Басты ақпаратЖаңалықтар

АБАЙЛАҢЫЗ, БІРЖАҚТЫ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ

Астананың үш көшесіне біржақты көлік қозғалысы енгізілді. Бұл өзгеріс қалалық жол желісіндегі жүктемені азайту мақсатында іске асырылып отыр. Үш күннен бері астаналық автожүргізушілер Абай даңғылы (Сарыарқа даңғылынан Пушкин көшесіне дейін), Кенесары көшесі (Пушкин көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін) және Янушкевич көшесінде (Абай даңғылынан Иманов көшесіне дейін) біржақты қозғалыс ережесімен жүре бастады. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 9,6 километр болып отыр.

біржақты қозғалыс

Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаев «Аталған үш көшедегі ережені білместікпен бұзған азаматтарға әзірге ауызша ескерту айтылуда. Ағымдағы апта бойы біз полиция басқармасының жеке құрамымен бірлесіп, жүргізушілер арасында жаңадан енгізілген бір­жақты қозғалысқа қатысты түсіндіру жұмыстарын атқарамыз. Ал, мау­сымның 20-сынан бастап біржақты қозғалыс ережесін бұзғандарға тиі­сінше айыппұл салынатын болады» деп атап өтті.
Жол қозғалысындағы өзгерістерге көлік жүргізушілері де әртүрлі баға беріп жатыр. Мәселен, астаналық Ерлан Бөлекбаев біржақты қозғалыс туралы естігенде, «5-6 көшені жылдам жүріп өтеміз» деп қуанғанын айтады. Алайда, кеше жұмысқа жетемін дегенше біраз әуре-сарсаңға түсіпті. «Күнде таңертең 7-ші емхана жақтан Абай көшесіне шығып, Астаналық базарына ары кетсе 20 минутта баратынмын. Бүгін Абай көшесі жабық екен, Кенесарыдағы біржақты жолмен жүремін деп 45 минутта әрең жеттім жұмысқа. Кептеліс болмайды десем, керісінше екен» деп біржақты көлік қозғалысына көңілі толмайтынын білдірді.
Ал, такси қызметінде жұмыс істейтін Бауыржан есімді азамат: «Бәрі орынды, тек өзі кішкентай ғана Янушкевич көшесін бекерге біржақты еткен. Ал, Абай, Кенесары көшелерімен тоқтаусыз жүрдім. Бір қосарым, «час-пик» уақытындағы кептелісті болдырмау үшін осы жолдардағы бағдаршамды ұзағырақ жандыру керек сияқты. Мәселен, 80-90 секунд берсе, жол едәуір ашылар еді» деген ұсынысын айтты.

ERM_8605
Қалай дегенмен, аталмыш жоба көше-жол қозғалысы желісіне түсе­тін жүктемені, сондай-ақ, жол апаты оқиғаларын азайтуды, көлік құрал­дарының орташа жылдамдығын арттыруды көздейді.
Сонымен, Астанадағы екі негізгі көшелердің көлік қозғалысына өзгеріс енгізілді. Жүргізушілер үшін бұл жаңалық қаншалықты тиімді болатынын, қала тіршілігіне қаншалықты әсер ететіні алдағы уақытта айқындала түспек. Сондықтан, жаңа жол қоз­ғалысына мұқият бол, жүргізуші демекпіз.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button