Басты ақпаратӨнербаян

Қазақ даласының өзі – опера

Опера жұлдызы Шахимардан Әбілов­тің есімі елімізде ғана емес, халық­аралық деңгейде де жақсы таныс. Вокалдық лириканың ерекше шебері атанған әнші – өнерде қайталанбас шығармашылық бет-бейнесі мен келбетін тапқан талант иесі. Абайдың «Толық адам» ұғымын опера арқылы насихаттап, рухани биіктік пен даналықтың жоғары дәрежесін көрсетуімен де оның болмысы мен өнері ерекшеленеді. Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал опера әншісімен бүгінгі шығармашылық жоспары, қазақ өнері мен мәдениеті туралы ой толғамын білу үшін сұхбат құрдық.

– Өнердегі биік шыңыңыз Абай өлеңдеріне жазылған камералық-вокалдық шығармалар болды. Абайды опера арқылы таныта отырып, оны өзіңіз, шын мәнінде, қаншалықты толық тани алдыңыз?

– Абай – терең ақыл, асқан парасат иесі, даналық пен кемелдік деңгейі толық адам. Оның «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті, Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» деген өлең жолдарының өзі ақынның халықтық, ұлттық сипаттан биік адамзаттық тұлға екенін танытады. Біз сол Абай айтқан ізгілікті бойымызға сіңірсек, әлемді өзімізге бағындырар едік. Бізге Абайдың жүрегіндей сабыр жетіспейді. Халқының бойындағы көптеген кесір мінезді сынап кетсе де, бар ойы сол арқылы елінің мәртебесін көтеру болды. Туған халқының надандық қамытынан құтылып, білім мен рухани толысқан ұлт болуын армандады. Қазақтың тілін әлемдік деңгейге Абай арқылы шығара аламыз, сол арқылы халқымызды көрсетеміз. Хәкім Абай өлмейтін сөз ғана емес, өлмейтін ән де қалдырған. Бір ғұлама: «Абайды тану – Алаш баласының ақын алдындағы парызы» депті, оны тану – бәрімізге парыз. Абайды толық танып білу қиын, бірақ соған ұмтылу керек. Алматыдағы Абай опера және балет театрының 17 маусымын «Абаймен» аштым. Әр маусым сайын мен Абайды басқа қырынан тани түстім. Сол арқылы кәсіби тұрғыда ғана емес, рухани толыстым. Абай маған өмірлік рухани азық болды.

Абайдың өмірден өткеніне 120 жыл толуына орай бірінші рет 22 қарашада Астана Опера ­театрында «Толық адам, ой толғау, хәкім Абай» атты монооперам болады. Маған бұл ретте үлкен көмегін берген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға және Астана Опера театры ұжымына зор алғысымды білдіремін. Әдетте, көптеген іс-шара ақынның туған күніне орай ұйымдастырылып жатады. Ал біз бірінші рет дүние­ден өткен уақытына орай осы ән кешін өткізуді жоспарладық. Монореквием алдымен Алматыда қойылды, халық жылы қабылдады. Енді Астанада өтеді. Қазір соған үлкен дайындық жүргізудеміз. 1 сағат 10 минут сахнада үздіксіз Абайдың 10 өлеңін айта отырып, бірінші рет қазақ өнерінде алғаш моноопера қойылады. Соған барша Абайды ұлықтаған, ақынды терең тани түскісі келген елордалық көрер­мендер мен қала қонақтарын шақырамын.

– Опера өнері қазақта кенже дамыған деген пікірмен келісесіз бе?

– Адам бойына барлық өнерді сыйғыза алмауы мүмкін, ал опера өнеріне қай халықтың болмасын бүкіл өнері сыяды. Әлемде алғаш рет опера ХVII ғасырдан қойыла бастады. Біз бұған ХХ ғасырда келдік. Бірақ айта кету керек, қазақтың өнері – үлкен симфония, қазақтың халық әндері – нағыз классика. Қазақ даласының өзі – опера. Сондықтан керісінше опера негізі қазаққа жат емес десем артық айтқандық емес. Себебі әлемде опера жазылған кезде оның диа­пазоны квинта, кварта, октава болатын, ал қазақтың халық әндері ХІІІ-ХIV ғасырларда-ақ бір жарым октава болды. Көлемі жағынан да, ішіндегі сөзінің мағынасы мен музыкасы да ғұламалыққа толы. Бірақ біз көшпенді халық болып ол өнерімізді бүкіл әлемге таныта алмадық. Өнер біздің құшағымызда, бойымызда жылдар бойы сақталды. Қазақтың жері қандай кең-байтақ және бай болса, рухани мұрасы да сондай қазынаға толған. Өнер туралы көп нәрсе айта аламын, 40 жыл консерваторияда еңбек еттім, 17 жыл басшылық қызметтер атқардым, ән кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы болдым. Абай опера және балет театрында 20 жыл жұмыс істедім. Абайдан бастап бірыңғай бас партияларды орындадым. Әлемнің 50 шақты мемлекетіне барып өнер көрсеттім. Түркияда 1999-2000 жылдары түрік тілінде алғаш болып түрік операсын, яғни «Ары туралы аңыз» атты операны орындаған қазақпын. Бірнеше шет мемлекетте шәкірттерім жұмыс істеп жүр. Шетелдік көптеген танымал музыкантпен қарым-қатынасым өте жақсы, үнемі араласып тұрамыз. Сондай биік деңгейдегі әншілермен тығыз байланыста болып, жақын сөйлесіп тұрмасаң өнерің өспейді. Бір жағынан, бұл қарым-
қатынас олардың Қазақстанның операсын танып, елімізде үлкен өнердің күші, биіктігі барын білуіне септік етеді.

– Халықаралық шығарма­шылық академиясының академигі, «Құрмет» орденінің, Халықаралық шығармашылық академиясының «Даңқ» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені сияқты басқа да көптеген еліміздегі ең үлкен атақтардың иегерісіз. Мұндай дәрежеге жету үшін қандай еңбек пен күш керек?

– Алдымен адамның туған то­пырағынан бойына сол өңірдің өзіне тән қасиеттері дариды. Павлодар өңірі, Шарбақты ауданы, Арбаиген деген қазақ ауылында туып-өстім, 70 жыл бойы бір орыс тұрмаған, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауыл, сол жерде өнер жолындағы алғашқы қадамдарым басталды. Қазақ мектебінде оқып, қазақы тәрбиемен өстік. Бірақ өзге тілдерді меңгеруде де ешкімнен кем болған жоқпыз. Жасөспірім шағымда ата-анамыздан ерте айырылдық. Тірісінде ата-анам атеистік қоғам салтанат құрып тұрғанына қарамастан құран оқитын. Екеуі де домбырамен ән айтатын, ауылдағы тойдың сәні, топтың гүлі болған. Әкем эпостарды күн-түн демей жырлау­дан жалықпаса, шешем қазақша, татарша әндерді өте жақсы орындайтын еді. Жүрегі кең, сол заманда білімді, парасатты жандар болды, араб тілін, латын жазуын жетік білді. Олардан тараған бізге де, әрине, өнер әкенің қаны, ананың сүтімен дарыды. Ағам Тілеуқабыл баянда жақсы ойнайтын мықты музыкант болды. Әпкем де тәп-тәуір ән салатын. Өнер қонған әулеттің ішінде мен операкамералық бағытта өз жолымды тауып, Алматыдағы мемлекеттік консерваторияда оқыдым, Жамбыл филармониясының солисі ретінде еңбек жолымды бастадым. Содан бергі 43 жыл өмірім елімнің және әлемнің опера сахналарында ән салумен өтіп келеді. Мені халыққа қатты танымал еткен концерт – Лондондағы Барбикан-холлда корольдік камералық оркестрмен берген концерт болды. Бұл жайлы Би-би-си тілшісі: «Лондон Сити орталығында XI ғасырдағы шіркеуде концерт беріп, тек қана әлемдік танымал жұлдыздардың келгеніне дағдыланған қаладан осынша көп тыңдарман жинау теңдесі жоқ құбылыс болды» деп жазса, БҰҰ-ның «Бейбітшілік ісі үшін» сыйлығының иегері, белгілі әнші Осман Тюркай: «Бұл – Қазақстандағы баламасы жоқ ұлттық құндылық» деп бағалады. Сонымен қатар Париждің Плейель залында, Винченсо, Берлин, Тель-Авив, Мәскеудегі Ресей композиторлар одағы және П.Чайковский атындағы консерваторияның кіші залында да концерттерім өтті. «Искусство XXI века» атты Финляндия, Италия, Австрия, Калининградта өткен «Янтарный соловей», Мәскеуде өткен «Международная русская романсида» сынды вокалистер байқауында, Қазан қаласында өткен Р.Яхин атындағы камералық әншілер байқауында, Уфада, Киевте өткен опералық әншілер байқауында қазылар алқасының мүшелігінде болдым. Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері мен алыс-жақын шет елдерде шеберлік сабақтарын өткіздім.

– Әлемге қазақты танытқан Димаштың дауыс ерекшелігін кәсіби әнші ретінде қалай сипаттап, бағалар едіңіз?

– Димашты өте жоғары бағалаймын. Ата-анасы қандай керемет жандар, өзі де бір ерекше туған бала! Бәрі тәрбиеге байланысты ғой, оның тәрбиесі мықты, нағыз қазақы тәрбие алған. Қазақта тәрбие деген не? Ол – жақсы мен жаманды айыру, үлкен мен кішіні сыйлау. Ал әл-Фараби: «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» дейді. Алла Тағала Димаштың жүрегіне ерекше сәуле нұрын құйып қойған. Ақтөбеге барғанда маған оны анасы әкеліп дауысын тыңдатқызған, 12-13 жастағы кезі еді. Сонда Димаштың өте талантты бала екенін, болашағы зор екенін байқап, батамды бердім. Кейін танымал болған соң да өзі маған амандасып, хабарласып келіп тұрады. Екеуміз өнер туралы көп әңгімелесеміз, ол – қашанда ақыл-кеңес сұрауға, білуге құштарлығы мол азамат. Димаштың ерекшелігі – төртінші октавадағы ноталарды ұстай алуы. Ол – октавалардың ең шегі. Бізде «примарный тон» деген болады, яғни «удобный» ноталар немесе ортаңғы тон. Сол тұрғыда Димаштың ортаңғы тоны – ең жоғары тон. Оныкі жоғарыдан басталады, ал жай әншілерде төменнен басталады. Димашқа еліктеймін дегендер дауыссыз қалады, оның дауысы солай ерекше жаратылған. Негізі, әр адамның дауысы ерекше. Соны еліктеумен құртып алмай, өз ерекшелігіңіз арқылы жұмыс жүргізсеңіз, әлдеқайда тез жетістікке жетесіз. Өзбек, түрік, тәжіктер ән салғанда өзіндік интонациясынан айнымайды, ал біздегілер Еуропаға еліктеймін деп ұлттық бояуымызды жоғалтып жүр. Бізде бос мақтан, жел сөз көп. Негізі, сынау керек, сынды қабылдай алу қажет, бірақ ол сын сауатты болса ғана тиімді.

– Опера жанрында шәкірт­­­тер тәрбиелеп, ­консерватория­да факультеттер, бөлімдерді бас­қардыңыз. Осы салада алған «ҚР білім беру ісінің үздігі» деген атағыңыз бар. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті кафедра меңгерушісі» деген де атақ берілген. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің, сонымен қатар Павлодардағы С.Торайғыров атындағы университеттің де профессоры екенсіз. Өзіңіз пір тұтатын Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөзіне сай ұстанымда жүрсіз ғой…

– Иә, мен талай жұлдызы жар­қыраған опера әншілерін тәрбие­леп шығарған ұстаз ретінде өз шәкірттеріммен мақтана аламын. Олар әлемдік ірі сахналарда Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетін шет мемлекеттерге мойындатуда. Менің қазіргі басты жұмысым – сол жастарды тәрбиелеу. Астана Опера театрында әлемдік деңгейде аттары белгілі 5-6 шәкіртім жұмыс істейді. Алматыда одан да көп. Сол шәкірттерді тәрбиелей жүріп, өзім де ізденіс үстінде боламын, жасым 74-ке келсе де әлі де үздіксіз оқумен, өнерімді үнемі жетілдірумен келемін. Операмен күнде айналыспасаң, одан тез айырылып қаласың. Бұл шыңы биік өнер деп бекер айтылмаған. Мұнда тек ария айту аздық етеді, айтқан әннің сөзін бүкіл жан дүниеңнен өткізіп, тыңдаушыға әсерлі жеткізу үшін де білім, ізденіс, тәжірибе керек. Опера әншісі кітапты көп оқуы, ойланып, толғануы қажет. Өзім өмір бойы әдебиетпен доспын. Абайдан бастап, Шекспирдің, Лермонтов пен Пушкиннің еңбектерін, орта ғасырдағы араб прозасын сүйіп оқимын. Сократтан бастап, Аристотель, Кант, әл-Фараби, Ғазали, Ясауи сияқты танымал философтардың шығармаларын ақтарамын. Өзіміздің қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін де зерделеймін. Жастардан да сондай ізденісті талап етемін.

– Өмірге жұбайыңызбен бірге екі бала әкелген ардақты әкесіз. Әке жолын қуған балаларыңыз бар ма?

– Құдай қосқан жарым ­Мағ­руза Бексұлтанқызы Алматыдағы ­Кинолар үйін 42 жыл басқарды. Бір ұл, бір қызымыз бар. Олар бірақ өнер жолында емес. Дегенмен басқа салада жоғары білім алып, қызметін абыроймен атқарып жүр. Жұбайым басшылық қыз­метте жүрсе де, үй мен түздің шаруасын қатар алып, менің шығармашылық жағынан дамуыма толық жағдай жасады. Шетелдерге шығып, әлемді шарлап, өнеріммен танылуыма оның зор үлесі тиді. Сондықтан оған деген ризашылығым зор.

Сұхбаттасқан

Райхан РАХМЕТОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button