Мәдениет

Абай мектебіндегі ән мен күй

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академия­лық филармонияның қазақ оркестрі Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда «Асыл мұра» атты лекция-концерт өткізді.

 

Лекция-концертті бастан-аяқ аталмыш оркестр дирижері, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов жүргізіп, әр шығарманың тарихына тоқталып, маңызына үңілді. Өнерлі ұжым Абай мектебіне аяқ басып отырған соң, кешті Абайдың «Торы жорға» күйімен бастап, Абай әндерін шырқады. Құрманғазының «Адай», Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр» күйлері орындалғанда оқушылар ерекше ықыласпен тыңдап, арқаланып отырды. «Алаш маршы» әні шырқалғанда жастар бірге айтып, орындарынан тұрып, өнерпаздарға ерекше құрметтерін көрсетіп жатты.

Бұл жоба биыл ғана басталып, қазақ оркестрі бүгінге дейін Астанадағы бірнеше мектепте лекция-концерт өткізіп үлгерген екен. Бұл бастаманы мектептер ұжымы ерекше ықыласпен қолдап, қуана қарсы алып отырғанын айтады идея авторы – Нұрлан Бекенов. Ол бұл жобаның мән-маңызына ерекше тоқтала келе, былай деді: «Күй – қазақтың күре тамыры, күй тыңдаған адамның санасына сәуле ұялап, көкейіне күн түседі. Күй – тұнып тұрған тәлім-тәрбие. Халқымыз ұстаздың ұлағатын, ата-аналарымыз­дың қадірін қасиетті күй, әуелеген ән арқылы жеткізіп отырған. Біз де ұлттық өнерімізді үнемі дәріптеп келеміз. Сол арқылы ұрпақ санасына ұлттық бояу енгізіп, өнерге деген құштарлықты оятқымыз келеді. Мынау нарықтық заманда тегін келіп концерт қоюмыздың басты мақсаты да, ұлт болашағы мен ұрпақ қамы.

Іс-шара соңында оқушылар мен ата-аналар белгілі әнші, Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаевпен бірге Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін шырқап, өнерпаздарға ерекше ықыластарын көрсетті. Мектеп басшылығы арнайы келген өнер ұжымына ерекше алғыс айтып, осындай игі бастаманың жалғасын таба беруіне тілектестік білдірді.

Қабиден Қуанышбай

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button