«Абай дана, Абай дара қазақта»
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына және 10-тамыздағы Абай күніне орай №49 «Алтынай» балабақшасында «Абай дана, Абай дара қазақта» атты балабақша тәрбиеленушілері мен педагогтері арасындағы мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Аталған іс-шараның басты мақсаты мектеп жасына дейінгі балалардың бойына Ұлы ақынның баға жетпес мол мұрасын санасына сіңіру және өскелең ұрпақтың ұлттық рухы мен патриоттық сезімдерін ояту екенін айтқан №49 балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Лаура Дуйсекулова бұл тек ғана Абай күніне орай ұйымдастырылып отырмағанын, Абай мұраларын жыл бойы дәріптеп келе жатқандықтарын айтады.
–Абай тек арнайы бір күнгі мерекеде ғана аты аталып қалатын тұлға емес. Ол тұтас қазақтың жаны. Сондықтан да біз жыл бойы Абай шығармаларын дәріптеу мақсатында балабақшамыздан «Абай аманаты» тақырыбындағы эксперименттік алаң ашқан болатынбыз. Эксперименттік алаңның іске асырылу мерзімі 3жыл. Мұндағы мақсатымыз
балаларға қазақ тілін меңгертудің тиімді жолын анықтау, қазақ тілі арқылы ұлттық құндылықтарды дамыту. Әрі Абай шығармашылығы арқылы балалардың таза, анық, тартымды сөйлеу дағдысын қалыптастыру.
Сонымен қатар біз заманауи үлгіде Абай шығармашылығын халық арасында кеңінен нәсихатталуы үшін оның 45 қара сөзін, арнайы QR кодтермен белгілеп балабақшамыздың төріне іліп қойдық. Оны осында келген ата-аналар да телефоны арқылы сканерлеп жүктеп ала алады. Бұл арқылы біз балалардың ғана емес, олардың ата-аналарының да Абай шығармашылығына деген қызығушылығын арттрып отырмыз,–дейді Лаура Бекқалиқызы.
Ал іс-шара барысында балалар арнайы сахналық қойылым арқылы бала Абайдың өмірпіне саяхат жасап, оның әжесі Зеренің айтқан ертегілерінен сусындап, Абайдың әнін айтып, өлеңдерін оқыды.
Шапағат ӘБДІР