Басты ақпаратМәдениет

Абайды танытатын туындылар

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Абай туралы тың зерттеулерді қамтитын жаңа 24 кітаптың таныстырылымын өткізді. 13 серияда шыққан басылымдарды оқу орнының «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты дайындады. Бұл – Ерлан Сыдықов, Жабайхан Әбділдин, Тұрсын Жұртбай, Сатай Сыздықов, Жанат Аймұхамбет және т.б. белгілі абайтанушылардың, тарих, әдебиет, филология саласындағы сарапшылардың еңбектері.

«Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары», «Абай және Ахмет Байтұрсынұлы», «Абай және Ұлы даланың мұралары: өркениеттік сабақтастық» және т.б. жаңа кітаптар «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлы, оның қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласындағы мұрасы» жобасы аясында жарық көріп отыр. Зерттеу жұмыстарын жазу барысында авторлар қоғамның, ғылымның, діннің, тілдің өзекті мәселелерін Абайдың шығармашылығы, дүниетанымы және мұрасы негізінде қарастырды. Іс-шараға белгілі абайтанушылар, еліміздің ғылыми-сараптамалық қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Профессор Тұрсын Жұртбай – «Абай академиясы» дайындаған «Хақ және жалғыз» кітабының авторы. Абайтанушы зерттеуді Абайдың 43-сөзіндегі «Қозғаушы элемент», «Біртектілердің өзара тартылу күші», «Жүректің әсерленгіштігі» терминдерінің пайда болуын зерттеуге арнады.

«Бүгінгі таңда Абай шығармашылығының жекелеген жарқын бағыттарына тиісті көңіл бөлінбегенін атап өткен жөн. Мысалы, бірде-бір ғалым 43-ші қара сөздегі «Қозғаушы элемент», «Біртектілердің өзара тартылу күші», «Жүректің әсерленгіштігі» деген терминдерге тоқталмалған. Мақсаттас, пікірлес, абайтанушы ғалым ініміз Сұлтан Ыбырай екеуміздің оған көзіміз жетіп,  ізденіс басталды. Абай  «жан», «тән», «ақыл», «жүрек» пен «қайрат» тақырыптарын тереңнен зерттеді. Оның поэзиясындағы психология­лық және философиялық мәселелер батыс және шығыс дереккөздерінен зерттелгені байқалады. Біз Абайды зерттеудің жаңа жүйесін тапқан сияқтымыз. Оның аясында біз ойшылды жаңа бағытта білуге мүмкіндік аламыз» деп атап өтті профессор.

Кітаптардың тұсаукесері аясында «Абай академиясы» ҒЗИ ғалымдары «Абай Құнанбаев және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары» бағыты бойынша әлеуметтік сауалнаманың қорытындыларын ұсынды. Оған еліміздің 9 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша қазақ және орыс тілдерінде 4 жинақ жарық көрді. Абайды зерттеу саласындағы ұсынымдары бар бұл материалдар еліміздің мектептері, университеттері, мәдени мекемелеріне таратылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button