Руханият

«Абайдың ұлылығын» ұлықтады

Елордадағы Достық үйінде адамзаттың Абайы туралы тағы бір еңбек оқыр­манға жол тартты, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшілігінің бас болуымен «Абайдың ұлылығы» кітабының тұсаукесері өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға Әзербайжан Республикасы елшілігінің, елорданың этномәдени орталықтарының, жастар қанаттарының өкілдері қатысты.

[smartslider3 slider=3107]

Шара Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратовтың ыстық ықыласқа толы алғы сөзімен басталды. Ол шараның мәні мен маңызын атап көрсетіп, «Абай ұлылығы» еңбегінің бауырлас екі елдің арасындағы достық пен тығыз байланыстың одан ары дамуына оң ықпал ететінін атап көрсетті.

Орыс тілінде жарық көрген еңбектің авторы – әзербайжандық публицист, тарихшы, саясаттанушы, теолог, Әзербайжан Республикасының Диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитетінің сарапшысы Теймур Атаев. Ол өз кезегінде кітаптың жазылу жайынан жан-жақты мағлұмат бере келе «Қазақстанда өткен кездесулердің бірінде маған Абайдың «Қара сөздері» сыйға тартылды. Кітапты ашқан сәтте философиялық ойға тұнып тұрғанын байқадым. Абай – бүкіл түркі әлемінің ағартушысы. Бұрын түркі ойшылдардың еңбектерінде дінге, ұлтқа қарсы ойлар айтылды деген пікір етек алған еді. Шындығында олардың қашанда ел игілігі үшін еңбек етті. Абайдың еңбектерінен біз бүгінгі күннің мәселесіне жауап табамыз. Абай шығармаларында әлеуметтік мәселе де, философия да, дін де қамтылған. Абайды түсіну үшін Қазақстан тарихын білу керек, сондықтан, кітабымның алғашқы тарауында Қазақстан тарихының мәселелерін қарастырдым. Абай – ағартушы, Абай – философ, Абай – әлеуметтанушы, Абай – психолог. Кітаптың негізгі идеясы – осы» деді.

Оқырманға ұсынылған еңбекте Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» қарас­тырылған. Автор Абайдың ескірмейтін есті ойын Құран сөздерімен салыстыруға алғаш рет талпыныс жасайды. Абай идеяларын толық түсіну үшін жазушы қазақ тарихы беттеріндегі маңызды мәселелерге және ойшыл өмірбаянының айтулы кезеңдеріне көз жүгіртеді. Оның пікірінше, бұл Абайдың барлық уақытта да өзекті ойларын терең түсінуге мүмкіндік береді.

Ерлан МАЗАН

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button