Басты ақпаратРуханият

Әбіштанудың терең тағылымы

ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫН НЫҒАЙТТЫ

Алдымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әбіш Кекілбаев және Ұлы дала руханияты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. «Жастар» театрында «Абылай хан» халықтық қаһармандық дастаны желісімен сахналанған «Нартәуекел» спектаклі көрсетілді. Кеше, қайраткер қаламгердің дәл туған күнінде бас қаланың Есіл ауданында Әбіш Кекілбайұлы көшесінің ашылу салтанаты болды. Ұлттық пантеондағы бейітіне гүл шоқтары қойылып, рухына құран бағышталды, ас берілді. Қалың жұртшылық Бейбітшілік және келісім сарайында абыз тұлғаны еске алды.
Конференцияға «Әбіш ­Кекілбаев – мемлекет және қоғам қайраткері», «Әбіш Кекілбаевтың көркемдік-эстетикалық әлемі және қазіргі қазақ әдебие­ті», «Әбіш Кекілбаев және ұлттық дүниетаным», «Әбіш Кекілбаев және жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыптары өзек болды. Жиынға қатысқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев тұлғаның ел тәуелсіздігін орнықтырудағы еңбегін айрықша атап өтті.
– Ел Парламентінің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы болған Әбіш Кекілбайұлы Отанына қалтқысыз қызмет етудің өнегесін көрсетті. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Тұңғыш Президентіміз-­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің біріне айналған ол ұлттық идеологияның қалыптасуында өз қолтаңбасын қалдырды. Осылайша, халқына жасаған қызметі жоғары бағаланып, Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Кезінде Парламент Сенатында қызметтес болып, жақын сыйласқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш мерейтойының шымылдығын ашқан сөзінде сан қырлы суреткер туралы «Әбіштану дәуірі енді басталды» деген еді. Ал қаламгердің ойшылдығын арқау еткен Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» атты зерттеу кітабының алғысөзінде Президент «Әбіш Кекілбайұлы – халқымыздың рухани әлеуетін әлем алдында ұғындырып беретін алып тұлғаларымыздың бірі де бірегейі» деп айшықтап берді. Түптеп келгенде, Әбішті тану – оның терең ой-парасатына сүйсіндіретін, отансүйгіштік рухын түйсіндіретін ғибраты мол шара. Әбіштанудың терең тағылымы осында жатыр, – деді Мемлекеттік хатшы.«ҚАН МЕН ТЕРДІ» ТАЛДАҒАН СТУДЕНТ

Әбіш Кекілбайұлы студент күнінен әдеби сынға араласты. 1961 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінде университет ұстазы, аса көрнекті әдебиеттанушы ­Зейнолла Қабдолов басқарған әдеби бірлестік отырысында «Жұлдыз» журналында жарияланған «Қан мен тер» романының бірінші нұсқасы талқыланды. Баян­даманы жас Әбіш жасады.
Тұлға мерейтойына Алматыдан арнайы ат арытып жеткен аталған туынды авторы, әдебие­тіміздің көзі тірі абызы, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов сол кезді еске алды. Әбіш Кекілбайұлымен сонда танысқанын айта келе: «Баяндамашы студент екен. Қазір де көз алдымда. Қызыл шыт көйлектің жауырыны мен екі иығының түсі күн жеп, бояуы оңып, бозара бастапты. Бұйра шаш, үрпек бас, қолы сидиған қағылез, арық қара бала екен. «Қан мен тер» деді де, сәл тоқтап, қоңыр даусын көтеріп: «Бүкіл тірліктің салмағын арқалаған осы екі сөзбен аталғандықтан жазушы Нұрпейісов жаңа романының көтерген мәселесі де, көрсетпек болған дәуірі де ерекше елеулі шығар деп ойлап едім» деді Әбіш. Мына қол-аяғы шидиген үрпекбас баланың аузынан шыққан жаңағы бір ғана сөйлем шынымен мені қатты ойландырып тастады. Ертеңіне жаңағы баланың баяндамасын сұрап алдым. Аса зейін қойып, шұқшиып оқыдым. Мына бала ұстаздан дәріс алып жүрген шәкірттен гөрі қолына қалам ұстаған біз сияқтылардың өзіне дәріс беретін дәрежеге көтеріліп қалған әдебиет адамының ар жақ-бер жағында, қанша заманнан бері қордаланып жатқан ілім-білімді әбден игерген бе өзі?! Көрдің бе, қаршадай болып алып маған да өз биігінде тұрып алдымды орап, кеңес беруден тайсалатын түрі жоқ. Сол баяндаманы кейін қобырсып жатқан кабинетімдегі көп қағаздың арасынан іздеп таба алмадым» деді Ә.Нұрпейісов.Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай ­Жолдасбеков Әбіш Кекілбайұлын 1957 жылы «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетінің 35 жылдық мерейтойында алғаш көргенін, онда осы басылымның белсенді авторы болған оныншы сынып оқушысы, жасөспірім Әбіш төгіліп сөйлегенін айтып, студенттік жылдары екеуі жақын танысып, қаламгер дүниеден өткенше, 60 жылға жуық араларында қыл өтпейтін достық орнағанын жеткізді.
«Әбіш үлкен әдебиеттің есігін именбей ашып, оның төріне бірден шықты. Студент кезінде-ақ құлаш-құлаш мақалалар жазып, кенен ойларымен әдеби ортаның назарын өзіне аударды. «Қан мен тер» романы туралы талай мақалалар, кітаптар жазылды. Бірақ ешкім менің ойымша әлі студент Кекілбаевтан асырып айта алған жоқ. Әбіш Кекілбаев әдебиетке әуелі сыншы, ақын ретінде келіп, прозаға сосын көшті. Әлемдік әдебиетте өзінің жолын салып, шым-шытырық тарих болмысын, абыз даланың ұлылығын барынша кең, айқын, нанымды суреттеп, әдебиеттің мерейін асырған қаламгерге айналды. Мен оны өз басым қазақ жазушыларының ішінде тек қана кемеңгер Мұхтар Әуезовке ғана ұқсата аламын» деген М.Жолдасбеков қаламгер шығармаларының ерекшеліктеріне тоқталды.
Конференция барысында Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» кітабы, «Әбіш әлемі» жобасы негізінде жарық көрген «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясының бірінші томы таныстырылды. Жазушы шығармаларын БҰҰ тілдеріне аударып, кеңінен насихаттау үшін Ұлттық аударма бюросына ұсыныс жасау, ­Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Әбіш Кекілбайұлы дәрісханасын» тың материалдармен толықтырып, қайта жабдықтау және Ә.Кекілбайұлының қайраткерлігіне байланысты құжаттарды көптомдық жинақ етіп даярлау жөнінде қарар қабылданды.

КЕКІЛБАЙҰЛЫ КӨШЕСІ

Әбіш Кекілбайұлы көшесінің ашылуында алғашқы сөзді Мемлекеттік хатшы Қырымбек ­Көшербаев алып, бұл қала үшін ғана емес, ел үшін аса маңызды оқиға екенін айтты.
«Бұл қуанышты сәт деп ойлаймын. Өйткені Тұңғыш Президентіміз-Елбасының ұсынысымен Евразияның төрінде, Сарыарқаның төсінде керемет жаңа астанымызды салдық. Елбасының ұсынысына өзінің тілегін қосып, шын жүрегімен ниетін білдіріп, қолдау көрсеткен Әбіш ағаның атындағы көшенің ашылу сәтінде тұрмыз. Осы көшенің бойымен олай-былай өткен өскелең ұрпақ Әбіш Кекілбаевтың кім екенін, Нұр-Сұлтан қаласының не үшін салынғанын ескеріп, тәуелсіздігімізді баянды етуге өздерінің үлесін қосса екен деймін» деді Мемлекеттік хатшы.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов осынау тарихи оқиғаға куә болған барша жанды құттықтады.
– Бұл – шын мәнінде тарихи оқиға. Елбасының қасында жылдар бойы серік болып жүріп, Қазақ елін мәңгілік елге айналдыру жолында үлкен еңбек сіңірген Әбіш ағамыздың атына көше беру оқиғасы мәңгі есімізде қалары сөзсіз. Баршаңызға осы сәт құтты болсын! Бұл – мемлекетіміздің мәдениет қайраткерлеріне, біздің жазушыларға, Қазақ елінің бірлігін, ынтымағын көтеріп жүрген азаматтарға үлкен құрмет! Клара апамызға Алла тағала күш-қуат, денсаулық берсін! Әбіш ағаның ұрпағы жасай берсін! Бәріңізге береке-бірлік тілейміз! Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!, – деді А.Көлгінов.
Академик Кенжеғали ­Сағадиев пен Парламент Мәжілісінің ­депутаты Қуаныш Сұлтанов Әбіш Кекілбайұлының ұлттық әдебиетке, мемлекетіміздің қалыптасып, гүлденуіне қосқан үлкен үлесін атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button