Таным

АБАЙ ЖӘНЕ ӘЙГЕРІМ

IMG_8090

Ұлы тұлғаны және оның айналасын қаншалықты мумияға айналдырсақ, олардың тірі бейнесі соншалықты алыстай берері сөзсіз. Сондықтан да Абай мен Әйгерімге қатысты «Абай жолы» эпопеясына қосымша кейбір өмір жағдаяттарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

1875 жылы отыз жасқа енді ілінген Абай Мұқыр болысына болыстық қызметке таға­йын­дал­­ған еді. Сайлаусыз тағайын­дау­мен. Екінші әйелі Әйге­рімді сол қарсаңда кездес­тіріпті. Абай досы Ербол екеуі Ақшоқыдан 25 шақырымдай жердегі Орда тауында аң аулап жүріп, оның «Шілікті кезең» аталатын бөктерін қыс­тайтын руы мамай Бекей деген адамның ауылына келіп қонады. Отыз жастағы жігіт Абай табиғи әдемі дауысы бар, «кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді» Бекейдің сұлу қызына «бой ұрмай тұра алмайды» (Әрхам). Үйіне келгеннен кейін де гүл жайнаған сол қыз көз алдынан кетпей қояды. Алғашқы махаббаты Тоғжанды есіне салады.

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз, қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Осылай басталатын бес шумақ өлеңін Абай кіші жары Әйгерімге арнаған деп үлкен сеніммен айта­мыз. Яки өлең 1875 жыл шама­сында жазылған. Енді Әрхам Кәкі­тайұлы Ысқақовтың (1885-1963) естелігінен үзінді келтірейік.

– Абай қыз ауылынан бес ша­қырым жердегі Бекейдің жа­ма­ғайыны Мұсаның ауылына барып, жағдайды айтып, ақыл-кеңесін сұрайды, – дейді Әрекең. Сонда Мұса: «Абай, сен неге қы­сы­ла­сың, атаң Өскенбайдың бес қа­тыны болған, әкең Құнанбайдың төрт қатыны бар. Сол қызды ұнатсаң, мен ертең әйелімді қо­сып беріп, ауылыңа апарғызып берейін. Қыздың қайыны берген малын алар, ел бүлінерлік түк жоқ» дейді. Шешім осы болып, Абай екінші рет отау көтерген ғой. Бекей қызының азан аты – Шүкіман (Шүкір-аман тіркесінің қысқа түрі) еді, Абай оның сұлулығына бола, Әйгерім атандырады. Келер жаз шыққанда Әйгерімнен бір ұл дүниеге келеді. Атын Тұрағұл қояды. Ол емшектен шыққанда алты құрсақ көтеріп, егде тарта бастаған бәйбіше Ділдә Әйгерімге: «Бай сенікі болсын, бала менікі болсын» деп Тұрағұлды өз бауырына салып, бала қылып алады.  Ділдә Әйгерімнің атын еш атамай тек «тоқал» деп өтіпті. Сол себепті ауыл-аймақтың баршасы да Шүкіманды осылай кемсіте атап кетеді.

Реті келген соң жаза кетелік, қазақтың «бала қылып алу» сал­тының тарихы тереңде. Көпке аян, әлем әміршісі Шыңғысхан билік тізгінін бәйбішесінен туған төрт ұлына ғана ұстатқан. Әміршінің «Жасақ» (Яса) деген ережесіне сәйкес қазақтар үшін негізгі мирасқор бәйбіше балалары болды, ал тоқалдан туғандар тек солардан қалғанын ғана еншілейтін еді.  Бұл жағдайда бәйбіше мен тоқалдың балалары іштей жаулықта, «ит көрген ешкі көзденіп» өсті. Міне, осыны болдырмау қамында Құнекең бірінің баласын бірі бала қылып алу салтын қатаң енгізеді. Оған мысалдар көп, Ділдәнің Тұрағұлды бауырына салуы – соның бірі ғана.

Абайдың Әйгерімге үйленуі оның өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Әйгерім Жидебайда бір жыл қыстайды, келер жылы Абай оған арнап Бөрілі (бұл мекенде Мұхтар Әуезов туып-өсті) деген жерден қыстау-там соғады. Ол оқу-білім іздеп, Семейге жиі қатынай бастаған Абай үшін өте қолайлы мекен болды. Сол маңда Тышқан деген бұлақ, тұмалар бастау алатын едәуір биік таутөбе бар. Оған отау көтерген тұңғышы Ақылбай қыстау салады.

Қызыққа қараңыз, он жылдай кейін, 1886 жылы Абайдың шешімі бойынша Әйгерім Бөріліге іргелес Аралтөбеге көшеді. Неге? Өйткені, Ақылбайды бауырына салған Нұрғанымды паналап,   Әуез бастатқан Қожа ауылы  бұрынғы отырған қыстауы Қы­зылшоқыдан (Шығыстаудың ішінде) Бөріліге көшеді. Абайдың рұқсатымен. Өстіп, үш қоныс та (Бөрілі, Аралтөбе, Тышқан) Абайға тиесілі және бір аумақты құраған еді. Тағы бір айтатынымыз, ол – Тобықты елінің Ертіс дарияға, Семей қаласына ең жақын шекарасы. Сондықтан Абайдың Аралтөбені игеруі – таяу келешекте қалаға жиі қатынап, көп кітаптар таситынын көре білген керемет сәттілік! Ақынның талай шығармалары Ақшоқы мен Аралтөбеде  дүниеге  келді,  сондай-ақ, қыс айларында Абайдың дос-жарандары мен Көкбай, Мұқа, Ақылбай, Мағауия бастатқан шәкірттері осы ауылдарда жиі бас қосты.

Абайдың шақыртуымен келген құрметті қонақтың  бірі –  Арқаның атақты  әншісі  Біржан  Қожағұлұлы болған. Қоянды жәр­­меңкесіне қатысу және қазақ да­ласының түкпір-түкпіріне сапар шегу – сал-серінің салты.

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, –

дейтін Абай Біржан салдан көп ән үйренеді және Әйгерімге Бір­жанның әндерін үйретеді. Бұл – «Абай жолынан» көпке аян жәйт.

Жоғарыда аты аталған Әрхам ақсақал Біржан жайлы әңгімені Әйгерімнен естіпті. Қар кетіп жатқан мезгіл көрінеді. Біржан келе жатыр дегенді естіп Абай «Сасық қамал қорада қалай қарсы аламын?» деп, Аралтөбе қыстауына бір жарым шақырым Тізесу деген жерге үй тіккізеді. Біржанды сонда күтіп алады. «Мен сонда бір балама босанып, қыстауда отыр едім. Несін
айтайын, Біржанның Тізесудан салған әні тап қасымнан естіл­гендей болды. Біржан сол жылы Тізесуда бір ай жатып, жайлауға (Шыңғыстың сырт жағы – Бақанас аумағы – А.О.) бізбен бірге шықты» деген екен Әйгерім. Бақанас жайлауында еркінше аунап-қунаған Біржан сал қазақ өнерпаздарының көп қазынасымен Абайды кең таныстырып кетеді. Біржан осы жерден Жетісуға беттеген екен, Мұхаңның сөзінше, «атақты ақын қыз Сарамен айтысатын сапары болуы ықтимал».

1880 жылдардың соңында келешек атақты әнші-композитор Әсет Найманбайұлы да Абай ауы­лына ат басын тірепті (ақынның «Әсетке» деген өлеңі соның дәлелі). Сол сияқты Кенесары хан­ның қарындасы, батыр қыз Бопайды Абай Бақанас жайлауында күтіп алады. Кездесу үлкен жиын-тойға ұласқан екен. Ел-жұрт Бопайдан Кенесары көтерілісінің мән-жайына қанығады.

«Абай жолынан» аян, Абай мен Әйгерім – мөлдір махаббат иелері. Берекелі, бақытты ғұмыр кешті. Бірақ, ондаған жылдар өткенде араларында бірлік кеміп, қамырық пен  түсінбеушілік араласқаны өтірік емес. Неге? Себебі, өмірдегі Әйгерім – өте малсақ адам болған, ал Абай «Мал  бағу? Жоқ, баға алмаймын» деп өзі айтқандай, дүниені қуудан бас тартқан дана. «Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. …Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» (6-сөз)» дейді Абай. Бұл – тек қоғамға ғана емес, жеке адамдар мен отбасы бірлігіне де әділетті сөз. Дана ұстаздың «нағыз бірлік – ақыл-ой бірлігінен шығады» деген пайымынан пайда алу – бүгінгі таңда да өткір мәселеміз.

Түйіндеп айтқанда, 1876-1893 жылдар аралығында Абай үлкен ауылы Ақшоқы мен одан 35 шақырым жердегі кіші ауылы Аралтөбеде алма-кезек өмір сүреді. Өмір жолы, кешкен тағдыры ешкімге ұқсамайтын дара тұлғамыз – аңыз да, абыз  Абай шығармашылығының зор белесі, поэзиялық асуы осы ме­кендерде дүниеге келгенін ес­теріңізге сала отырайық.

Асан Омаров, зерттеуші

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button