Абаттандыру жұмысымен танысты

Кеше Астана қаласы мәслихатының депутаты Маулен Самамбетов Астанада қоғамдық көлік жүргізушілеріне арналған демалыс алаңдарын абаттандыру жұмыстарымен танысып, аялдамалар мен автобус парктерін аралады.
Аралау барысында Көлік және жол-көлік инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тұрсынғали Жәкенов елордада бұрын автобустар тоқтайтын соңғы аялдама болмағанын, олардың жол бойында тоқтап жүргенін атап өтті. Қазіргі таңда арнайы орындар бөлініп, автобустар сол жерде тұрақтайтынын жеткізді. Сонымен қатар, алдағы уақытта соңғы аялдамаларға арнайы экотуалеттер орнатылатынын айтып өтті.
Қазіргі таңда қала бойынша 5 соңғы аялдамада асфальттау жұмыстары аяқталып, алдағы екі ай ішінде жүргізушілердің жайлылығы үшін жылы дәретханалар орнатылмақ. Ал жыл соңына дейін тағы 10 аялдамада жылы павильондар мен биодәретханалар орнату жоспарлануда. Бұл нысандардың күтімімен №1 автобус паркі айналысады.
Шапағат ӘБДІР