Абаттандыру ережелері жаңартылды
Кеше Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың қатысуымен өткен қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында бірқатар мәселе қаралды. Соның ішінде елорданың 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті нақтыланып, бас қаланы абаттандырудың жаңартылған ережелері бекітілді. Күн тәртібіне қойылған тағы бір мәселе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Тарлан» паралимпиадалық жаттығу орталығы мен мұз аренасының қызметін ұйымдастыруға қатысты болды.
Елорда бюджетіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасап, қандай жұмыстарға қосымша қаржы бөлінгенін жеткізді. Негізгі басымдық, әдеттегідей, әлеуметтік салаға берілген. Осы сессияның алдында қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында бюджет жан-жақты талқыланып, депутаттардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілгенін атап өту керек. Мәселен, қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Смайылов №41 орта мектепке қосымша ғимарат салуға және «Шарапат» әлеуметтік орталығына автокөлік сатып алуға қаржы бөлу мәселесін көтерген еді. Бұл ұсыныс қолдау тапты. Мәслихат депутаты Владислав Сергеев биыл «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз айдыны сарайы күрделі жөндеуден өткенін айта келе, балалар мен жасөспірімдердің жаттығуына, соның ішінде су добына қомақты қаржы бөлінгенін атап өтті.
Оның айтуынша, бірқатар спорт нысаны жеке компанияларға сенімді басқаруға берілген. Бірақ сол нысандар бюджет есебінен жөнделіп, балалардың онда спортпен айналысуына да бюджеттен қаржы бөлінеді. Владислав Сергеевтің пікірінше, бұл дұрыс емес, осы мәселені реттеу керек. Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бұл пікірмен келісіп, алда бұл мәселе бойынша жұмыс тобы құрылып, мәселені қарайтынын жеткізді. Ал қалалық мәслихат депутаты Талғат Ерғалиев орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасындағы қауіпсіздік мәселесін көтерді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Тарлан» паралимпиадалық жаттығу орталығы мен мұз аренасының қызметін ұйымдастыруға 2019 жылдан 2028 жылға дейінгі кезеңге мемлекеттік міндеттемелер бойынша қаржы бөлінген. Мұны баяндаған қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Исламбек Байманов бұл қаржының көлемін азайтуды сұрады.
– Мұның себебі 2020 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 30 маусымға дейінгі кезеңде амортизацияға қаржы дұрыс есептелмеген. Сонымен қатар 2023-2024 жылдарға арналған есептің нәтижесінде қаржы үнемделді, – деді Исламбек Байманов.
Биылғы 14 маусымда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығымен абаттандырудың жаңа редакциядағы үлгілік ережелері қабылданды. Осыған байланысты Астана қаласының аумағын абаттандыру ережелеріне өзгерістер енгізіліп, 13 тармақ қосылды. Мұны қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжабек Бейісов баяндады.
– Ереже жергілікті жағдайды және елорда ұйымдарының қалыптасқан жұмыс тәжірибесін ескере отырып әзірленді. Құжат инфрақұрылым нысандарын абаттандыру, санитарлық күтіп-ұстау саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қатынастарын реттейді және олардың жауапкершілігін белгілейді. Ереженің жаңа жобасында қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, коммуналдық және мүдделі ұйымдар көтерген ұсыныстар ескерілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің заңнамалық нормалары сақталып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлік алаңдарды мердігерлік ұйымдардың тазалауына қойылған талаптар егжей-тегжейлі сипатталған, – деді баяндамашы.
Оның айтуынша, құжатқа контейнерлік алаңды және қоқыс контейнерлерін күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық және экологиялық талаптарға қатысты нормалар енгізілді. Ғимараттардың барлық құрылымдық элементтерін, аумақтарды тазалау бойынша талаптар кеңейтілді. Қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын мүлік иелеріне қатысты су тасқынына қарсы күрес жұмыстарын уақытылы ұйымдастыруды ерекше бақылауға алуды ұсынды. Бұған қоса, профилактикалық бақылауды күшейту және абаттандыру ережелерінің тармақтарын сақтамау бөлігінде заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу, әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылды. Тұрғындар арасында экология, қатты тұрмыстық қалдықтарды дұрыс кәдеге жарату мәселелерінде сауаттылықты арттыру жұмыстарын жүргізу белгіленді. Елорда аумағында абаттандыру нысандарының ластануына жол бермеу, құрылыс алаңдарын бақылауды күшейту ұсынылды.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов елорданы абаттандыру ережелерінің жаңа жобасын дайындау барысында құжат мәслихат депутаттарының бірнеше талқылауынан өткенін жеткізді. Ережеге қатысты қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық мәслихат депутаттарының, мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерінің ұсыныстары ескерілді.
– Ережелер жобасына қауіпсіз, экологиялық қолайлы орта құру жөніндегі нормалар, соның ішінде бақша, саябақ жиһаздары, жабдықтар, шағын сәулет нормалары, субұрқақтар, басқа да көптеген мәселе енгізілді. Жаңа ережелер – күнделікті назар аударуды қажет ететін, өзекті мәселелерді реттейтін негізгі құжат. Абаттандырудың жоғарғы деңгейі елорда халқының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз, – деді Ерлан Каналимов.
Қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеевтің пікірінше, жауапты басқармалар абаттандырудың жаңа ережелерін қаладағы ПИК-тер мен МИБ-терге жеткізу керек.
– Құжат тұрғындарға жеткен соң, олардың ұсыныстары арқылы уақыт өте келе ережелерді жетілдіруге болады. Себебі өмір өз орнында тұрмайды. Тұрғындар абаттандыру және аулаларды жөндеу мәселелерін көп көтереді. Мұны кез келген мәслихат депутаты айтады. Соңғы екі жылда бұл жұмыстарға қаржы бөлуді қолдап келе жатырмыз. Биыл қала әкімі мен мәслихат төрағасының қолдауымен аулалардың тізімі жасалды. Сол арқылы қанша аула абаттандырылмағаны жөнінде ақпарат ала аламыз, – деді Владислав Сергеев.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ