Uncategorized

Жүкті әйелдердің ауруы жиіледі

Қазіргі таңда әйелдерің денсаулық көрсеткіштері төмендеп кетті. Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген құрсақтағы сәбиді дүниеге аман-сау әкелу әрбір ата-ананың арманы.  Елімізде жүкті әйелдерде кездесетін қандай аурулар жиілеп кетті? Жүктілікті дұрыс жоспарлау үшін не істеу керек? Бұл туралы Астана қаласы  «Жанұя»  емханасының  ана мен баланы қорғау жөніндегі бас дәрігердің  орынбасары  Нұрайна Әлібековамен әңгімелескен едік.

Репродуктивті  денсаулық деген ұғым бар, бұл – жүкті болу, босану және сау бала туу мүмкіндігі. Оны сақтау – әйел мен еркектің жауапкершілігі. Әрбір жүктілік ата-ананың жоспарлы қалауымен, ал болашақ баланың ата-аналары – дені сау болу керек.

«Әйелдің құрсағына сәби біткен уақыттан бастап әйел ағзасында түрлі физиологиялық, гормондық, зат алмасу өзгерістері пайда болады. Кез келген әйел ана атанар алдында өз денсаулығына, сәбидің денсаулығына деген үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, міндетті түрде акушер-гинекологтан  жүктілікке дайындықтан өтуі керек» деп есептейді Нұрайна Әлібекова. Оның айтуынша,  жүктілікті жоспарлау үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы барлық зертеулер мен дәрігерлер кеңесі емханаларда тегін қамтамасыз етіледі. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің  акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша  92- бұйрығына сәйкес жүктілікті жоспарлау кезінде тапсырылу керек зерттеулердің барлығы  Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы тегін көрсетіледі.

«Егер тексерілу нәтижесінде созылмалы немесе жіті аурулар анықталса оны емдеп, компенсация сатысына жеткізгеннен соң ғана жүктілікті жоспарлау рұқсат етіледі. Мәселен, біздің емханамызда соңғы 10  ай  ішінде 974 жүкті әйел тіркелді. Оның ішінде 732 әйел босанды. Осы 974 әйелдің 150- ден астамында жүктілік түрлі асқынулармен өтті. Мәселен ең жиі кездесетін аурулар қатарында  созылмалы қан қысымының жоғарылауы, 1-2 ші типтік қант диабеті, қалқанша без аурулары, аутоиммунды аурулар, эпилепсия, анемия сияқты аурулар бар. Егер әйел дайындықсыз осы аурулардың фонында жүкті болса негізгі аурудың өршуімен қатар акушерлік асқынулар қосылады. Егер әйел бұған дейін  көп бала босанса, алдыңғы жүктілікте гестациялық қант диабеті мен қан қысымның жоғарылауы болса, кесар тілігі немесе уақытынан бұрын босанулар болса келесі жүктілікте қауіп-қатер факторлары жоғары болады» дейді дәрігер.

Елімізде денсаулық сақтау саласындағы басты бағыттардың  бірі ана мен баланың денсаулығын қорғау болғандықтан, міндетті әлуметтік медициналық сақтандыру қорында әйелдер үшін жүктілікті жоспарлау және жүкті кезде дәрігерде бақылауда болуы, жас ерекшеліктеріне байланысты профилактикалық скринингтерді өту сияқты көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Жоспарлы жүктілік – дені сау ұрпақ кепілі. Ендеше,  бала көтермес бұрын әйел мен еркек өз денсаулықтарын тексеріп, дәрігермен ақылдаса отырып, дені сау баланы дүниеге әкелгені маңызды.  Ал, дені сау ұрпақ – ел болашағы.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button