Абай тойына арналды

Ұлы ақын-ағартушы, композитор, философ Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Астана Опера» театрында «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» атты концерт өтті.
Бұл кеште композитор Еркеғали Рахмадиевтің Абай Құнанбаев өлеңдеріне жазылған романс топтамасы алғаш рет орындалды. Атап айтсақ, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жаздыгүн шілде болғанда», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да…», «Қажымас дос халықта жоқ», «Сіз – қырғауыл жез қанат», «Қара қатын», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа…» өлеңдері бар.
Сонымен қатар бағдарламада «Мен сәлем жазамын», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол» атты төрт романс, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан ариялар, сондай-ақ Сыдық Мұхамеджанов, Мансұр Сағатов және Евгений Брусиловскийдің ақын сөзіне жазған әндері орындалды.
Айта кетейік, «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» концерті театрда Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың бастауы болды. Күзде ақынның сөзіне ән жазған басқа да композиторлардың шығармалары шырқалатын концерт өтеді.