30 адам алаяқтың арбауына түсіп қалған
Алаяқ елорда тұрғындарына Қытай мен Түрікменстаннан халық тұтынатын тауарларды тікелей жеткізуге уәде беретін қылмыстық жоспар құрған, – деп хабарлайды astana-akshamy.kz
“Азаматтарды алдау үшін ол WhatsApp мессенджерінде арнайы топтар ашып, тауарларды нарықтық құннан төмен бағамен жарнамалаған. Осылайша, 30 адамның 3 миллион теңгеден астам қаржысын иемденіп, алаяқ ол ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған”, – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, күдікті сотта қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға тырысып, жәбірленушілермен азаматтық-құқықтық қатынаста болғанын көрсеткен.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының бастапқыдан тауар жеткізуді жоспарламағанын және өзіне алған міндеттемелерін орындауға ниеті болмағанын дәлелдеді.
“Сот үкімі бойынша, ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген материалдық шығын сотталғаннан өндірілді.
Астана қаласының прокуратурасы тұрғындарға мессенджерлерде төмен бағамен тауарларды тікелей жеткізуге уәде беретін күмәнді мәмілелерден сақ болуды ескертеді”.