Таным

Абылай хан туралы ақиқат бұрмаланбауға тиіс

Астана төріндегі «Назарбаев орталығында» «Абылай хан және қазақ мемлекеттілігінің стратегиялық мүдделері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Астана қаласы әкімдігінің қол­дауы­­­мен өткен конференцияны Мем­­ле­­кет­ тарихы институтының дирек­торы, тарих ғылымдарының док­то­ры, про­фес­сор Бүркітбай Аяған ашты. Ол көпшілікке Абы­лай­­ хан­ ту­ра­­лы тың пікірлері мен ұсы­­ныс­­та­­рын әзірлей кел­ген­ ға­лым­дар­ды ­таныс­тыр­ды. Конференцияның негізгі мақсаты – Абылай ханның саяси қайрат­кер­лігін, тұлғалық бол­мы­сын дәріптеп, қазақ тари­хын­да­ғы рөлін зерделеу екен. Кон­фе­рен­ция­ға қаты­су­шы­лар­ды Абылайдай ұлы ханның 300 жылдық мерейтойымен құттықтаған Астана қалалық мәс­ли­ха­тының хатшысы Сансызбай­ Есілов ұлт тұлғасының бітім-бол­мы­сын, тарихи орнын зерттеу – жас­тар­дың бойына өршілдік пен батыл­дық­ты, туған еліне деген сүй­іс­­пен­ші­лік­ті сіңіру­ге септігін тигі­зе­ті­нін атап өтті.

Ал Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев өз сөзінде батырлық пен күрес­­кер­­лік туралы ой төгіп, елі мен жерін қас дұшпаннан қорғаған Абылай ханның ерлігі мен жорық жол­да­ры, азаттыққа ұмтылған асқақ арманы өскелең ұрпаққа өнеге екен­ді­гін жеткізді.

Бүгінгі таңда Абылайдың туған жылынан бастап, өмірі мен жүріп өткен жолдары төңірегінде даулы пікірлер көп екені белгілі. Осыған бай­­ла­­нысты ғалым-зерттеушілер тари­хи шындықты зерделеудегі із­деніс­те­рін ортаға салып, нақты дәлел­­­де­рін алға тартты.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыржан Әбуов Абылай хан төңірегінде талас болып жүрген мәселелерге кеңінен тоқталды.

«Кейбіреулер Абылай ханды тек­­ ор­та жүздің ханы болған деп санай­ды. Іс жүзінде бұл Ресейдің ұлт күрескерін қаралағысы келген жымыс­қы ниетінен туындаған жаң­сақ пікір болатын. Кеңес өкіметі кезінде Абылайды Ресейге бодан болған, ел арасына іріткі салған аран­­да­­ту­­шы адам ретінде көрсеткісі кел­­ген.­ Сон­дық­тан Абылайдың шынайы бей­несін жасырып, оны тек орта жүз ханы ретінде бекіткен. Шын мәнінде ол – үш жүздің билеу­ші­сі болды», – деді ол.

Абылай ханның туған жылы мен­ қай­тыс бол­ған жылы да даулы мәсе­­­ле­ге ар­қау болып отырғанын сөз еткен Қадыржан Қабиденұлы белгілі ғалым-зерттеушілер Шоқан Уәли­ха­нов, Алексей Левшиндердің еңбек­­­те­рін­де, басқа да көптеген тарихи құжаттарда Абылай ханның туған жылы – 1711, қайтыс болған жылы 1781 деп жазылғанын, тарих­шы­-ғалымдардың бәрін осы екі санға тоқталуға шақырды.

Абылайдың ұлылығы – қазақ хал­­қы­­ның басын қосып, үш жүзден мем­лекет жасауында деді ғалым. Кейінгі жастар ұлы хан тұлғасына қарап ой түзеп, патриоттық сезімін қалып­­тас­­тыру қажет. Ол үшін көр­нек­ті тұл­ға­ны ұлықтайтын шара­лар­ға бас­ты көңіл бөлінгені ләзім. Мәсе­лен, мемлекет Абылай хан орде­нін шыға­ру­ды қолға алғаны жөн.­ Ел­ор­­да­да Абылай ханға ар­нал­ған­ еңселі ескерткіш бой­ көтеруі тиіс. «Бурабайдағы Абылай хан ала­ңын­да қазақтың дара қол­бас­шы­­сы­­ның ерек тұлғасын айшықтап тұра­тын панорама жасалса деймін. Бұл­ да­ бір ұлылыққа жасалған құр­мет болар еді. Тарихымызды баға­лап, бары­­мыз­ды бағалағанда ғана бағымыз жанып, жоғымыз түген­де­ле­ді», – дейді профессор.

Бұдан кейін сөз кезегін Парла­мент­ Мә­жі­лі­сінің депутаты, ғалым-профес­сор­ Камал Бұрханов алды. Ол қиын-қыстау кезеңдерде халық­қа­ жол көр­се­тіп, жарқын келешекке жетелеген тұлғалар туралы әңгіме өрбітті.

– Қаймана қазақтың басынан не­бір­ ау­ма­лы-төкпелі замандар өт­кен. Бі­рақ ел қиыншылыққа тап­ болып, қайда барарын білмей дағ­дар­ған сәтте олар­дың алдарынан жарқ етіп, қол бастайтын, халыққа бағыт-бағдар сілтейтін дара тұлға шығатынына тарихымыз куә. Мысалы, түркі халқы ыдырап, олар­дың алдына ел боламыз ба, жоқ па деген күрделі сұрақ көлденең тұрған сәтте Күлтегін батыр шықты. Ол халықтың еңсесін көтеріп, ел қылды, түркі жұртының басын біріктірді, – деді Камал Низамұлы.
Ал XVІІІ ғасырдың бірінші жартысы – қазақ халқы үшін ең ауыр кезеңдер болғаны тарихтан мәлім. Халқымыз қанды қырғынды да, ала­пат­ ашаршылықты да көрді. Талай ащы зар мен тауқыметті тартты. «Бас­-басына би болып», тоз-тозы шық­қан қазақ халқы Абылайдай ұлы тұл­ға­сы­ның арқасында қайта түледі. Бастары қосылып, іргесі берік елге айналды.

Мызғымастай көрінген қызыл империя ыдырағаннан кейін қазақ халқы тағы да қиыншылыққа тап болды. «Осы кезде елді күрделі кезең­дер­ден алып шығып, ата-бабадан­ арман болған тәуелсіздік туын жел­бі­рет­кен Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев болды. Міне, осындай ұлы­ тұл­ға­лары бар қазақ халқының келе­шегі әрқашан жарқын», – деп түйін­деді сөзін Камал Бұрханов.

Осыдан екі жылдай бұрын «Абы­лай­дың ақ үйі» атты кітап оқырман қауымға жол тартқан болатын. Осы еңбектің авторы, белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің тіл­­ші­сі Жақ­сы­бай Самрат та ой-пікі­­рін­ ор­таға салды. Оның айтуынша, 1733 жылы қазақ пен ойрат соғысында Әбіл­ман­сұр есімімен тарих сахна­сы­на шыққан Абылай ханның қазақ елінің тұтастығын сақтап қалудағы еңбегі орасан. Абылайға дейін қазақ жері тартылған тулақтай бо­лып,­ әркім­нің­ шап­қын­шылығына ұшы­рап, тақымында кетіп жүрсе, ол тұлпар мініп, ту ұстағаннан кейін бірлігі нығайып, іргелі елге айналған.

Қазіргі Петропавл шаһарының пайда болып, өсіп-өркендеуіне Абы­лай­ ханның тікелей ықпалы болғанын дәйектермен келтірген журналист осы қаланы «Абылай хан» деп атау­ды­ ұсынды. «Оған бар­лық­ не­гіз­дер бар.­ Кезінде «Әулие Петр» қорғаны түбінен Петро­павл қаласын салдырып, сауда орындарын ашқызған Абылай ханға осы жерден 1765 жылы патшалық ағаш үй де салып берген. Оның болғаны түрлі құжаттармен дәлелденіп, 2009 жылы қайтадан қалпына келтірілді. Қазір қаладағы ең көрнекті де тарихи орын осы – «Абылайдың ақ үйі» болып отыр», – дейді қаламгер.

Алқалы жиынның соңында қаты­су­шылар конференцияның қарарын қабылдады. Онда алдағы уақытта атқа­ры­латын шаруалар легі тізіліп, ұсы­ныс­тар енгізілді. Атап айтқанда, Абылай ханның 300 жылдығы Көкшетау өңірінде ірі шара ретінде, ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуге тиіс. Астана­ қаласында көрнекті тұлғаның ескерткішін орнату керек және оның өмірі мен тарихи болмысын зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми орталық ашылуға тиіс. Абылай хан және басқа да ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлт қайраткерлері туралы шет мемлекеттердің мұрағаттарынан тарихи дерек көздерін жинақтауға ғалымдардың іс-сапарын ұйым­дас­ты­ру қажет. Сондай-ақ, ғалымдар жоғары оқу орындарының бағ­дар­ла­ма­сына «Абылайтану» курстарын енгізіп, жыл сайын Абылай оқулары ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс деген ұсынысын білдіріп отыр.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button