Басты ақпаратҚоғам

Абайлаңыз, интернет-алаяқ!

Интернеттегі алаяқтық қылмыстар көбейіп барады. Бұған бір ғана мысал. 2023 жылдың 20-22 қарашасы аралығында жүргізілген «Hi-tech» кең ауқымды әртүрлі қылмыстардың алдын алуға арналған іс-шаралар аясында бар-жоғы үш күн ішінде еліміздің аумағында 125 құқық бұзушылық іс-әрекеттер анықталған. Бұрын жасалған қылмыс­тардың 300-ден астамы ашылыпты. Соның ішінде, 270-тен аса қылмыс – интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстар. Жыл басынан бері қазақстандықтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелген. Осының салдарынан алданған азаматтарға 13 млрд теңге зиян келіпті.

Интернеттегі алаяқтық қалай жасалады?

Мұндай ақпаратты Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте Ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі департаменттің бастығы Қанат Нұрмағамбетов халыққа таратты. Ол интернет-алаяқтыққа қарсы күресті ұйымдастыру мен жүргізу құзырлы ведомствоның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Әр тоқсан сайын ақпараттық технологияларды қолдану арқылы, соның ішінде интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.

Қанат Нұрмағамбетов «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шараларды тиімді өткізу мақсатында аумақтық департаменттерде жедел әрекет ететін қызметкерлер, сондай-ақ тергеу және криминалдық бөлімшелердің өкілдерінен мамандандырылған жедел-іздестіру топтары құрылып, жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Ол интернеттегі алаяқтық қылмыстар қалай жасалатынын түсіндіріп берді. Қылмыскерлер азаматтарды алдап-арбаудың неше түріл амал-айласын жасайды. Мысалы, жақында мессенджерлердің бірінде мемлекеттің тұрғын үй қорынан пәтер алатын кезекті жылжытуға көмектесемін деген қызмет түрін ұсынған Астана тұрғыны қолға түсті. Сөйтсе, ол бұл «кәсіпке» әбден машықтанып алып, «мал тауып» жүріпті. Тергеушілер әлгі алаяқтың осындай 25 оқиғаға қатысы бар екенін дәлелдеді. Соның нәтижесінде алданған адамдарға 12 млн теңгеден аса зиян келтірген.

13 млрд теңге зиян келтірген

Жыл басынан бері қазақстандықтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелген. Бұл іс-әрекеттердің салдарынан зардап шеккендерге 13 млрд теңге залал келіпті. Бұл да – ресми ақпарат. Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаевтың аузымен айтылған дәлелді дерек.

Құзырлы мекеме басшысы әлі де алаяқтардың ең көп таралған әдісі  онлайн сауда екенін ашық айтты. Онлайн саудамен байланысты 7 мың алаяқтық қылмыстар жасалған. Отандық банктерде және шағын несие беретін ұйымдарда жалған онлайн қарыз рәсімдеудің 1 600 фактісі тіркелген. Азаматтар ақшаны тез көбейту үшін, олардың күмәнділігіне қарамастан әртүрлі тізбектерге қатысуды жалғастыруда. Бір жылдың ішінде 1200 қазақстандық осындай тізбектердің құрбаны болған. Олар өз ақшасын жұмыс істемейтін инвес­тициялық жобаларға салған. Кей жағдайларда осы мақсаттар үшін несие алғандар да бар.

«Алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайт құру арқылы азаматтарды қызықтырады. Бұл ретте «менеджерлермен» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн режимде, оның ішінде мессенджерлер арқылы өтеді. Кейбір жағдайларда алаяқтар үлкен соманы тарту үшін бір реттік дивиденд төлейді» дейді Рүстем Дүйсетаев.

Интернет-алаяқтыққа қатысты фишинг деген ұғымды жұрттың көбі біле бермейді. Фи́шинг (ағылшын тілінде phishing от fishing «балық аулау») – бұл қолданушылардың құпия мәліметтері – логиндері мен парольдеріне қол жеткізуді мақсат тұтатын интернеттегі алаяқтықтың бір түрі. Мәселен, фишингтік сілтемелерді жіберу арқылы азаматтардың шоттарынан 1 мың ұрлық жасалған. Мұны да ресми орган өкілі жария етті. Мұндай қылмыстардың көпшілігі шетелден жасалады, бұл олардың жолын кесу процесін қиындатады.

«Банктер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалатын алаяқтық ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Осы тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан астам қылмыс жасалған. Алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе несие рәсімдеу әрекеті туралы хабарлайды және банктің алаяқ қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтады. Банк немесе полиция қызметкерлері ешқашан дербес деректерді сұрамайтынын және телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейтінін қаперлеріңізге салғым келеді» деп түсіндірді бұл мәселені Р.Дүйсетаев.

«Ешқашан алдын ала төлемеңіз!»

Қазір алаяқтықтың түрлері өте көп. Соның бірі – интернеттегі сайттар арқылы жасалатын алаяқтық. Өйткені жұрттың көпшілігі бір қаладан екінші қалаға жүк жөнелтеді, оның жедел әрі арзан жеткізілгенін қалайды. Жақында ақмолалық полицейлер осындай сайттар арқылы алаяқтық қылмыс жасаған адамды құрыққа түсірді. Сол алаяқтың бір ғана емес, осындай 15 қылмысқа қатысы бар болып шықты. Оның кімді алдағаны, қандай мөлшерде зиян келтіргені тексеріліп жатыр. Өзі уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Полицейлердің айтуынша, кез келген адам интернет арқылы қандай да бір қызмет түріне жүгінген кезде осындай алаяқтардың арбауына түсіп қалады. Әрі бұл – кең таралған алаяқтықтың бір түрі. Қулығына құрық бойламайтын алаяқтар әлі көрсетілмеген қызметі үшін алдын ала жартылай немесе толық ақысын алып, ғайып болады. Олар тапсырыс берген адамның тауарын жібермейді, сонымен қатар телефонының нөмірін ауыстырып, тапсырыс берген адамды бұғаттап тастайды. Сол себептен, ешқашан интернет арқылы, я болмаса онлайн-қызметтер арқылы ешқандай тауарға алдын ала ақша төлемеген абзал. Ең дұрысы, тапсырысты офлайн, яғни, қызмет көрсететін адаммен бетпе-бет кездесіп, келісім-шарт жасап барып қана қызметіне ақы төлеңіздер.

Киберқылмыстың жаңа түрі – инвестиция

Қазір қалталы азаматтар қандай да бір жобаларға инвестиция салып, өз қаражатын көбейтуге ұмтылады. Міне, осындай жағдайды алаяқтар да ұтымды пайдалануда. Олар кәсіпкерлерге тиімді инвестиция туралы ақпараттарды үйіп-төгеді. Нақты мысал айтайық. Жақында Астанада бір алаяқ құқық қорғаушылардың қолына түсті. Ол әлеуметтік желілер арқылы жарнама беріп, инвестиция салуға жұртты үгіттеп, ақшасын қалай көбейтудің жолдарын ұсынған. Осылайша, ай-күннің аманында аңқау 20 адамды алдап, 2 млн теңгеден астам зиян шектірген. Қазір алаяқ ешқайда кетпеу туралы қолхат беріп, полицейлердің бақылауында отыр.

Астананың тағы бір тұрғыны мессенджерлерге жарнама беріп, криптоқаржы сатып алу арқылы ақша көбейтуге елді үгіттейді. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, ол арам ақшаға құнығып алып, осындай 30 қылмыс жасаған, яғни, 30 аңқау адамның қалтасын қаққан. Келтірілген шығынның көлемі – 20 млн теңге. Сонда дейміз-ау, бір емес 30 адам әлгі алаяқтың құрығына қалай түсіп қалған?!. Істеген «ісіне» өкінген бейбақ қазір уақытша ұстау абақтысында отыр.

Ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі департаменттің бастығы Қанат Нұрмағамбетов қаржылық қылмыстың мұндай түрі қазір өте кең таралғанын айтады. «Мұндай қылмыс кең таралған. Сондықтан азаматтарды ақшаға қатысты салымдарына сақтықпен қарауға шақырамыз. Инвестиция салатын кезде қаржылық сауаттылық, заңдық сауаттылық қажет. Қазір біз интернет-алаяқтың жолын кесуге бағытталған ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып жатыр­мыз. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігімен бірлесе отырып, 2022 жылдың қараша айынан бері алаяқтар қолданатын тез ауыстырылатын нөмірлерді бұғаттауға кірістік. Мінеки, 1 жылдың ішінде шетелдік алаяқтардың біздің азаматтарымызға қоңырау шалып, арам пиғылын іске асыруына тосқауыл қойып, 37 млн алаяқтық іс-әрекеттердің жолын кестік» деп түсіндірді ол.

Құзырлы мекеме өкілі Ішкі істер министрлігінің және Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің ресми сайттарында (mvd.gov.kz, fingramota.kz) «Киберқылмысқа қарсы күрес» атты парақшалар әр адамға қажетті ақпаратты тарататынын мәлім етті. Ол жерде интернет-алаяқтықты қалай жасайтыны, оған ұрынбаудың жолдары, сондай-ақ алаяқтықтан сақтандыратын іс-әрекеттер туралы толық ақпарат бар.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button