кезде Құнанбай әкесінің атының ауыздығынан мықтап ұстап алып, Өскенбайды соғысқа жібермей қояды.

– Әкесі аттың басын жібер, – деп, ызалана Құнанбайды қамшымен арқасынан осып-осып жібереді, ақ көйлегі қан-жоса болса да, әкесін соғысқа жібермей қояды.

17-18 жас шамасында ауылының жылқыларын ұрылар айдап кетті деген тағы бір хабарды ести сала, Құнанбай найзасын ала сала, атасы берген бәйге – Таршолаққа жайдақ мініп, барымташылардың соңына түседі.

Таршолақ ағып отырып, ұрыларды қуып жетеді де, барымташылардың тобын жара өтіп, Құнанбай найзасымен бір ұрыны түйреп түсіреді. Сөйтіп, ағынмен өтіп кетіп, қайта бұрылып ұрылардың тобына шабуыл жасай бергенде, аңдаусызда Құнанбайдың оң жақ кеудесіне ұрылардың найзасы қадалады. Қадалған найза ұңғысының түбінен сынып кетеді. Құнанбай осы алған ауыр жарақатынан өлім аузынан әрең аман қалып, емшінің және көпшілік қауымның тілегімен сауығып кетеді.

Екінші рет Құнанбай найманның батыры Қазыбекпен айқасады. Қазыбек ауылдың жылқысын барымталап, айдамақшы болады. Бұл жолы да Құнанбай қуып жетіп найзаласқанда, Қазыбектің найзасы сол көзіне жанай тиіп, бір көзі кем боп қалады.

Құнанбай Өскенбайұлы текті тұқымнан шыққан, ол үлкен аталары атақты Әнет Кішікұлы (1628-1723) – қазақтың жеті жарғысын жазған кезде өз үлесін қосқан адам.

Үлкен аталары – Олжай, одан – Айдос, Қайдос, Жандос. Айдостың бәйбішесі Айпара өте ақылды адам болған. Айдостан – Ырғызбай, Ырғызбайдан – Өскенбай, Өскенбайдан – Құнанбай, Құнанбайдан – Абай мен Шәкәрім. Осы текті тұқым қазақтың ішінде үнемі би болып, билік жүргізіп отырған.

Қазақ елінің өмір-тұрмысында қалыптасқан әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық тәрбиесін, ертеден қалыптасқан заңы мен ислам дініндегі Құран қағидаттарын, шариғат заңдарын, мұсылман қауымына қойылатын талаптарды қатал орындау ұстанымда, елді билеуде атадан балаға ұштастық пен сабақтастық ретінде беріп отырған.

Ресей патшалығының қазақ жерінде ұйымдастырған экспедиция мүшесі Адольф Янушкевич (1803-1857) поляк этнографының күнделігінде Құнанбай Өскенбаев туралы былай деп жазған: «Қарапайым қара халықтан шыққан Құнанбай – жаратылысынан ақыл-парасат дарыған, өте зерек, қара тілге шешен, байыпты, тиянақты кісі. Халықтың қамын ойлап, оған жақсылық жасасам дейді. Елінің ежелгі жол жобасына, Құранда жазылған шариғат жолына аса зерек. Ресей өкіметінің қырғыздар жөніндегі заң ережелерін өте жетік меңгерген. Қара қылды қақ жарған әділ де адал азамат. Құнанбай – халқының қамқоршысы. Оны жұрт пайғамбардай көреді. Сондықтан ақыл-кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатады. Құнанбайды қазақтың Цицероны деп айтуға болады».

Құнанбай – қазақ елінің біртуар ұлы, данышпаны, кемеңгер ел билеушісі, саясаткері, философы, қоғамда қазаққа дұрыс жол көрсетуші және қазақ еліне Абай мен Шәкәрімдей алыптарды әкелген тұлға. Менің көкейімдегі бір арманым – Құнанбай бабамыздың басына тарихи ескерткіш ретінде бір жақсы кесене салу

Янушкевич Құнанбайдың қазақтың ескі шежіресін, Алтын орда кезеңін, түркі шежіресі туралы айтқанын күнделігіне жазып алған. Янушкевич еліне оралып, қайтыс болғаннан кейін, жолдастары оның Құнанбай туралы жазбаларын жинақтап, 1861 жылы Парижде, ал 1875 жылы Берлинде екі кітапша қылып шығарған. Бірақ қазақ еліне ол кезде бұл кітапшалар туралы беймәлім болған.

1822 жылғы 22 маусымда патша «Сібір қазақтарының жарғысын» бекітті, ол жарғы 10 тарау, 319 параграфтан тұрады. Жарғының мақсаты – Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірін әкімшілік, сот, саяси жағынан басқаруды өзгерту, рулық-феодалдық тәртіптерді әлсірету. «Сібір қырғыздарының жарғысы» бойынша ауылды – ауыл старшиналары, болыстарды – болыс сұлтандары, округтерді аға сұлтандар басқарды. Қылмыстық, талап-арыз және облыстық басқармаға түскен шағымдарға негізделген жаңадан сот жүйесі енгізілді. 1822 жылы «Сібір қырғыздарының жарғысы» алғашқы патшалық реформа ретінде, бүкіл дәстүрлі хандық билеу құрылымын қиратып, әлеуметтік, саяси және шаруашылық өмірдің барлық жағын қамтыды. Патшалық Ресейдің отарлық саясатының кеңейе түсуіне жол ашты.

Қазақ елінің негізгі кәсібі – мал өсіру, сондықтан көшпенді қазақта бұл шаруашылықты жүргізу үшін дәстүрлі жерді пайдалану заңы мен басқарылып реттеліп отырды. Әр көшпенді ру-тайпаларда үш жайылымдық жер аумақтары болды; ол – қыстық, көктік, күздік жайылымдар. Қазақтың мал жайылымы жерлерді пайдалану кезінде ру арасында үнемі жер-талас дауы туындап отырды. Ресейдің енгізген заңы бойынша жақсы, құнарлы, шүйгін жерлерді біртіндеп орыстар иелене бастады, жерінен айырылған қазақтар басқа тақыр жерлерге ығыстырылды. Қала мен бекіністер және шіркеулер салынып, біртіндеп қазақтың кедей қауымын крестьян дініне кіргізуге әрекет жасала бастады.

Округтер – 15-20, болыстар – 10-12 ауылдан, ауыл 50-ден 70-ке дейінгі үйлерден тұрды. Патша өкіметі біртұтас хандықты осылайша бөлшектеп, қазақ мемлекетіне сатылып, басшылығы мол бюрократия­лық орыстық басқару жүйе­сін зорлықпен енгізді. Әрбір құрылған округтер аумағы шектеулі болғандықтан, халық еркін көшіп-қонып жүре алмады.

Қалың қазақ ішінде жер мәселесі шегіне жетіп, ушыға бастады. Таусылмайтын жер дауы, жесір дауы, барымта, ұрлық-қарлық, зорлық- зомбылық, зина, ру арасында туындаған дау-дамай, көреалмаушылық, бақталас, әлімжеттік, пара беру және ойға келмейтін қылмыстар жиі болып тұрды. Орыс патша өкіметі енгізген заңдар тек өз мемлекетінің мүддесін көздеді.

Құнанбай билік жүргіз­ген кезінде жасалған әкім­шілік-қылмыстық істерде патша өкіметінің сот жүйесінің заңы арқылы, қазақтың ескіден қалыптасқан жеті жарғысы, билер кеңесінің шешімі және шариғат заңы қолданылған. Кейбір жиында Құнанбайдың жеке басын нахақтан төмендетіп, кемсіткен кезде, ол білек күшімен де тәртіпке салып отырды. Қодар мен Қамқа жасаған қылмыс қазақ ішінде өте сирек кездесетін қылмыс болғандықтан, осы қылмысты қазақ ішінде болдырмау үшін Құнанбай шариғат заңын қолдану туралы шешімге келді.

Абайды 13 жасынан бастап Құнанбай әкесі ел билігіне араластырды. Қазақтың арасында үнемі туындап отырған дау-дамай, тартыс-шабыс, ұрлық, зорлық, тағы басқа қылмыстық істердің өмір талабына сай келмейтінін Абай жақсы меңгерген.

1885 жылы Семей өңіріндегі Қарамола деген жерінде қазақтың съезі өтеді, онда Абай төбе би сайланып, «Қарамола жарғысы» дайындалып, қабылданады. Съезге қатысушылардан ұсыныс түседі және Ресей билігінен ресейлік заңдарға әрі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен билер сотына қайшы келмейтін заң керек екенін айтады. Сондықтан Абайға «бұл заңды өзіңіз жасаңыз» дейді. Сөйтіп, Абай 74 баптан тұратын заңды, «Қарамола жарғысын» жазып шығады. Абайды Құнанбай бірге билікте алып жүргендіктен, қазақтың заңының олқылығы мен осал жерлеріне өзгерістер енгізу оның көкейінде бұрыннан қалыптасқан еді. Абай съезге жиналған билермен кейбір баптарға байланысты пікір алмасып отырған. Осы съезде жарғы, билерге кеңінен таныстыр­лып, заң қабылданды. Бұл қабылданған заң қазақтың әкімшілік, қылмыстық, тұрмыстық, азаматтық кодексінің тұңғыш тұсаукесері деуге болады. Осы жазылған жарғы Құнанбайдан, Абайға берілген дала академиясының сабақтас­тығы мен ұштастығының белгісі байқалады.

Құнанбай 1849-1853 жылдары Қарқаралы округінің аға сұлтандығына сайланды, бұл округ барлық 8 округтің ішіндегі ең үлкені болатын. Осы кездегі жер көлемі жағынан облыстың аймағын құрайды.

1850 жылдары елде жұт болып, жоқшылық жайлайды. Батыс-Сібір генерал-губернаторынан рұқсат алып, Қарағайлы деген жерге кедейлердің басын жиып, отырықшы ғып орналастырып, егіншілік кәсіппен айналыстыр­ған. 1850 жылы әр болыстан бір бала алып, жұқпалы шешек ауруына қарсы оқыту үшін Ресейге жіберген.

Егер Құнанбай мен Абайдың заманындағы арманы орындалып, қазақ елі егіншілікпен айналысқан жағдайда, 1931 жылдары Кеңес Одағы жүргізген солақай саясаттың салдарынан қазақтың қолындағы малын күштеп тартып алса да, қазақта жаппай қырылу геноциді болмас па еді?..

1851 жылы Құнанбай Омбы генерал-губернаторының рұқсатын алып, Қарқаралыда мешіт салып бітірді. Мешіт осы уақытқа дейін халыққа қызмет атқарып келе жатыр. Құнанбай «Ескі там» деген жерде мектеп ашып, онда орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп тағайындайды. Сөйтіп, өз балалары мен руластарының балаларын оқыта бастайды. Абай да алғашқы сауатын осы мектепте ашады.

1851 жылы Құнанбай үш жүздің басын қосып, әкесі Өскенбайдың асын береді. Әулеттің, әсіресе Құнанбайдың атақ-даңқын шартарапқа жайған осы әкесінің аруағына берілген ас болды.

Құнанбай марқұм әкесі Өскенбай би дүниеден өткенде, осы күнгі Көкшетау, Дуанатау аталған жерлер Қарқаралыға қарайтұғын Қаракесек Қамбар қыстаулары, «Сегізауыл» деген өзен бойында қазақ ғұрпымен құдайы ас бергенде үш жүздің қазағын түгелдей және Ташкент, Бұхара төңірегіндегі ұлы жүз қазақтарын қоса шақыр­ған. Бірақ ас беру ой-пікірсіз өтпейді, мәселен, алыс жерлердің айтылмай жүрген сөздері, шағым-даулары осында жиын алдында шешілді. Құнанбай ас беріп болып, жиылған халыққа: «Үш жүздің басы қосылды ма? Біріңді-бірің танып, білістіңдер ме? Мен бұл жиынды әкем үшін және халқымды ынтымыққа шақыру мақсатында өткізіп отырмын» деген екен.

Құнанбай 1852 жылы Омбы түрмесінде 9 ай тұтқындалды. Ресей патша өкіметіне түскен арыздарға байланысты тергеу бақылауында 12 жылдай тұрған.

Құнанбайдың екінші рет аға сұлтан болып сайлануға толық мүмкіндігі болды. Құнанбай еліне билік жасаған кезде өзінің ақылдылығы, іскерлігі, қайырымдылығымен аса ерекшеленді. Сондықтан қазақ қауымы оны өте жақсы көретін. Құнанбай өзінің Тобықты руындағы туыс­тары мен інісі Майбасардың былықтарын жасырам деп істі болған. 1865 жылы Омбы губернаторының жарлығымен Құнанбай ісі тоқтатылды.

Құнанбайдың қажылық сапары екі жылға созылған (1874-1876). Меккеге барғанда Меккедегі жергілікті тұрғындардан біз қазақ деген ел боламыз деп айтса, ондай елді білмейміз дейді екен, бұл сөзге Құнанбай қатты күйзеліп, намыстанады. Қажылыққа бірге барғандармен ақылдасып, Құнанбай Меккеде қалып, қажылыққа келген қазақтарға 100 кісілік «Қазақ Құнанбай Тәкиясы» қонақ үйін салуға кіріседі. Қаржы көзін өзі апарған алтын мен күмісті сол жердің динар бағамымен айырбастайды және бірге барған ауқатты адамдар демеушілік қаржылай көмек көрсетеді. Құнанбай оқымаса да, араб, түрік, парсы тілдерін білген. 1876 жылы қонақ үйін салып бітіріп, өзінің жиені Ізғұттымен елге оралады. 1906 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы Меккеге барғанда осы Құнанбайдың салған қонақ үйін көріп қайтады.

1930 жылы Меккедегі билік ғимараттарды бұзғызып, ауласын кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты Меккедегі үкімет осы «Қазақ Құнанбай Тәкиясы» қонақ үйінің мұрагерлік құқық алуына байланысты Қазақстанға хат жолдайды. Бірақ ол кезде Кеңес өкіметінде Құнанбай тұқымын жаппай қудалау науқаны жүріп жатқан еді немесе «байтал түгі бас қайғы» болып тұрған кез еді.

Абайдың әкесі Құнанбайға арнаған өлеңінің бір шумағы:

Зекет жиып, егін сап,

Тойдырған ғаріп, жатақты.

Ескендір,Темір, Шыңғыстай

Мұсылман да атақты.

Мұқым қазақ баласы,

Тегіс ақыл сұрапты.

Тобықтыны ел қылып,

Басын жиып, құрапты.

Меккеде уақып үй салып,

Пәтер ғып жаққан шырақты.

Қорыта келе, Құнанбай Өскенбайұлы – өзінің даналығымен және саясаткер ретінде қазақ елін танытқан тұлға. Ол – қазақ елін қоғамдағы ғасырлар бойы келе жатқан мәдени дүниетанымдық өмір сүру тәжірибесі мен тарихи терең ұлттық философиясын, қазақтың тұңғыш дала академия­сын қалыптастырған кемеңгер. Құнанбай, Абай, Шәкәрімнің еңбектері мен олардың айтқан нақыл сөздерін, өлеңдерін, қазақ елін өркениеттің даму жолында басқа елден қалыспайтын ғылымның-білімнің қорын қалыптастырып, еліне еншіге беріп кетті.

Құнанбай Ресей патша өкіметіне қызмет атқарса да, өз қазағын қызғыштай қорғап, әлсіз қауымды жылатпауға тырысқан және қазағын өте жақсы көрген.

Құнанбай – қазақ елінің біртуар ұлы, данышпаны, кемеңгер ел билеушісі, саясаткері, философы, қоғамда қазаққа дұрыс жол көрсетуші және қазақ еліне Абай мен Шәкәрімдей алыптарды әкелген тұлға. Менің көкейімдегі бір арманым – Құнанбай бабамыздың басына тарихи ескерткіш ретінде бір жақсы кесене салу. Ұлы бабамызға кесене салу барша қазақтың аруақты сыйлау міндеті деп білемін.

Игілік ӘМІРҒАЛИН,

Астана қаласы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button