Басты ақпарат

Абай және Лермонтов немесе «Вадим» поэмасы

Мұхтар Әуезовтің «Абай шығармашылығының үш қайнар көзі, тірегі бар» деген тұжырымды пікір айтқаны белгілі. Білгір зерттеуші Абай шығармашылығының бастау бұлағы ұлттық сөз өнері, халықтың поэзиялық дәстүрлері екенін айта отырып, сонымен қатар шығыс мәдениетін, орыс мәдениетін атап көрсетеді. Абай күніне орай ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызының зерттеуін ұсынамыз.

[smartslider3 slider=3666]

1893 жылдардан бастап аудармамен айналысқан ақын көп өлең жазбағанымен, қарасөз араластыра отырып, көбіне аудармамен айналысады.  Ұлы ақын өзінің аудармаларында дайын үлгіні пайдаланбайды. Қандай дәстүр, үлгі-өрнекті қызықтаса да, оны өзінше жаңартып, өзгеше қуат, сипат дарытып, мүлде басқаша қолданады. Абайдың аударма өлеңдері түпнұсқаға лайықты аударма және еркін төл шығармаға айналған аударма болады.

Кең мағынада Абай өлеңдерінің қайсысы болсын Абайдың қолынан шыққан көркем туынды. Ол қазіргі аудармашылардай тек түп-нұсқаны ғана бар қалпынша жеткізуді мұрат етпеген. Қай шығарманы болсын өзінің көңіл-күйіне үйлестіре, қысылмай еркін тәржімелейді. Жаңа ағымдар кіргізе отырып шығарған туындыларында Лермонтовтан, Гете, Байроннан аударған өлеңдері кіреді. Гетеден Лермонтов, Лермонтовтан Абай аударған өлеңдері стихияны сезінуде философиялық, ойшыл нәзік сезімді аудару Абай шығармаларына жаңаша тосын сезім кіргізеді. Осы жылдардан бастап Лермонтовты аудару Абай шығармашылығында тұрақты әдетке айналады. «Өзіңе сенбе жас ойшыл», «Ал, сенейін, сенейін», «Көңілім менің қараңғы бол-бол ақын», «Жақсылық ұзақ тұрмайды» аудармалары өзіндік үйлестігін табады.

Абай аудармаларының ішінде Лермонтов поэзиясына деген ықылас ерекше болады. Ол орыс ақынының шығармашылық үндестігін ерекше жақын көрді, сырласын, мұңдасын тапқандай болды. Орыс поэзиясына бейімдене ден қойған Абайдың ең көп үндестік тапқан ақыны да Лермонтов болады. Шығармаларын жанына жақын көріп, түйсіне оқыған ақын орыс қауымының тілек-талабын, мұңын ұға алатын дәрежеде еді. Ол өз мұңына сай келетін халықтың жырын да ұқты. «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өскен», «мыңмен жалғыз алысқан» жырларына нәр жинады. «Қаны қара бір жанмын, жаны жара» деп ашулы мұң шертті. Лермонтовты ол ерекше ызаның ақыны, махаббаты ашумен уланған ақын деп іштартып жақын көрді. Соның нәтижесінде Лермонтовтан бірнеше тың  туындылар жасады.

1900-1901 жылы Абай Лермонтовтың бітпей қалған «Вадим» атты романының алғашқы екі тарауы және үшінші тарауының біраз жерін өлеңмен еркін аударды. «Вадим» 40 шумақтан тұратын «батар күнге шымылдық көк бұлт кең» атты туынды. Бұл туындыда шаруалардың крепостнойлық тәртіпке наразылығы баяндалған. Бұл Абайға, Абайдың заманына қажет болды. Кейбір зерттеушілер бұл шығармада Емельян Пугачев образы суреттелген деген пікір айтады. Ақын шаруалардың басыбайлық тәртіпке наразылығын шебер және сүйсіне баяндайды.

Әңгіменің желісі Вадим деген қайсар жігіттің тағдырына сол кездегі әлеуметтік өмірдің көлеңкелі жақтарын жинақтайды. Еріншек, белсенділігі жоқ адамды сынайтын шығармалар – азамат ақынның образын беретін шығармалары ақынның жалғыздығын, бірақ оған мойымайтынын, беріктігін көрсететін туындылар. Лермонтовтың өлеңдеріндегі негізгі арқау болған жалғыздығын, өмірден күткен үміті ақталмағанын сезіну. Қалай алданса да тағдырға бас имейтін, қайғы келсе төзе білетін адамның бейнесі – Вадим тағдыры арқылы суреттеледі. Абай да өлеңдегі лирикалық каһарманның осы қасиеттерін әсерлі, нанымды сипаттайды. Ол өмірдің соққан дауыл сияқты тез өтіп кететініне әбден көзі жетсе де, жақсылықтан күдер үзбегенін Вадим арқылы  көрсетеді.

Абай өлеңмен аударған Лермонтов шығармасындағы оқиға Палыцын деген байдың Вадимді үйіне ертіп әкелуімен тынады. Әрі қарай шаруалар көтерілісін, Вадимнің қарындасын іздеген зорлықшылардан өш алу үшін істеген әрекетін бейнелеген тұстарын да Абай аударған деген болжам айтылғанмен, нақты дерек жоқ. Бірақ, ақынның осы «Вадим» оқиғасын, оның іс-әрекетін түгел әңгімелеп беруді ниет еткені анық. Әйтпесе құр басын бастап, қоя салу үшін тәржімелеуге кіріспейтіні түсінікті.

Абай өлеңінде бұл туындының тек ұзын-ырғасы ғана сақталған. Кейбір жолдар аударылмаған. Кейбір сөздерді Абай әдейі тастап кетті ме, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Бізге белгілісі осы шығарманы қолға алуда шығарманың тақырыбына, мазмұнына ерекше көңіл бөлгендігі.

Аударманың біраз жері ғана сақталған. Өлең он бір буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Туынды Мүрсейіт қолжазбалары негізінде Абай шығармаларының 1933 жылғы Қызылордада жарық көрген жинағында жарияланған.

Абайдың немере інісі Кәкітайдың  баласы – Әрхам өзінің қолжазба естелігінде осы «Вадим» шығармасы жөнінде мынандай дерек келтіреді.

«…Жидебайдың күнбатыс жағында мешіт-медресе салдырып, имам болып тұрған кішкене молданың баласы – Махмут Кәкітаймен құрбылас болатын.  Кәкітай Махмут ауылына келгенде алдына шығып, атын ұстап, құрметтеп үйге кіргізді. Союға мал әкеп «шай қайнат» деп әйеліне бұйырып жатты.

Сонда Кәкітай:

– Әй, Махмут, «Вадим» қайда, әуелі соны алып кел, – деді. Махмут сасқалақтап, әбдіресін, сандығын ақтарып жүріп, ортасы жыртылған 5-6 беттей тозған қағаз алып келіп:

– Кәке, бар болғаны осы болды, – дегенде  Кәкітай:

– Бұл көп өлең болатын, не болды, кидің бе, міндің бе, – деді.

Махмут:

– Үлкен ұят болды. Мына Құтыш деген балам ойнап жүріп жыртып, жоғалтып тастапты. Өзім апарып берем деп Сізге уәде еткен едім, бетім күйіп бара алмады, – дегенде Кәкітай ашуланып қарайып кетті де:

– Әй, Махмут, сені ел имам сайлап, бала оқытып, молла ғып жүр. Сен молла болмақ түгіл мұсылман емессің. Абай ағамнан көрген жақсылығыңды әкеңнен де көрген жоқсың. Құдайдан қорықпай Абайдың «Вадим» сияқты зор еңбегін мына қараборбай балаңа беріп жыртқызғаның не? – деді де жыртық қағаздарды бүктеп қалтасына салып, дайындап қойған тамағына қарамай  атына мініп, Абай ауылына жүріп кетті. Осы күнгі Абай жинағына кіріп, арты жоқ болған «Вадим» поэмасы әуелде көлемді, үлкен поэма екен» – деп жазады.

Дастанның басылымдарында текстологиялық өзгерістер ­кездеспейді. Тек, Мүрсейіт қолжазбасы мен 1933, 1945, 1954 жылдардағы басылымдарда өлең тарауларға бөлінбей, тұтас берілсе, кейінгі жинақтарда тарауларға жіктелген.

Біз тақырыпты негізге алып, Абай аудармаларының ішіндегі  «Вадим» дастанының ғана тарихына тоқталдық.

Жалпы Абай аудармалары қазақ поэзиясының өркендеп, өсу жолындағы баға жетпес құндылық екенін тарих өзі дәлелдеді. Олардың өткен ғасырда да қазақ сөз өнеріне мол жаңалық әкелген тарихи мәнін былай қойғанда, қайталанбас көркем сипаты ешқашан кемімейтін айрықша құндылығын таныта алады. Батыс, шығыс, орыс әдебиетінің жетістіктерін еркін игеріп, таңдаулы үлгілерін кеңінен насихаттаған Абайдың дәстүрін Шәкәрім, Мұхтар, Ахмет, Әлихан, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт  секілді көрнекті ақын-жазушылар жалғастырып, жан-жақты дамытты.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button