«Абай аманаты – қазаққа аманат»
Астана қаласының Білім басқармасы және Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен №79 «Шабыт» балабақшасында «Абай аманаты – қазаққа аманат» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған іс-шара Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай және алдағы Абай күні мерекесіне арналып отыр. Іс-шара барысында Абай өмірінен қойылым қойылып, балабақша тәрбиеленушілеріне «Әжелер мектебі» жұмысы аясында Абайдың мысалдары оқылып көлеңкелі театр ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Абай әлемі» атты көрме өтіп, балабақша тәрбиеленушілерімен «Ұлттық ойын жаршысы» атты ұлттық ойындар жарысы өткізілді.
Шара барысында балабақша тәрбиеленушілері Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқып өзара сынға түссе, балабақша педагогтері «Болмасаңда ұқсап бақ» атты Абай өмірі мен шығармашылығы аясында зияткерлік сайысқа түсті. _Абайды дәріптеу, оның ілімін өскелең ұрпаққа үйрету біздің борышымыз. Өйткені Абай тұтас ұлтымыздың айнасы. Ол мәңгілік ақыл-ойдың қазығы. Сол себепті біз Абайды ұдайы дәріптеп, оны жастарға оқыта беруіміз керек. Бұл біздің отанымыздың келешегі, ұлтымыздың бірегейлігі үшін де керек,-дейді ұйымдастырушылар. Іс-шара соңында қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Шапағат ӘБДІР