Басты ақпарат

Жанғара ДӘДЕБАЕВ, профессор, Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры: ИНСТИТУТТЫҢ БҮГІНГІ БАСТЫ МАҚСАТЫ – АБАЙ ІЛІМІНІҢ ТОЛЫҚ СИПАТЫН АШУ

Абайтану институтының жұмыс тәртібінде өзге ресми, бейресми ғылымизерттеу мекемелерінен ерекше дерлік айнымас ұстанымы бар ма? Бар бол­са, оны келешекте қалай дамытып, нендей жаңа бағытта өркендетпек ойыңыз бар?

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты 2009 жылы құрылды. Абайтану Мұхтар Әуезовтің ғылыми-зерттеу жұмыстары және ұстаздық қызмет саласындағы ізденістері нәтижесінде оқу пәні және ғылым саласы ретінде осы университет қабырғасында туып, қалыптасты. Уни­верситетте Абайтану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен универси­тет студенттеріне арналған «Aбайтану» пәнін оқыту ісі Әуезовтен кейінгі кезеңдерде де тоқтаған емес. Абай инсти­туты Абай шығармашылығын зерттеудегі Мұхтар Омарханұлынан бері біздің заманымызға дейін үзілмей келе жатқан бай дәстүрді жалғастыруда. Институттың өзгелерде жоқ, тек өзіне ғана тән ұстанымы деген­де, мына жайларға назар аударған дұрыс. Атап айтқанда, Абайдың шығармашылық мұрасы әдебиеттану, тіл білімі, философия, әлеуметтану, мәдениеттану, педагогика, психология сынды пәнаралық зерттеу талаптарына сай пай­ымдалуда. Екінші Абайдың шығармашылығында негізделген ойлар, пікірлер, тұжырымдар, қағидалар жүйесі Абайдың ілімі аясында қарастырылады. Сондай-ақ, Абай ілімінің түп тамыры, қалыптасу заңдылықтары ақынның мәдени-әлеуметтік ортасымен, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен байланыста анықталады. Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу ісіндегі Абай институтының өзгелерден бөлек іргелі ұстанымдары қатарында осылардың маңызы зор.

Осы аталған ұстанымдардың алдағы уақытта жалғасуы мен қалыптасуының, жаңа сапалық деңгейде дамуының өзара сабақтас бірнеше алғышарттары бар. Солардың екеуіне ғана тоқталайық. Біріншісі, Абай­тану ғылымының дамуына деген әлеуметтік сұраныс. Сонымен қатар, абайтану ғылымы саласында кәсіби құзіреттілігі жоғары деңгейде қалыптасқан зерттеуші ма­мандар даярлау. Бұларға қол жеткізу оңай емес. Абайта­ну саласында жинақталған білім мен біліктілікті, кәсіби құзіреттілікті толық игеріп, жаңа деңгейге көтерілуге біреудің қабілеті жетер-жет­пес, ал, енді біреудің дайындығы кемдеу соғуы мүмкін. Әйтсе де, алдағы күндерден, өсер өркеннен күтер үмітіміз үлкен. Абайдың ілімін тануда солардың айтары, солардың білері көп болғай.

Абайтану институ­тында осы уақытқа дейін Абай хақында, Абайдың шығармаларын талдау мен ақынның туындыларына қатысты айтулы ғалымдар мен жас ізденушілердің пікір, көзқарас түрінде жазылған еңбектеріне сараптама си­патына қарай жүргізілген бе? Ең алғашқысы қай уақытта, ал, ең соңғысы қашан зерделеніп, іріктелді?

– Институттың ғалым зерттеушілерінің Абай хақындағы, ақынның ту­ындыларына қатысты айтулы ғалымдар мен жас ізденушілердің еңбектерін сараптауы екі түрлі деңгейде жүргізіледі. Біріншісі – Абай шығармашылығы тура­лы арғы-бергі кезеңдерде жазылып, жарық көрген еңбектерді диахрониялық және синхрониялық тұрғыда сипаттау, талдау, бағалау. Сондай-ақ, Абайдың шығармашылығы туралы монографиялық зерттеулер­де көтерілген мәселелерге қатысты бүгінгі күнге дейін жинақталған ғылыми ойлар мен пікірлерді ғылымның жаңа жетістіктерінің талаптарына сәйкес сыншылдық таныммен саралау. Бірінші деңгейдегі жұмыстар абайтанудың жеке саласына айналған абайта­ну тарихы бойынша орын­далады. Екінші деңгейдегі жұмыстар абайтанудың теориялық мәселелері бойынша жүргізіледі. Же­келеген авторлардың оқшау айтылған ойлары мен пікірлеріне, субъективті неме­се методологиялық тұрғыда негізсіз тұжырымдардан тұратын еңбектеріне ар­найы сараптау жүргізуді институттың зерттеуші ғалымдары өз бойлары­на лайықты көрмейді. Олардың көпшілігі Абай шығармашылығы туралы өз зерттеулерінің негізінде теориялық жаңа тұжырымдар негіздеумен, жаңа, инновациялық білім өндірумен шұғылданады. Бұл бағыт институттың стратегиялық мақсаттарына сәйкес анықталған.

Абайтануда қазақшаорысша зерттеулерден бөлек, тағы қандай тілдерде жазылған дүниелер бар? Абайтанушылардың қарасы мен географиясы қандай?

– Абайтану ғылымы әрине, ең алдымен, өз еліміз бой­ынша және ТМД елдерінің аясында, сондай-ақ, әлемдік ауқым негізінде жүйеленеді. Туыстас тілдердің топтары­на қарай жүйелеудің де өз орны бар. Соған орай Абай мұрасын мәдениетаралық қатынас шегінде зерттеу­ге елеулі көңіл бөлінеді. Бұл саладағы зерттеулерде Абайдың шығармалары мен олардың өзге екі немесе үш тілдегі аудармалары өзара са­лыстырмалы, салғастырмалы түрде сарапталады. Ал олардың көпшілігі қазақ, орыс тілдерінде жазылады, жеке­леген мақалалар ағылшын тілінде дайындалады. Әлем халықтары тілдерінде жазылған еңбектер де аз емес. Олардың көпшілігі Абайдың туғанына белгілі бір атаулы жылдың толуына орайлас жазылған естелік, эссе, мақала немесе ақынның белгілі бір халықтың тіліне аудары­лып, жарық көрген кітабына жазылған алғысөз болып келеді. Бұл секілді еңбектердің де абайтану ғылымында ала­тын өз орны бар. Абайды өзге елдерде қабылдау, түсіну, тану ісінде олардың атқаратын қызметі үлкен. Оларды абай­танушылар қатарында шарт­ты түрде болса да атаудың артықшылығы жоқ. Ал кәсіби абайтанушы ғалымдар, зерттеушілер Абайдың өз От­анында, онда да бірен-саран.

Абай шығармашылығын білмейтін адам кемде-кем, ал, кәсіби абайтанушы даярлау оңай емес. Абайдың шығармалары туралы ой айту, пікір білдіру әркімнің-ақ қолынан келуі мүмкін. Бірақ, Абай шығармашылығын Абайдың ойының тереңіне бойлап талдау үшін кісі, алдымен, әдебиеттанудың асқан білгірі болуы шарт.Гуманитарлық ғылым саласындағы қағидалар қорын, ғылыми шығармашылықтың әдіснамасы мен теория­сын жете меңгеруі қажет. Содан кейін ғана Абайды тануға, түсінуге ден қоюы орынды болмақ. Сондықтан абайтанушылардың қарасының қаншалықты, жағырапиясының қандай екенін анықтау оңай емес. Соған қарамастан, Абай институ­тында абайтанушылардың энциклопедиясы жасалуда.

Кеңес кезінде коммунистік партия тарихы жоғары оқу орындарының барлығында дерлік жүретін. Бұл, әрине, жоғары білімді маман атына сай жанжақты, Абай айтпақшы, «толық адам» бо­лып шығуына бірденбір ықпалын тигізді. Ғылымипедагогикалық мамандар дайындаудан басқа, еліміздің техникажаратылыстану бағытындағы универси­теттерде абайтану жүргізу жайы ескерілді ме? Мысалы, 1990 жылдардың соңында Статистика агенттігі Абайдың қазақ даласындағы тұңғыш халық санағын жүргізуге атсалысқаны туралы деректі анықтап, тарихшылармен жұмысты қолға алған еді. Мәселен, Абайға қатысты осындай деректерді студент универ­ситет қабырғасынан біліп шықса, бәлкім, абайтанудың ауқымы кеңейіп, әрі жас ұрпақтың Абайды тану арқылы ұлттық идеяға беріктік қасиеті нығая түскен болар ма еді

– Институт алдындағы қазіргі шақтағы басты мақсат – Абайдың ілімінің толық сипатын ашу. Осы мақсаттан туатын міндеттерді орындау арқылы Сіз айтып отырған «толық адам», «ұлттық идеяға беріктік» секілді абзал қасиеттерді, жалпы айтқанда, Абай ілімінің ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарын толық тануға және өсер өркеннің игілігіне айналдыруға жақындай түсетін боламыз.

«Абайтану» пәні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде әуелден оқытылып келеді. Ал «Абайдың ілімі» атты инновациялық оқу пәні алдағы оқу жылынан бастап оқу үдерісіне енгізілетін бо­лады. Ал басқа университет­тер мен институттардың осы пәндерді өздерінің оқу жоспа­рына енгізуі жоғары мектеп өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Оған қол жеткізу оқу жоспар­ларын құрастырушылар мен бекітушілердің деңгейлеріне байланысты.

Ақпараттық техноло­гиядан нанотехнологияға бет алған заманда оқырман қауым кітап құшақтауды сиретті. Демек, Абайдың барша туындысынан бастап кез келген абайтанушының кез келген еңбегін кез келген оқушы, студент, ізденуші мен көпшілік оқырманның кез келген уақытта қандай болсын, компьютерлік бағдарлама жүзінде оның элек­тронды нұсқасына кедергісіз қол жеткізуіне мүмкіндік туғызылған ба?

– Иә. Абай институтының веб-сайтына Абайдың шығармалары (өлеңдері, по­эмалары, қара сөздері) қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жайғастырылған. Абайдың шығармашылығы тура­лы уақыт сынынан өткен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі еңбектер мен институт зерттеулерінің соны нәтижелерін де содан табуға болады.

Абайтану институтының жұмысын көбірек таныту мақсатында ақпараттық технология қызметінің мүмкіндігіне сай, зерттеулердің маңыздысы мен тұшымдыларын жекелеген мекемелерҚазАқпарат») тұтынып жүрген латын және араб қарпімен жариялау жайы қарастырылды ма?

– Институттың веб-сайтына қазақ тілінде жайғастырылған еңбектерді тиісті бағдарлама бойынша түгелдей араб және латын қарпіне ауыстырып оқуға мүмкіншілік жасау ісі қолға алынды. Ол көп уақытты та­лап етпейді. Мәселе жуық арада шешілуге тиіс.

Бүгінде түркі елдері ынтымақтастығын көксейтін ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы және осы ұйымдардың жұмысын үйлестіретін Түркі кеңесі түркілердің әлемдік өркениетке, ілімбілімге қосқан үлесін таныту жолында қыруар ісшара бастап кетті. Түркінің түпқазығы қазақ елі екенін алысжақын түгел мойындады. Ендеше, Абай институты Абайды қазақтың бас ақыны ғана емес, тәмам түркі түгел мақтан тұтарлық дәрежеге жеткізу тұрғысында нендей тірлікті қолға алмақ?

– Абайды тәмам түркі түгел мақтан тұтарлық дәрежеге жи­налыспен, насихатпен, конфе­ренциялармен, академиялар­мен, үйлестіру кеңестерімен жеткізуге талпынудың, бұл бағытта үлкен іс-шаралар өткізудің атқаратын игі әсері болады. Солай дегенмен мына жайдың басы ашық: Абайдың шығармашылық мұрасын біздің өзіміздің зерттеп-зерделеуіміз, тану­ымыз терең болуға тиісті. Абайдың жоғарыда айтылған ілімін жете танып, оның шын мәнінде қандай ілім екенін теориялық және методологиялық тұрғыда толық саралап, негіздей алсақ, Абайды тұтас түркі ғана емес, жер шарын мекендеген бүкіл халық қадір тұтатын болады. Абай институты осы жолды тура жол деп біледі.

Әңгімелескен, Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button