Мәдениет

Әралуан бағыттағы әуендер

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымдары әралуан бағытта бірнеше концерт ұсынды. Атап айтқанда, өнер ұжымының концерт залдарында заманауи жапон музыкасы кешi, «Қоңыр күз» және «Сайра, бұлбұл» концерттері өтті.

Заманауи жапон музыкасы

Қ.Жұмакенов атындағы үрлемелі оркестрдің (көркемдік жетекшісі – Никита Почиталин, бас дирижер – Дархан Рахымғалиев) «Қиыр Шығыс әуендері» атты кешінің дирижері және солисі Ресейден шақырылған дирижер, мемлекеттік «Держава» үрлемелі оркестрінің көркемдік жетекшісі жəне бас дирижері, кларнеттен жеке орындаушы, халықаралық байқаулардың лауреаты Кирилл Ильин болды. Концертте жапон композиторы Сатоши Ягисаваның оркестрлік шығармалары, Хаяо Миядзакидің әйгілі анимелеріне арналған Дзё Хисаиси музыкасы, «Жасырынған айдаһар, тығылған жолбарыс» фильмінен танымал шығармалар, үрлемелі оркестр сүйемелдеуімен «Менің көршім Тоторо», «Жүретін қамал», «Кикидің жеткізу қызметі», «Мононоке ханшайым», «Лапута: аспан қамалы» секілді анимелерден үзінділер орындалды.

«Сарыарқа» Сәттібегін еске алды

«Сарыарқа» халық музыка ­ансамблінің «Қоңыр күз» аталған концерті осы ансамбльдің белді мүшесі болған Сәттібек Баяховты еске алуға арналды. Ол «Сары­арқа» халық музыка ансамблінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Хамзин жетекші болғанда концертмейстер қызметін атқарып, Әсет Дәненов екеуі аталмыш ансамбльге бірнеше күйді өңдеп түсірді. Өмірден ерте өткен Сәттібек Баяховты әріптестері өзіндік орындаушылық ерекшелігі бар дәулескер домбырашы, әрдайым ізденісте жүретін музыкант ретінде еске алады. Ол Нұрғиса Тілендиев атындағы және Тәттімбет атындағы байқаулардың бас жүлде иегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанып, басқа да байқауларда топ жарған еді.

Концертте халық күйлерімен қатар Ақан сері, Шалмырза, Еспай, Есір, Тілеп, Өскенбай, Әшімтай, Ықылас, Нұрғиса Тілендиев, Секен Тұрысбек, Әсет Дәненов, Жәнібек Кәрменов, Тұрсынбек Рахимов, Ержан Тоқсабанов, Тоғжан Жахин, Өскенбай сынды кешегі күйшілер мен қазіргі күйші-композиторлардың шығармалары орындалды. «Халық әні» бөлімінің әртістері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова, мәдениет саласының үздіктері Гүлжан Мұстахимова, Қайрат Айтбаев, Алмат Сайжан мен республикалық байқаулардың лауреаты Мақсат Хамзин өнер көрсетті.

Халық композиторларының туындылары

«Сайра, бұлбұл» концертін филармонияның «Халық әні» бөлімі ұйымдастырды. Кеште Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Абай Құнанбайұлы, Әсет Найманбайұлы, Естай Беркімбайұлы, Мұхит Мералыұлы сынды халық композиторларының күйлері мен лирикалық әндері әуеледі. Мәдениет саласының үздігі Берік Омаров жүргізген кешке «Қорқыт» этноансамблі, мәдениет саласының үздіктері Данияр Мұқан мен Әйгерім Нартүйе, халықаралық байқаулардың лауреаттары Зинат Қасымова, Жақсыкелді Маясаров, Рахат Бегасылов, Нұржан Мейірхан және Сәулежан Тағзия қатысты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button