Руханият

Абай рухы халыққа қуат берді

Ұлы ақынның торқалы тойы ел тарихында үш рет тойланды. Осы тарихи тойлардың басы-қасында болған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан тарихшы-шежіреші, этнограф, Абай елінің қадірлі ақсақалы Молдабек ЖАНБОЛАТҰЛЫМЕН сұхбат.

Мұхаң түсетін үш-ақ үй болды

– Молдабек аға, ұлы ақынның 100 жылдығы Ұлы Отан соғысы аяқтал­ған жылы тойланыпты. Бала кезіңізде сол тойдың куәсі болыпсыз. Ол уақыт өте қиын еді ғой…
– Шынында, бұл өте ауыр уақыт еді. Біреу баладан, біреу ерінен, біреу ағайын-туысынан айыры­лып, халық әлі жылаудан арылған жоқ еді. Той туралы хабар халыққа тарай қоймаған. Мына бір тарихи дерекке көз жүгіртсек, Шыңғыстау елінде 1928 жылы – 34600-дей, ал 1939 жылғы санақта 6980 адам ғана қалған. 1600 адам Шыңғыстаудан соғысқа аттанды. Абай елінің тағдыры онсыз да ауыр еді. Бірақ мемлекет 1939 жылы арнайы қаулы қабылдап, дайындық жобасы басталып кеткен екен. Тіпті соғыс бітпей жатып Министрлер кеңесінің жанынан арнайы комиссия құрылып, нақты жоспар жасалған. Ұлы тойдың қарсаңында не істеу керек, қандай жұмыстар жүргізу қажет, жалпы ауданның жағдайы қандай – осының барлығын өз көзімен көріп, білмекке комиссия басшысы Мұхтар Әуезов ауданға арнайы келіпті деп естідік. Аудандағы халықтың жағ­дайы өте әлсіз еді ол уа­қытта. Қарауылда Мұқаң түсетін үш-ақ үй болатын. Біріншісі – Балтақай Толғанбаевтың үйі. Ол кісі Мұхтар ағамен шамалас болатын. Екіншісі – біздің әкейдің үйі, бұрын Семейде тұрғаннан таныс. Үшіншісі – Рахым Күзембаев деген кісінің үйі болатын. Мұхаң осы үйлерді кезек-кезек аралап, қонақ болатын. Негізгі мақсаты тойдың қамы болса да, кешкілік алтыбақанға шығып, ауыл жастарымен бірге болатын. Бұл 1943 жыл, соғыс­тың беті қайта қоймаған, жеңістің ауылы алыс уақыт болатын. Соған қарамай мемлекет Абай тойын өткізуді белгілеген. Осындайда Мұхаңның келуі халыққа жігер берді. Майданда азаматтарынан, ардақтыларынан айырылған адамдар «Абай тойы болады» дегенде уақытша болсын қайғы-­қасіреттерін ұмытқандай болды. Мен ол кезде тоғыз жасар баламын. Ол уақыттың баласы ерте есейеді ғой, қарағым. Мұхтар аға Абай еліне жиі келетін. Біздің үйге келіп түскенде Мұхтар ағаны түс тоқтатып көрмесек те, басымыздан сипады, шарапаты тиді. Сол жолы келгенде жазушы, суретшілерді ертіп келіпті. Біздің шешеміз тобықты ішіндегі Мамай руынан тараған. Шешемізді Айгерімге ұқсатып, соның прототипі деп суретке түсірген екен, тегі анамыз өңді болса керек. Тойға дайындық барысында Мұхтар ағаның басшылығымен ерекше көңіл бөлгенін айта кетпесе болмас, Абай заманындағы Тобықты руының ерекшеліктері ескеріліп жасалсын делінген. Айталық, Абай елінің тұрмыс­тық ерекшелігі – киім үлгілерінен ер-тұрманына дейін көрсету қаулыда қадап тұрып көрсетілген. Білген адамға осының үлкен мәні бар. Мысалы, тойға арнал­ған Абай дәуіріндегі киіз үйді жабдықтау үшін түрлі түсті 279 метр бұл, 3 кілем, аю терісінен жасалған екі бөстек, 24 кг мамық, 2000 метр жібек жіп, 23 кг бояу қажет болған. Осыны қиын, жоқшылық уақытта тапты және Абайдың сегіз қанат киіз үйін жасап, жабдықтау­ға бес шебер қатысқан делінген тарихи құжатта. Тойға тігілген 100 қаралы киіз үйдің этнографиялық ерекшеліктері ескерілген, осыны біз бала күнімізде көзімізбен көрдік. Баламын ғой, біз үшін бәрі қызық, бәрі таңсық болатын. Әйтеуір естігеніміз – хакім Абайдың ғасырлық тойына Одақтан үлкен қонақтар келетін болыпты.

Ел еңсесін көтерді

– Расымен де, қиын кезеңге қарамай тойдың да­йындығы айтарлықтай бол­ған екен. Тойдың қалай өткені есіңізде қалды ма?
– Қалды ғой есімде, неге қалмасын?! Соғыс енді ғана аяқталған кез. Ел «Абай тойы болады!» дегеннен-ақ абыр-сабыр күйде болды. Біз баламыз, тайға мініп күнде Қарауылдың бойындағы Ақжарда киіз үй тігіліп жатқан жерге барамыз. Ауданның 24 колхозының ақ шаңқан үйлері, Абыралы ауданы, Шұбартау ауданы, Аягөз ауданының көштері ағылып келіп жатты. Ол уақытта бүгінгідей көлік жоқ, жұрт ит арқасы қияннан ат арба, түйемен көшіп келді, олар арнайы тапсырмамен келген екен. Қонақтарды күту үшін арнайы аспаздармен, қазан-ошақтарын, ас-суларын ала келген. Біз осыны қызықтап көш керуеннің келуін түн ортасына дейін күтуші едік, сол ғажап уақыт болатын. Тойдың алдында далада ақындар айтысын өткізді. Аягөзден – Есенсары Құнанбаев, Жармадан – Сапағали Әлімбетов, Абайдан – Шәкір Әбенов, ет комбинатынан – Төлеу Көбдіков, тері комбинатынан Нұрлыбек Баймұратов сынды жыр сүлейлері күні бойы сөз қағыстырды. Бұлардың барлығы Арқаның атақты ша­йырлары еді. Қиыншылықтан енді арылған ағайын жырдан сусындады.

Қажымұқанның өнерін тамашаладық

– Абай тойына арнайы шақыртумен келген күш атасы – Қажымұқан, ес­туімше, сіздің үйде бол­ған деседі, батырды көрдіңіз бе?
– Қажымұқан біз үшін аңыз адам болатын. Менің әкемнің жағдайы болған болуы керек, осы тойда жеке үй тікті. Батырды біздің үй қонаққа шақырды. Сол түні есіктен сығалағанымыз болмаса, батырды көре алмадық. Ертесінде ерте тұрып тойлы ауылға бет алдық. Той болатын ауылға атты адамды кіргізбейді, тәртіп солай. Атты ауылдың сыртындағы қабаққа айқастырып, «қалмақша» байлап қойдық. Үйдің алдында топырлаған халық, үлкендердің аяғының астынан өтіп, әйтеуір ортаға жеттік-ау. Кеудесі жалаңаш, басы жалтыраған дәу адам екен. Қасында шағын жеңіл машина, біздің елде оны «легковой» деуші еді. Рөлде шопыр отыр, шетінен келіп бір қолмен көтергенде, машинаның дөңгелектері айналып тұрды. Бұрын мұндайды көрмеген халық қол шапалақтап, мәз болды. Аты аңызға айналған адамды жақыннан көргенім осы еді.
– Сол тойдағы аламан бәйгеде «Ұлықбек деген атамыздың кер аты қара үзіп келіпті, шабандозы сіз болыпсыз» дейді. Сол рас па?
– Ол – бекер әңгіме, мен шабандоз болған жоқпын. Ал сіз айтып отырған Ұлықбектің кер аты аты аңызға айналған ат болатын. Ұлықбек Байырбеков ол кезде аудандық білім бөлімінің басшысы, керемет атқұмар адам еді. Мен ол кісіге шәкірт боламын. Жаңағы аттың текті тұқымнан екенін естіп, соғысқа жібергелі тұрған жануарды өзінің бие­сіне айырбастап, мектептің қызмет көлігі ретінде ұстап, аламанға қосты. Кер атты Болысбай деген ағамыз жаратып, Ж.Әбдиев деген бала шапты. Жануар шынында да ерен жүйрік еді. Аламан бәйге Шаһар бақсының қорасынан бастау алды, ол 45 шақырым болатын. 60-тай сәйгүліктің ішінен жануар қара үзіп келді ғой, біз тай мініп аламанды көруге алдынан шықтық. Бұл Абай елінің тарихындағы ұлы аламан еді.
– Аға, ұлы Абайдың ал­ғашқы мерейтойын көр­діңіз, бала болсаңыз да, әр тойдан бір сарқыт қалады ғой…
– Қарағым, Шыңғыстауда не қасірет болмады, ашар­шылық, репрессия, кәмпеске, ақ пен қызылдың тартысы, бес жыл соғыс. Шыңғыстау – осы оқиғаның бәрін басынан өткізген, өте көп қиянат көрген ел. Соның барлығын ақынның ғасырлық тойының қуанышы жуып-шайып кетті. Халық қайғы-қасіреттен сана-сезімі сергіді. Абай ауылына жарық тартылды, жол салынды, Жидебайды қайта жөндеді, Абай мен Оспанның зираты қалпына келтірілді. Кезінде түйе қора болған Жидебайдың басына «Қызыл отау» келді. Жидебайды ел танитын орталыққа айналдырды. Ұлы ақынды мәңгілік есте қалдыру мақсатында Алматы қаласында қоладан ескерткіш тұрғызылды, Семей мен Алматы қаласындағы театрлар Абай есімімен аталды. Абай ұрпақтарының барлығына зейнетақы тағайындалды. Абайдың ғасырлық тойынан бізге қалдырған сарқыты – осы, шырағым.

Ақын үйі қайта салынды

– Молдабек аға, Абайдың 125 жылдық мерейтойының дайындық жұмыстары 100 жылдыққа қарағанда жеңілдеу болған шығар, қанша дегенмен той өткізуде тәжірибе бар ғой.
– Иә, ол – бүкілхалықтық той. Оған өте қатты мән берілді. «Осы өткізу керек деген ой» бес-алты жыл бұрын басталып, елдің ара­сында сөз болды. Алматыдағы Шыңғыстаудың азаматтары Әбусағит Жиреншин, Ғайса Сармурин деген азаматтар аудан бас­шы­лығына хат жазып, олар алдымен «Абайдың үйін қайта салу керек» деп жанашырлық танытты. Ол уақытта Жидебайдағы Абай үйі тозып қалған еді. Енді біреулер «Абайдың қолы тиген топыраққа соқтықпай шынымен қаптап қойып, қасынан бес-алты қабатты зәулім үй салып, үлкен орталық жасау керек» деген пікірлер айтқан. Осы тұста Орталық Комитеттің қаулысы шығып (ол уақытта Мұхтар аға өмірден озған), Абай тойының ұйымдас­тыру комиссиясын Ғабит Мүсірепов басқарды. Орталық Комитеттің қаулысында «Барлық шара Абай елінің дәстүрі бойынша жасалсын, Абайдың киіз үйі, Жидебайдағы Абайдың қыстау үйі, қазіргі музей қайта салынсын» делінген екен. Сонымен, Абайдың Жидебайдағы үйін қайта салатын болдық. Ол кезде Абай үйі «Қызыл отау» болатын. Мамандығым – математик, жазу-сызу білгендіктен барлық жауапкершілік маған жүктелді. Облыс басшылары А.Қайсақанов пен Е.Қашағанов «Сол үйді көрген-білген адамдарды тауып, Абайдың өз үлгісінде қағазға түсір, бір қадасы қалмасын» деген тапсырма берген. Сонымен хош, ол уақытта Абайдың қолында бүркітші болған аңшы Башейдің Мұхтар есімді баласы бар еді. Өзі де аңшы, Абайды көрген, әкеммен құрдас еді. Мұхтар ағаға барып мән-жайды түсіндірдім, қатты қуанды. Мұхтар аға жіпке тізгендей бәрін баян­дап берді, қай бөлмеде не тұрғанын, қай бөлмеде кім жатқанын, жиһаз, ыдыс-­аяққа дейін айтты. Қайтып келіп қарасам бәрі бүлінген екен. Мұхтар ағаның жобасымен сызбасын салдым. Ал ішіндегі дүниені білу үшін Абайдың күтушісі болып, шайын құйған Қатпаның бәйбішесі Мақып апаға бардым. Атамыздың отырған орнын, шай ішетін жерін, қолданатын ыдыс-аяғын (Абай атам тек самаурынмен ғана шай ішеді), ас үйдегі бу тартқыштың орнын, төсек-орын тұрған бөлмелерін сызып алдым. Республика Мәдениет министрінің орынбасары да, облыс-аудан басшылары да көріп мақұлдап, Абай үйінің іргетасынан басқасының бәрін қайта салып шығатын болдық. Құрылысқа жауапты басшыларға бірден тапсырма берді. Басшылықтың бәрі өзге ұлттың өкілдері еді. Оларға «Жанболатов сызбасынан ауытқу болмасын!» деп қадап айтылды. Сонымен, 1969 жылы басталған Абайдың үйі 1970 жылы барлық экспонаттарымен қаз-қалпында дайын болды. Оны өзім қабылдап алдым. Осылайша Абайдың 125 жылдық мерейтойы Абай үйін қайта салудан басталды. Қазіргі үй сол кезде салынған.

Шәкәрімнің оралуы

– Ұйымдастырушылар тарапынан барлық шара уақытында дайын болып, қаражат жеткілікті болғанына қарамастан, той бір жыл кешігіп басталыпты. Оған не себеп болған екен?
– Мерейтой өтетін жылы Абай елі тағы бір қиындыққа тап болды. 1968 жылдың аяғында ауданда үлкен жұт болды. Қыс қатты болып, қар қалың болды. Одан қала берді қарлы жаңбыр жауып, мал тұяқтан кетті, мал азығы жетпей, ауданда 120 мың қой еріксіз сойылды. Жылқы, сиыр қансырап қалды. Орталық Комитеттің келісімімен бір жылға кешіктіруге тура келді.
– Мерейтойға 15 респуб­ликадан 500-дей қонақ келген екен. Осындай ауқымды мәдени шараға Абай, Абыралы өнерпаздары тартылған танымал өнер жұлдыздары болды ма?
– Өнер жұлдыздарынан Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Жәнібек Кәрменов бір-бір ән салды. Негізгі мақсат Абай елінің өнерпаздарын, Абай елінің дәстүрін көрсету болатын. Жидебайдың басында той қонақтары аудан өнерпаздарынан құрылған 400 кісілік төрт дауысты хорды тамашалады. Ең кереметі сол, Абыралы өңірінің өнерпаздары мен барша мекеме өнерпаздарының қатысуымен «Абай» романы желісімен 45 минуттық дала көрінісі қойылды. Оған 200-ден аса өнерпаз қатысты. Қойылымда 200 ат, түйе, арба, сол дәуірдегі киім үлгісін көре алдық. Романның оқиғасы шынайы берілді. Келген қонақтар көшпенді елдің дала мәдениетін өз көздерімен көрді. Шеттен келген қонақтар өз елдерінің орталық басылымдарында Ұлы дала мәдениеті жайлы мақалалар жариялады. Ал сол қойылымды қойған – кәсіби емес, ауыл режиссерлері М.Исатаев пен Б.Жанболатов деген азаматтар. Одақтың орталық телеарнасы сол қойылымды таспаға түсірген еді. Өкінішке қарай, Мәскеудің, Ленинградтың, Алматының орталық мұрағаттарында жоқ болып шықты.
– Молдабек аға, бұл той тағы несімен есте қалды?
– Осы тойдың алдында тағы бір ұлы тұлға – ­Шәкә­рім атамыз Жидебайға жерленіп, құтты орнына қонды, Абай атамның үйі қайта жаңғырды. Жидебай адам танымастай өзгерді. Қарауылды әлем таныды. Бұл ұлы тойдың сарқылмас сарқыты болатын.

Қадырбек КӘКІМҰЛЫ

 

Абай Құнанбайұлының бай мұрасы – әлемдік мәдениет тарихындағы тамаша құбылыс. Халықаралық беделді ұйым ЮНЕСКО-ның 1995 жылды Абай жылы деп атауы да кездейсоқтық емес. Хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы әлемнің жиырма бес елінде атап өтілді. Мерейтойға арналған салтанатты іс-шаралар Парижде, Анкарада, Делиде, Бейжіңде, Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Каирде, Будапештте және басқа да қалаларда өтті.
1995 жылы 9 тамызда Алматыдағы Республика сарайында өткен Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев былай атап өтті: «Абай армандары – тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар».
1995 жылғы 11 тамызда Жидебай қорығында сәулеті жағынан да, техникалық шешімі мен нысанның салынуы бойынша да бірегей кешен – Абай мен Шәкәрім күмбездері мемориалының ашылу салтанаты болды. Елбасы Н.Назарбаев ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Осы күннен бастап Абайдың ата-бабасы өмір сүрген қасиетті жер – әлем халықтарының өмірі, теңдік пен келісім, әрдайым бір-бірінің мәдени мұрасы арқылы баю қажеттігі туралы ақын идеясымен толық келісетін әрбіреуіміз үшін рухани Меккеге айналатын болады» деп мәлімдеді.
Қарауылтөбеде Абай атаның 150 жылдық тойы дүркіреп өтті. Дала төсіне 1350 ақ шаңқан киіз үй тігілді. Сол киіз үйлерде қазақстандықтармен қатар әлемнің 18 елінен келген құтты қонақтарға ас берілді. Бұдан бөлек, айтулы іс-шаралардың ішінде ақындар айтысы, ат жарыс (аламан бәйге, құнан жарыс, жорға жарыс), ұлттық ойындар, цирк әртістерінің өнері, даладағы үлкен сахнада қойылған ­гала-концерт мерейтойдың думанын одан сайын қыздыра түсті. Әсіресе, тойға арнайы келген Татарстан президенті Минтимер Шаймиев бас жүлдеге «Камаз» автокөлігін тіккен 40 шақырымдық аламан бәйгенің додасы көптің делебесін қоздырды. Қарауылтөбедегі ақындар айтысында Мұхамеджан Тазабеков 1-орынды иеленіп, шетел автокөлігін алды. Ал Орта Азия және ­Ресей эстрада дүлдүлдерінің қатысуымен өткен ­гала-концерт көрермендердің ерекше ықыласын туғызды. Сол күні 1 мыңға жуық жас таңғы 5-ке дейін Қарауылтөбенің басында алтыбақан теуіп, сейіл-серуен құрды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button