Мәдениет

«Абай әлемін» ашты

Елордадағы Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Абай әлемі» көрмесі дайындалып, оқырмандар назарына ұсынылды. Көрмеге ақынның төл туындылары – өлеңдері мен қара сөздері, орыс және шығыс әдебиетінен аудармалары, сондай-ақ оның өмірі мен шығармашылығына арналған 50-ден астам еңбек қойылды.

[smartslider3 slider=3704]

Алдымен хәкім Абайдың өмірі туралы кітапхананың аға кітапханашысы Жанна Байдарбекова деректер келтірсе, кітапханашы Жәмилә Жанарбек ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Сондай-ақ жас оқырмандар арасынан №37 мектептің оқушылары Айғаным және Қарақат Сатан Абай өлеңдерінен үзінділер оқыса, Ажар Серікова есімді оқушы гитарамен ақын әндерін ­шырқады.

– Ұлы ақынның 10 тамыз туған күні қарсаңында біздің кітапхана арнайы көрме жасақтап, жас оқырмандар назарына ұсынып отыр. Жалпы кітапханаға орташа есеппен күніне 70-80 оқырман келеді, оның ішінде әрине негізінен көбі – балалар болса, кейде ересектер де бас сұғады. Бүгінде кітапханамыздың қорында 164887 кітап бар. Кітапхана қоры қалалық бюджеттен бөлінген қаражатқа Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Мемлекеттік сатып алу» заңы бойынша толықтырылады. Кейде оқырмандар да үйлеріндегі кітаптарын әкеп беріп жатады. Олардың ішінде Абай шығармалары да кездеседі, біз ондай құнды дүниелерді қуана-қуана қабылдаймыз. Себебі келер ұрпаққа мұра болып қалар ақын еңбектері бізге ешқашан көптік етпейді, – дейді Ж. Байдарбекова.

Қалалық кітапханада мектеп оқушыларының бос уақытын өткізуге арналған коворкинг орталықтар, Оқу залы және кітапхана қызметкерлері өздері құрған «Еркетай» қуыршақ театры бар. Мұнда балалар бос уақытында келіп, дойбы, шахмат ойнап, сурет салып демалысын тиімді өткізе алады. Ал қуыршақ театрында танымал авторлар шығармалары оқырман балаларды қатыстыра отырып сахналанады. Бұл да балалардың бойындағы талантын дамытып, шығарма кейіпкерлерін өздеріне сомдату арқылы кітап оқуға деген құмарлығын оятуға септік етеді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button