ӘлеуметЖаңалықтар

АБАЙЛАҢЫЗ: АУДИОЕСІРТКІ!

«Көзіңізді жұмып, жайбарақат күйде аудиожазбаны тыңдаңыз. Қалың тұманның арасына кіріп, рахат сезімді бастан кешіресіз. Тыныс алуыңыз баяу­лайды, басқа әлеммен байланыс орнайды». Он бес жастағы Алматтың осы жарнаманы оқығаннан кейін компьютер алдында өткізер уақыты мүлде көбейді. Енді ойын үшін емес,тек әлгі әуенді қайта-қайта есту үшін жеткіншек күн­ұзаққа мониторға телміреді. Құлаққапты киген күйі экран алдында тапжылмай, төрт-бес сағаттап отыруға бар.

index

Құмарлықтың құрбаны

Алматтың айтуынша, жазғы демалыс жаман өткен жоқ. Өйткені, ол өзіне жаңа ермек тауыпты.
– Ертелі-кеш компьютердің алдында отырамын. Бір күні ғаламторды ақтарып отырып, аудиоесірткінің жарнамасын көзім шалып қалды. Төрт-бес түрін тыңдап көрдім. Ішіндегі ұнағаны – «Морфин». Алғаш­қыда түсініксіз дыбыстардан сәл басым айналатын, кейін оған үйрендім. Тыңдап болған соң, біразға дейін көтеріңкі көңіл-күйде жүресің, – деп ағынан ақтарылды ол.
Жеткіншек әуелгіде тегін сайттардағы әуендерді тың­дапты, кейін аудиоесірткінің ақылы түріне көшкен. «Бағасы тым қымбат емес, бар болғаны
1 доллар көлемінде ғана. Ақ­шаны анамнан аламын. Музыка тыңдау үшін керек деймін. Ол үнемі беріп тұрады, еш қарсы емес» дейді.
Алматтың анасы, бұған қуанбаса, ренжімейтін көрінеді. Ұлы енді көп уақытын үйде өткізетін болды. Көше кезіп тентіремейді.
– Достарымның бәріне ұсын­ғанмын мұны. Кейбіреулері ұнатпады. Басымыз ауырды деп бір-екі тыңдаған соң қолдарын сілтеді. Ал Самат пен Ержан шынымен-ақ әдемі әсер алатынын айтады. Үшеуміз бір-біріміздегі айдозерлерді өзара
ауыстырып отырамыз. Ғалам­торда аудиоесірткінің жаңа түрлері шықса, бірден сатып аламыз, – дейді жеткіншек.

Айдозерлер айқасы

«Арзан, қауіпсіз және заңды!» Осындай ұранмен ғаламтор желісінде аудиоесірткілердің жарнамасы самсап тұр. Соңғы уақытта мұндай дыбыстық файл­дардың кеңінен таралуы интернет-бизнестің бір түріне айналды.
Аудиоесірткі деген не? Тере­ңінен танысып алу үшін ви­кипедияға үңілдік. «Психо­белсенді әрекет тудыратын дыбыстық файлдардың атауы» деп көрсетіліпті онда. Яғни, сіз әуенді естімесеңіз де, ол миға әсер ете алады. Бұл құбылыс 2006 жылдың ортасына қарай «I-Doser» бағдарламасымен бірге шыққан. «Кокаин», «Никотин», «Марихуана», «Экстази» секілді атауларымен көпшіліктің назарын бірден аударады. Аталған аудиодыбыстарды алғашында тек бір рет қана тыңдауға мүмкіндік беріледі. Құмарыңыз артып, «тәбетіңіз» тартып жатса, келесі доза үшін ақылы файлдарға жүгінесіз.
Айдозерлерді жасау кезінде екі түрлі ырғақтың әсері қол­данылады. Бұл процесті ғылыми тұрғыдан ең алғаш 1956 жылы ғалым Роберт Монро түсіндіріп берді. Тәжірибе үшін сол құ­лаққа 200 герцтық, оң құлаққа 209 герцтық дыбыс жіберсек, онда 9 герцтық дүрсіл мидың альфа-ритміне айналып, оны рахаттандырады екен. Осылайша түрлі-түрлі ырғақтарды қабат­тастырып, көтеріңкі көңіл-күйді «қолдан жасап алуға» болады.
Монроны жоғарыдағы жа­ңалығы үшін жазғыруға да болмас. Мәселе – мұны жұрттың қай мақсатта пайдаланғанында ғой. Жақсы таңдалған үйлесімді музыканың кез келген дерттен айықтыруға күші жетеді. Сондай-ақ, ол қауіпті психотропты қару да бола алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің дыбыспен өлтіретін қару ойлап тапқаны тарихтан белгілі. Сәл кейінірек мұндай қару Германияның концлагерлеріндегі тұтқындарға қолданылған. Тәжірибе барысында белгілі бір дыбыстық жиіліктер адамның үрейін ту­ғызып, жүрек соғысына едәуір зиян келтіретіні анықталыпты.

Он долларлық «бақыт»

«Сананы бомбалау» дейді мұны психологтар. Кәдімгі есірткінің дәмін татып, ден­сау­лық пен қалтаға қатар салмақ түсіргенше, аудионұсқасын тыңдап-ақ қанағаттанғысы келетіндер үшін таптырмайтын жол. Әрине, «аудиоләззаттың» құны да әжептәуір. Сапасына қарай әр мөлшері 1-10 дол­лар көлемінде. Үandex, Google секілді танымал іздеу сервистерінен аталған өнімдерге мыңдаған сілтемелер табылады. Демек, сұраныс жоғары деген сөз. Үandex маман­дарының айтуынша, бұған себеп – аудио­есірткі қызметін ұсынатын сайттардың күн сайын
көбейіп келе жатқандығы. Бас айналдыратын ләззатты уәде ететін спамерлер, әсіресе, әлеу­меттік желілерге ауыз салып, пайдаланушыларды торларына түсіруден танар емес. Желідегі «Жастардың қауіпсіздік қыз­меті» жобасының координаторы Леонид Армердің айтуынша, мұның бәрі алдын-ала ойластырылып, мұқият дайындалыпты. Өйткені, сайттардағы ақпаратты талдау барысында көбін ортақ контент байланыстыратыны, сондай-ақ бәрі де бір мезгілде құрылғаны белгілі болған.
Айтпақшы, сайттарға сенсек, «Алкоголь», «Бақыт», «Алғашқы махаббат», «Шың басында», «Ұйқыдағы періште», «Суицид», «Атом жарылысы» секілді атауы күмәнді аудио­файлдарды тыңдап, түрлі әсер­лерге бөленуге болады екен. Бәрі де mp3, wav немесе flv фор­-
матында жасалған. Тыңдап бол­ған соң, ойды тыныштандырып, сананы қайта қалыпқа кел­тіру үшін «Ресет» атты тағы бір өнім тыңдау ұсынылады. Бірақ жүйке жүйесі ауруларына шал­дыққандар, жасы кәмелетке тол­мағандар және жүкті әйелдер үшін бұларды тыңдауға тыйым салынған. Сайттар солай дейді.

Ләззат па, азап па?!

Бір сәттік «бақытты» бастан кешіп көрмекші болып, мен де ғаламторды ақтара кеттім. Аудиодопингтің алуан түрі бар екен. «Шексіздік», «Суицид», «Қараңғылық» дегендерден бас­тап, түрлі нұсқалары толып тұр. Солардың бірін жүктеп алдым. Анықтамасына көз жүгіртейік. «Өлшемі: 25,9 мегабайт. Уақыты: 25 минут. Бақыт гормоны үшін сіздің миыңыз 5HTP аминқышқылдарын бөледі. Бұл мөлшер өзіңізді бақытты сезінуіңізге көмектеседі. Өмір тамаша!» Тек құлаққаппен тыңдауға кеңес беріліпті, оны да орындадым. Бірақ «өмірдің тамаша екенін» барынша сезінуге тырысқаныммен, түк шықпады. Алғашқы минуттарда естілер-естілмес болып тұрған әлсіз әуен бара-бара ұлғайып, түсініксіз шуға ұласты. Шу қайтадан бәсеңдеп, бірқалыпты ырғаққа айналды. Тыц-тыц, тыц-тыц… Арада алты-жеті минут өткенде ақырындап бастың айналғанын сезе бастадым. Соңына дейін шыдауға дәтім бармады, құлақ­қапты жерге атып ұрдым. Жарнамада кепілдік берілген «керемет әсердің» бірі де жоқ. Есесіне екі сағатқа созылған бас ауруды тілеп алдым.
Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының психологы Жұл­дызай Әлиеваның айтуынша, кез келген бірқалыпты ырғақ адамды трансқа түсіреді. Мұның соңы ұйқышылдық, депрессия мен стреске апарады. «Әуеннің әсері адамның ерік-жігеріне тікелей байланысты. Адам санасына музыкамен манипуляция жасау – ықылым заманнан бері келе жатқан үрдіс. Әсіресе, шаманизм мәдениетінде осыған ұқсас түрлі ғұрыптар кең етек жайды. Асатаяқ пен дауылпаздың дыбыстары көпшілікті елітіп, бейсаналық күйге дейін апарды. Аудиоесірткінің алғашқы нұсқалары деп осыларды айтуға әбден болады екен. Тәуелділікке шалдығатындардың көбі – жас­тар. Олар иланғыш, еліктегіш келеді. Сондықтан ақпарат ағымындағы артық дүниелер оларға таңсық. Аудиоесірткі төңірегіндегі мәселені психиатр, терапевт, нарколог дәрігерлер қатар отырып шешуі тиіс» дейді маман.

P.S. Ерік-жігер дегеннен шығады. Оны тізгіндей алмаған әр жас қоғамның осындай қауіпті эпидемияларына тез ұрынғыш. Есесіне кейін бармақ тістейді. Осы мақала арқылы санасы ояу жасқа ой салғымыз келді. Таразылау өздеріңізде.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button