Басты ақпарат

Абайдың жолы – жарқын жол

Кеше елорда тұрғындары Абай күніне орай ұлы ақынның ескерткіші жанына жиналып, рухына тағзым етті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық мәслихат депутаттары, қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, Amanat партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым жұртшылық ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

[smartslider3 slider=3698]

– Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен 10 тамыз күні жыл сайынғы дәстүр бойынша Абайдың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі болады. Содан кейін елордада ақынды ұлықтайтын іс-шаралар басталады. Мәселен, мектептер мен жоғары оқу орындарында танымдық іс-шаралар өтеді. Биылдан бастап ірі-ірі сауда орталықтарында Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің аудионұсқасы күнделікті 15-20 рет беріліп тұрады, – деді қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Бас қалада Абай күніне арналған шаралар мұнымен шектелген жоқ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты мәдени мекемелер осы атаулы күнге орай бірнеше шара өткізді.

Атап айтқанда, «Атамекен» – Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде «Абай дара, Абай дана қазақта» атты дәріс өтті. С.Сейфуллин музейін­де ұйымдастырылған «Абай әлемі» атты поэзия кешінде зерттеушілермен, абайтанушылармен кездесу өтіп, ақынның шығармалары мен өлеңдері оқылды.

Орталық қалалық кітап­ханадағы «Абай дана, Абай дара қазақта» атты поэзия сағатында ақынның шығармашылығы туралы әңгіме өрбіді. Ал «Абай – ұлы тұлға» атты шарада елорда тұрғындары ағартушының ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі жайында, оның патриот, азамат және ақын ретіндегі тұлғасының маңыздылығы туралы түсінігін кеңейтуге мүмкіндік алды.

№2 қалалық кітапханада Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасына арналған әдеби сағат ұйымдастырылды. ­Қуыршақ театрында сахналанған Қуат Ежембектің «Жарық сәуле» әдеби композициясы ұлы ақынның қалыптасуы, өмірі туралы сыр шертті.

«АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде «Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары мен туыстары» көрмесі ашылды. Орталық кітапхана «Аққуға үнін қосқан кемел дарын» атты көрмелер циклін бастады. Көрмеде Абайдың ғана емес, халқымыздың өзге де ақын-жазушыларының шығармашылығымен танысуға болады.

– Абайдың сөзі – мыңжылдықтардың еншісі. Сондықтан «Жаңа Қазақстанды» өркендету үшін Абайдың даналық ғибратын ісімізде, қарекетімізде, ойымызда қолдануымыз керек. Бастысы, Абайдың ғибратын, кемеңгерлік кеңестерін өмірімізде лайықты пайдалануымыз қажет. Сол кезде ғана біз рухани жетілеміз және «Жаңа Қазақстанды» дамытамыз. Абай – адамзаттың сөзін сөйлеген адам. Ол адамзат ойшылдарының қатарында тұрған, Пушкин мен Лермонтовты сөйлеткен тұлға. Абайдың жолы – «Жаңа Қазақстанның» жарқын жолы деп есептеуіміз керек, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Серік ­Негимов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button