Абай ашқан музей

Абайдың қоғамдық, әлеуметтік өмірге араласуы – ел басқару қызметі, жер дауы, жесір дауына билік айтуы, заң ережелерін жасауға қатысуы, ағарту ісіне атсалысуы, өзі жинаған қазақ тұрмысындағы мәдени мұралар арқылы қазақ этнографиясына қосқан зор үлесі ел ішінде ауызша түрінде тарап келгенімен толық зерттеу жұмыстары негізінде қарастырылмады.
Қазақ халқының ұлылығын, оның өткен өмірін, тарихын, тарихының түбірлі кезеңдерін қазақ мінезі қалыптасқан тұрмыс құралдары арқылы жарқыратып ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіруге тырысқан Абай мұралары бүгінгі таңдағы қазақ мәдениеті, қазақ этнографиясын тану жолында аса қажет. Семейдегі Абай мұражайы қорынан алынған естеліктер, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың жазбалары ақынның қазақ даласында тұңғыш музей жұмысының негізін қалаушы екенін айғақтайды.
Абай заманында саяси жер аударылғандардың орталығы болып есептелген Семей қаласы «қылмысты» деп танылып, жер аударылған орыс, украин, поляк, белорус, т.б. ұлттарының мекені болды. Солардың ішіндегі ең көрнекті, аса талантты терең білімділердің бірі Е.П.Михаэлис Семей қаласына 1869 жылы келіп, 13-14 жыл бойы осы қалада тұрып, 1878 жылы облыстық санақ комитетінің құрылуына мұрындық болды. Ол кезде Семей облысына Кереку, Зайсан, Қарқаралы уездері қарайтын. Облыстағы санақ комитеті осы аймақтарды мекен ететін халықтың тұрмысын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін, географиялық жағдайын зерттейтін жалғыз мекеме болды. Аталмыш мекемеге Абай да қамқорлық көрсетіп, балалары Ақылбай мен Мағауия үшеуі қоғам мүшесі болып, арнайы жарна төлеп отырды. Абай Михаэлиспен бірге комитеттің жұмысына белсене араласты. Санақ комитетінің ықпалымен 1883 жылы 24 қыркүйекте Семейдің тұңғыш мәдени ағарту саласында облыстық өлкетану мұражайы ашылды. Абай да өлкетану мұражайын ашу жұмысын ұйымдастыру мәселесіне атсалысып, іс жүзінде көмек көрсетеді.
Михаэлиспен тығыз байланыста болған Абай 1884-86 жылдары саяси жер аударылып келушілердің бірі, доктор Нифонт Долгополовпен танысады. 1857 жылы туған Н.Долгополов Харьков университетінің медицина факультетінде оқыған. 1878 жылы студенттер толқуына араласқаны үшін қамауға алынып, Сібірге жер аударылған ол 1880 жылы Тобыл губерниясының Қорған қаласында рұқсатсыз емдеу қызметімен айналысқаны үшін Қорғаннан қуылып, 1884 жылдың маусым айында Семей қаласына келеді. 1885 жылдары сырқаттанып қалған Н.Долгополов Семей генерал-губернаторынан Абай ауылына барып, емделіп қайтуға рұқсат сұрайды. «Менің денсаулығым қатты бұзылды. Жоғары мәртебелім, Сізден осыған байланысты Шыңғыс болысына Өскенбаев Құнанбай ауылына баруыма рұқсат беруіңізді сұраймын. 1885 жыл. 4 маусым. Н.Долгополов» деп қол қойған хаты Абай мұражайында сақтаулы.
Осы сапарда екі ай бойы Құнанбай елінде болған Н.Долгополов Абаймен ақылдаса отырып, қазақтың тұрмыс салтын, әдет-ғұрпын, көрнекті түрде бейнелейтін заттарды халық арасынан жинап алып қайтады. Мұражайға жасау-жабдығымен киіз үй бастатқан 60-қа жуық зат әкеліп тапсырады.
Ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында 1940 жылы Семей қаласында ақынның өзі қалаға келгенде түсіп жүретін Бекбай Байысовтың үйінде Абай мұражайы ашылады. 1940-45 жылдардағы соғыс қай салаға болса да өз кедергісін тигізіп жатқан тұста Абайға қатысты деректер қарқынды жиналып, жылжымалы көрмелер, ауыл-ауылдарда дәрістер оқылды. Абайға тиесілі заттар тізімінде ер, тоғызқұмалақ, сағат, Абайдың белбеуі, ожау, әбдіре, кебеже, Абай үйінің шкафы, Құнанбайдың тақиясы, Мағауияның кір шомбалы, Берікбай бақсының қобызы, Тұрағұлдың ері, аңшылық заттары және 1909 ж. тұңғыш жинақ, 60-қа жуық Абай туралы естеліктер жинақталды.
Абай музейі 1944-67 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйінде жұмыс істеді. 1967 жылы мұражай қорындағы экспонаттар молая бастаған тұста тарихи ескерткіштердің қатарынан саналатын көпес Роман Ершовтың еңселі үйіне ауысты. Ақынның өзі жинаған 60-қа тарта экспонаттардың 30-ға жуығы өлкетану мұражайынан қайтарылып, Абай мұраларының негізгі қорына қосылды. Ақынның елді өнер-білімге шақырған терең насихат сөздерінен бөлек халықтың тәрбиелік мәні зор мұраларымен де толықтырылды. Абай жинаған мұралардың қатарында текемет, тұскиіз, тұскесте кесінділерінің көрмеге әзірленген түрлері де бар.
Алмахан Мұхаметқалиқызы