Әміре: тағдыр және трагедия
Осыдан бір ғасыр бұрын қазақ әнін Еуропаға алғаш танытқан Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнері көркем шығармаларға, театр қойылымдары мен киноға арқау болды. Келесі жылы оның паң Париж төрінде ән салғанына 100 жыл толса, алдағы желтоқсан айында қапияда көз жұмғанына 90 жыл болады. Соның қарсаңында асқан әнші, қазақ кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі туралы тағы бір туынды сахнаға жол тартты. Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында премьерасы өткен «Әміре» моноспектаклінің авторы – Қанат Жүнісов. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Дала сахнасы – Қоянды жәрмеңкесі арқылы елге танылған Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижде өткен «ЭКСПО» көрмесіне қатысып, ән салуы – әншінің ғана емес, қазақ өнерінің табысы. Алайда бұл оқиға Әміреге бақпен қатар сор әкелді. Бұған себеп – Франция астанасында кеңес өкіметі «халық жауы» санаған Алаш қайраткері Мұстафа Шоқаймен кездесуі. Сол сапардан оралысымен Әміренің соңына «үш әріп» қызметкерлері түсіп, ақыры түбіне жетіп тынды. 1934 жылдың 6 желтоқсанында оның мүрдесі Алматы көшелерінің бірінен табылды. Өлімі жұмбақ күйінде қалса да, бұл істің артында «үш әріп» әрекеті сезіледі.
Жалпы Әміренің азамат, өнерпаз болып қалыптасуына Алаш қайраткерлерінің әсері бар деп топшылауға болады. Ол бастапқыда Семейдегі «Ес-аймақ» труппасында өнерін шыңдады. Ал бұл өнерпаздар тобының жұмысына Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов белсенді араласып, бағыт-бағдар беріп отырды. Әміре осы труппадан түлеп ұшып, қазақтың алғашқы кәсіби театры құрылғанда соған қабылданды. Қазақ театры Әміреден басталады десек те, артық айтқандай болмас.
Кезінде әміретанушы Жарқын Шәкәрімнің аузынан қазақ театрының тұңғыш әртісі Әміре дегенді естіген едік. «Мен оны архивтен көрдім. Бұйрық содан басталады. Қалибек Қуанышбаев – екінші, Елубай Өмірзақов – үшінші, Құрманбек Жандарбеков – төртінші» деп еді жарықтық Жарқын аға. Ендеше, Әміре бейнесінің сахнаға жол тартуы – заңдылық. Театрда Әміре «Еңлік-Кебекте» Жапалды, «Айман-Шолпанда» Жарасты сомдады. Евгений Брусиловский «Қыз Жібек» операсындағы Төлегеннің ариясын Әміренің дауысына лайықтап жазды деген әңгіме де бар. Алайда әнші, актердің ғұмыры кенеттен үзіліп, бұл бейнені сомдау бұйырмады.
«Әміре» моноспектаклінде Әміренің табысы мен трагедиясы ғана емес, Ақан сері секілді өнерпаздардың, оның тұлпары Құлагер сынды шын жүйріктердің қасіреті көрініс тапқан. Қазақ дара тұлғаларын тірісінде бағаламай, өлгеннен кейін ғана жоқтайды. Осы көріністермен қоюшы режиссер соны айтқысы, содан сақтандырғысы келген сияқты. Автор Қанат Жүнісовке режиссерлік шешімдер ұнады. Асхат Маемиров өз жанынан деректерді қосып, пьесаны түрлендіріп, құлпыртып жіберді.
Ал жанр айқындап тұрғандай, спектакльде бір ғана актер ойнады. Бұл – Әміре бейнесін сомдаған Оразалы Игілік. Музыкалық жас көрермен театрында жақсы әртістер жетерлік. Солардың ішінен Әміре рөлін Асхат Маемиров Оразалыға сеніп тапсырды. Тарихи тұлға бейнесін актер беріле сомдап, режиссердің сенімінен шықты. Автор да әртіске алғыс айтты.
Қанат Жүнісов бұл шығарманы осыдан 15 жылдай бұрын Қаллеки театрының сол кездегі директоры Еркін Жуасбектің өтінішімен әнші, актер Нұрай Танабаевқа арнап жазды. Алайда әлдебір себеппен бұл актерге Әміре бейнесін сомдау бұйырмады. Спектакль алғаш 2013 жылы сахнаға шықты. Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Әлімбек Оразбектің сахналауымен Әмірені Құмарбек Қалқатай сомдады. Енді, міне, Астана сахнасына жол тартып отыр.
«Автордың шығармасы – бір дән. Оған су құятын, өсіретін режиссер, жемісін беретін актер. Дәл осы шығарманы менен бірнеше режиссер сұрады. Бірақ «бір актер Әмірені шығара алмайды, екі-үш адам болып шығарайық» деген ұсыныс айтқан соң, бас тарттым. Бір жарым сағат бойы бір актер бірнеше рольді сомдайтын «Әміре» қойылымы – актер үшін аламанның аламаны. Әміре рөлін ойнаған Оразалы Игілік академиялық әндер мен дәстүрлі әндер сала жүріп, құлаш-құлаш мәтіндерді, монологтарды, терең психологиялық сәттерді үзіліссіз шебер ойнап шықты. Актердың потенциалына сенген режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров Оразалыға артығымен жүк артқан. Тарихи танымдық тұрғыда көптеген мәліметтер қосып, Әміре мен Мұстафа Шоқайдың тұлғасын аша түскен. Сахна сыртынан берілген мәтіндер де оқиғаның өрбуіне оң әсерін бері тұр. Бір кейіпкер қысқарған. Бірақ одан спектакль пәлендей ақсап тұрған жоқ. Қойылымда ұлттық бояу басым әрі Алаш рухы сезіледі. Әміренің тағдыры мен Құлагердің тағдыры бір екенін байқайсыз. Режиссер түрлі тақырыптарды сауатты үйлестіріп, шарықтау шегіне жеткізген. Сондықтан бұл шығарманы қазіргі ұйықтап бара жатқан ұлттық рухымызды ояту үшін, әсіресе жастар жағы көру керек деп есептеймін» дейді шығарма авторы Қанат Жүнісов.
Қоюшы режиссер Асхат Маемировтың айтуынша, моноспектакль жанры актердің үлкен шығармашылық әлеуетін талап етеді. Кейіпкер бейнесін әр кейіпке еніп, бір актер сомдап шығу керек. Бұл кез келген әртістің қолынан келмейді.
«Қазақстан театр кеңістігінде бір өзі бір театр сияқты тұлғалар бар. Бұл – Төле бидің толғауларын жеткізіп, «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» жырларын жырлаған, Мұқағалидың «Тоқта, ботам, атаң келеді артында» секілді өлеңіне бірнеше ән жазған қазақ өнерінің абызы, Халық әртісі Сәбит Оразбаев. Тілектес Мейрамов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов, Қатимолла Бердіғалиев, Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда туралы да осыны айтуға болады. «Шіркін, аға буынның жалғасындай бір актер тәрбиелеп шығарсам» деп ойлайтынмын, Оразалы менің театр педагогикасындағы еңбегімнің ақталғанын көрсеткендей болды. Әміре – қазақ ән өнерінің биігі, қазақтың ұлы даласын әнмен тербеген тұлға. Әміре салған әндер – ұлттың рухани құндылығы. Шүкір, тәуелсіздік алдық, азат ел болдық. Азат елдің қазіргі Әміресі Димаш Париж, Лондон, Нью-Йорк, Бейжін сахналарында ән шырқап жүр. Сондықтан Әміре атамыздың аманаты жоғалған жоқ деп есептеймін» дейді Асхат Маемиров.
Аманғали Қалжанов